Белградтағы әлем чемпионатының аса жеңіл салмағында ел намысын қорғап жатқан Теміртас Жүсіпов отандастарымыз арасында бірінші болып құрлық біріншілігінің ширек финалына жолдама алды. Сондай-ақ Теміртас біріншілікке қатысып жатқан чемпионаттағы ең жасы үлкен боксшылардың бірі саналады. 48 кг-да Қазақстанның бес дүркін чемпионы, 2013 жылғы Азия чемпионы, жуырда ғана Ресейде өткен әскерилер арасындағы жаһандық доданың жеңімпазы Жүсіпов Сербия шаршы алаңындағы бірінші кездесуін жарыс қожайыны, 19 жастағы Омер Аметовичпен өткізді. Өзінен 14 жас кіші боксшымен жұдырықтасқан Теміртас 4:1 есебімен еш қиындықсыз келесі кезеңге өтті.
Отандасымыз жартылай финалға шығу үшін Өзбекстанның үкілі үміті – Нодиржон Мирзахмедовпен қолғап түйістіреді. Бұл – осы чемпионаттағы қазақ-өзбек текетіресінің төртіншісі (Сәкен Бибосынов – Хасанбой Дусматов; Асланбек Шымбергенов – Шахрам Гиясов; Айбек Оралбай – Мадияр Саидрахимов) болмақ. Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы өзбек Мирзахмедов пен Теміртас Жүсіпов соңғы рет осы жылдың сәуір айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Губернатор кубогының финалында кездесіп, бәсеке Нодиржонның жеңісімен аяқталған болатын. Міне, араға санаулы айлар салып екі боксшының жолы әлем чемпионатының ширек финалында қайта түйісті. Сондай-ақ бұл – Теміртас үшін есе қайтаратын тамаша мүмкіндік. Екі боксшы арасындағы кездесу 2 қарашаға жоспарланған.
Сондай-ақ чемпионаттағы алғашқы жекпе-жектерін өткізген Сабырхан Махмұд (54 кг), Саматәлі Төлтаев (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) да біріншілікті сәтті бастады. Былтыр 52 кг салмақта ел чемпионы атанған Сабырхан әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін оңтүстіккореялық Ким Ин Гюмен өткізіп, 5:0 есебімен басым түсті.
Ал ағайынды Төлтаевтардың үлкені Саматәлі (60 кг) тайландтық Хунатип Пидунчті 3:2 есебімен тізе бүктірсе, Санатәлі (63,5 кг) молдовалық Василий Чеботарьды 5:0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар ағайынды Оралбайлар да алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. 92 кг-да өнер көрсететін Айбек поляк боксшысы Матеуш Березницкийден 4:1 есебімен басым түссе, Нұрбек бразилиялық Исаяса Фильоны еліне қайтарды. Қорытынды есеп – 5:0.
Әлем біріншілігіндегі екінші жекпе-жегін өткізген Асланбек Шымбергенов (71 кг) Рио Олимпиадасының финалисі өзбекстандық Шахрам Гиясовты айқын басымдықпен жеңіп (5:0!), турнирдің келесі айналымына жолдама алды. 75 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жатқан Нұрқанат Райыс та өз мықтылығын дәлелдеуде. 21 жастағы отандасымыз екінші айналымда молдовалық Влад Гаврилюкпен кездесіп, төрешілердің шешімі бойынша 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Ұлттық құрама капитаны, екі әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (67 кг) жанкүйерлерге «Машина» лақап атымен танымал Венесуэла өкілі Кристиан Паласионы жарыс жолынан ығыстырды. Ал 57 кг-да жұдырықтасатын Серік Теміржанов жуырда ғана Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған жапониялық Рейто Цуцумиден басым түсті. Бұл жекпе-жекте Цуцуми жерлесімізге еш қарсылық көрсете алмады. Қайта Теміржан жапониялық боксшыға шағын шеберлік сабағын өткізді десе де болады.
Өкінішке қарай, әлем чемпионатының кезекті жарыс күнінде екінші боксшымыз біріншіліктен шығып қалды. Екі әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың ізбасары саналған аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай алғашқы жекпе-жегінде испаниялық Аюба Гадфы Дрисстің осал тұсын таба алмады. Жерлесіміз төрешілердің аралас шешімі бойынша қарсыласынан жеңіліп қалды. Осылайша, чемпионаттың алғашқы аптасында екі боксшымыз әлем чемпионатын ерте аяқтады.
Дегенмен жексенбі күнгі жағдай бойынша Қазақстан құрамасының 11 боксшысы жарыс жолын жалғастыруда. Бұл – әзірше, чемпионаттағы ең үздік нәтиже.