Осылайша, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне 18 рет қатысып, рекорд орнатқан «Қайрат» биыл да аталған турнирдің негізгі кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Топтық турнирдің бірінші ойынында Чехияның «Пльзень» ұжымымен 3:3 есебімен тең ойнаған «Қайрат» екінші турда Ресейдің «Тюмень» клубымен шеберлік байқасты. Кездесуде 1:3 есебімен жеңіліп жатқан жерлестеріміз матчтың соңғы минуттарында таразы басын теңестіріп, жеңілістен аман қалды. Сөйтіп алматылық клуб екінші кездесуінде де 3:3 нәтижесімен тең түсті. «Тюменьмен» өткен ойында Кака шәкірттерінен Дәурен Тұрсағұлов, Эдсон мен Витао мергендігімен көзге түскенін айта кетейік.
Ал соңғы шешуші кездесуде «Қайрат» Италияның «Пезаро» командасымен кездесті. Ойынның есебін кездесудің 7-минутында Италия клубының өкілі Фелипе Тонидандел ашты. Арада 10-минут өткенде Дәурен Тұрсағұлов бір голмен жауап қайырса, 27-минутта екінші мәрте қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. Ал 34-минутта италиялық клубтан Адольфо Салас мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Бірақ италиялық жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Көп уақыт өтпей «Қайрат» ойыншысы Диего Фаверо қайтадан командасын алға шығарды. Матч аяқталғанша таблодағы осы есеп сақталып, «Қайрат» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алматылық ұжым алдыңғы екі ойында екі ұпай иеленгеніне қарамастан, соңғы матчтағы жеңісінің арқасында өз тобында бірінші орын алды. Екінші және үшінші орындарға жайғасқан «Пльзень» (Чехия) және «Тюмень» (Ресей) клубтары да жарыстың келесі сатысына шықты.
Ал екінші топта сынға түскен қазақстандық «Атырау» клубы үш ойынның үшеуінде де жеңіліп, Чемпиондар лигасының Элиталы кезеңіне шыға алмады. Бірінші ойында Словенияның «Добовецінен» 1:2 есебімен жеңілген жерлестеріміз кейінгі екі матчта ірі есеппен ұтылды. Екінші турда аталған турнирдің қазіргі чемпионы – Португалияның «Спортинг» клубына 1:8 есебімен жол берсе, соңғы турда Францияның «Аньер Вильнев 92» командасынан 0:6 есебімен ұтылды.
Айта кетейік, Элиталы кезеңнің жеребе тарту рәсімі
3 қарашада өтеді.