Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы көпшілікке, соның ішінде, білім мен ғылым салаларының өкілдеріне де өзгеше жігер бергенін айтуымыз керек.
Ұсынылып отырған мақалада Елбасының ғылым мен білім салалары бойынша міндеттеген жұмыстарды жүзеге асыруда атқарылар мәселелерге, нақтылай айтсақ, білім мен ғылымды өндіріспен үйлестіру, университеттік ғылымды одан әрі дамыту мен жоғары оқу орындарына дербестік беру бағытына тоқталуды жөн көрдік.
Мемлекет басшысы Жолдауының ең маңыздылығы, бұл стратегиялық құжатта егемен еліміздің болашақ бағыт-бағдары айқындалуымен қатар, 2050 жылға дейінгі даму жоспары мен оны жүзеге асыру барысы белгіленді. Ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізуді басты мақсаттардың бірі ретінде көрсетуі – отандық оқымыстыларға зор жауапкершілік жүктелгенін аңғартса керек. Жаңа инновациялық ізденістерге бару, әлемдік озық технологияларды экономиканы дамытуда ұтымды пайдалану керектігі қадап айтылды.
Президенттің ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайтындығы туралы қағидасының «Қазақстан- 2050» Стратегиясында да өзекті мәселе болып айқындалуы дамыған 30 елдің қатарына ену тек ғылымға негізделуі керектігін тағы да дәлелдеп отыр. Иә, шынында да, бүгінгі таңда білім мен ғылым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ, инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айналғанын байқау қиын емес.
Отандық оқымыстылар Елбасының елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқан ғалымдардың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін оң шешуді үнемі жіті қадағалап отыратынын ерекше құрметтейді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленіп, қолданысқа енген «Ғылым туралы» Заңның нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарымен қатар, ғалымдар жеке тұлға ретінде ғылыми жобаларға қатысу құқығына ие болды. Ғылыми еңбектерді сарапқа салып, еліміздің дамуына аса қажет жобаларды таңдау құқығы да елімізге белгілі, көрнекті ғалымдардан құрылған Ұлттық ғылыми кеңесте шешілуі де Елбасының «Ғалымдардың еңбегіне шенеуніктер араласпай, ғалымдардың өздері бағалайтын болсын» деген тапсырмасы іске асып жатқанын көрсетсе керек.
Биылғы Жолдаудың өн бойынан шикізат шығарушы болып қала бермей, өндірістер ашып, өз өнімдерімізді тұтынбай толыққанды бәсекеге қабілетті ел бола алмайтындығымызды толық аңғарамыз. Сондықтан, индустриялық-инновациялық мемлекетке айналу үшін әрқайсымыз аянбай еңбек еткенде ғана қол жеткізетіндігімізді ұмытпағанымыз абзал.
Иә, шынында да, еліміздің экономикасының дамуына қомақты үлес қосып, жоғары білімді мамандар даярлайтын университеттердің рөлі ерекше екенін айтқым келеді. Бұл салада да Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауда мықтап қолға алатын мәселелер қатарына, біріншіден, елдің индустриялық-инновациялық дамуына нақты пайдасы бар білікті мамандар дайындауды, екіншіден, әлемдік білім кеңістігіне еркін ену үшін білім мен ғылымды интеграциялау мен оларды өндіріспен үйлестіру тетігін табуды жатқызар едім. Ол үшін қазақстандық жетекші оқу орындарының жанынан ғылыми-зерттеу институттарын ашу керек. Бұл – әлемдік үрдісте әбден қалыптасқан жағдай. Тек бізде бүгінге дейін университеттердің негізгі міндеті ретінде сапалы білім беру бірінші орында болып келеді. Ұлттық университеттердің жанынан жаңа тұрпаттағы әлемдік деңгейдегі алпауыт білім ордаларымен теңесе алатын ғылыми-зерттеу институттарын ашу бүгінгі күннің талабы десек, артық болмайды. Оған бөлінетін қаражат та қарастырылатынын Жолдаудан оқып білдік. Енді еліміздің ғылыми әлеуетін жеткілікті түрде пайдалану міндеті тұр.
Еліміздің Президенті: «XXI ғасыр білім мен ғылым ғасыры болады», деп текке айтпаса керек. Елбасымыз қазақстандық білім мен ғылым жастардың қолында екендігін және интеллектуалды ұлтты қалыптастыру туралы үнемі айтып келеді. Жолдауда көрсетілген ғылымға негізделген экономика құру үшін жастарды ғылымға тартуды мықтап қолға алу керек деп санаймыз.
Рас, соңғы кезде ғылымға келетін жастардың саны әлдеқайда азайып қалғаны ащы шындық. Осыдан келіп ғылымдағы ұрпақ жалғастығы да жарасымын таппай тұрғаны жаныңды ауыртады. Енді қандай істі қолға алу керек дегенге келетін болсақ, жастарды ғылымға көптеп тарту үшін ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру жолында көп шаралар атқарылуы тиіс. Азын-аулақ жалақымен ғылымды жарылқап тастайтындар көп бола қоймас. Үйсіз-күйсіз жүрген жастардың ойы ғылымды дамытудан гөрі, бала-шағасының жағдайын күйттеуге көбірек ауары сөзсіз. Егер Елбасымыз атап көрсеткендей, ғылым мен білім жастардың қолында дейтін болсақ, бүгіннен бастап ғылыммен айналысатын жастардың әлеуметтік және материалдық жағдайын көтеру мақсатында Үкіметтің де нақты шешімдер қабылдағаны жөн болар еді.
Жолдауда еліміздегі жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру міндеті де осы мақсаттардан туындап отырғанын аңғару қиын емес.
Жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті арттыру үшін автономия беру – оларды қаржыландыру мәселесін шешумен тікелей байланысты. Дербестік алу арқылы университеттер инвестиция тартуға, сұранысқа зәру мамандар даярлау мүмкіндігіне ие болады. Әлемдік тәжірибеде бұл қалыптасқан жағдай қатарына жатады. Атақты компаниялар, ірі кәсіпорындар керек мамандарды университеттердің арнайы бағдарламалары негізінде, мақсатты түрде дайындауға араласады. Оқып жатқан студенттерді төменгі курстан бастап, өндіріс орындарында машықтанудан өтуіне мүмкіндік жасап, яғни теориялық білімді практикамен ұштастыруға жағдай жасалады. Университет бітірушілерінен дипломнан бөлек тәуелсіз біліктілік комиссиясы емтихан алып, кәсіпке жарамдылығы туралы шешім қабылдайды. Комиссия құрамына өндіріс орнының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен жұмыс берушілер қауымдастығы өкілдері, сондай-ақ, университет тарапынан да мамандар тартылады. Яғни, жұмыс берушінің тапсырысымен университет арнайы бағдарламамен маман даярлап беруге міндеттеледі. Тиісінше, университеттің стратегиялық дамуына кәсіпорындар тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Ол материалдық-техникалық базаны жетілдіруге мақсатты түрде жұмсалады.
Міне, Елбасының университеттерге академиялық дербестік беру керек дегені осы бағытқа арналса, ал басқарушылық дербестік корпоративтік басқаруды енгізуді міндеттейді. Бұл бағыт жоғары оқу орындарының қамқоршылар кеңесі арқылы жүзеге асатын болады. Аталған кеңес құрамын бизнес өкілдері, жұмыс берушілер қауымдастығы, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар, жергілікті атқару билік өкілдері мен университет профессор-оқытушылар құрамынан сайланған мандат иелері қалыптастыратын болады. Кеңес мүшелерінің құзыретіне университеттің стратегиялық даму жоспарын бекіту, бюджет қалыптастыру, ректорлардың атқарып отырған лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтау құқы сияқты функциялар беріледі. Әрине, бұл ашықтықты, өзін өзі басқару тетіктерін, сайып келгенде, университеттер арасындағы бәсекелестікті орнату және сол арқылы білім беру мен білім бағдарламаларының сапасын арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік тудырады.
Жолдауда атап көрсетілген, ғылымға негізделген экономика құруға және еліміздің ғылымы мен білімін өндіріспен үйлестіруге қол жеткізу үшін отандық оқымыстылар аянбай еңбек ете беретіні күмән тудырмайды.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Қазақстан Ұлттық
жаратылыстану ғылымдары академиясының
вице-президенті, ҰҒА корреспондент-мүшесі.