Қазақстан • 01 Қараша, 2021

«Тұрғысын-1» СЭС энергия тапшылығын азайтады

940 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы болуы мүмкін. Бұған қоса Мемлекет басшысы 2060 жылға қарай көміртегінен арылу керектігін міндеттеп отыр. Бұл ретте атқарылып жатқан ілкімді істер де жоқ емес. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы «Тұрғысын» секілді шағын су электр стансалары көбейіп келеді, деп жазады Egemen.kz.

«Тұрғысын-1» СЭС энергия тапшылығын азайтады

Алтай ауданындағы «Тұрғысын» су электр стансасының құрылысы 2016 жылы басталып, 2021 жылдың 2 шілдесінде пайдалануға берілді. Оның құрылысымен Қытай Халықаралық Су шаруашылығы және энергетика Корпорациясы айналысқан. Стансаның қуаты – 24,9 МВт. Мұнда үш агрегат салынған. Біріншісінің қуаты – 1,9 МВт, қалған екі агрегат 11,5 МВт қуатқа ие. Әзірге кіші агрегат қана жұмыс істеп тұр. Қалғаны су қоры молайған кезде іске қосылады. Биіктігі 30 метрге жуық бөгеттің аумағына 8 млн текше метр су сыяды. Стансаның салынуына «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қолдау білдірген. Автоматты стансада он бес маман тұрақты қызмет етіп келеді. 

з

Аталған СЭС мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 50 МВт-тан астам энергия тапшылығы бар. Біз сөз етіп отырған су электр стансасы сол тапшылықтың тең жартысын жою мақсатында жұмыс істейді. Қолданысқа берілгеніне төрт ай болған станса 6 миллионға жуық киловатт сағат энергия өндірген. 

«Біз өндірген энергияны келісім шарт негізінде электр желілерін басқару жөніндегі Kazakhstan Electricity Grid Operating Company акционерлік қоғамы аясында құрылған «Есеп айырысу қаржы орталығы» (РФЦ) сатып алады. Өңірдегі электр энергиясының негізгі тұтынушыларына жергілікті халық, бюджеттік және квазимемлекеттік секторлар жатады. Қосымша құн салығын есептемегенде тариф бағасы 1 кВт сағат үшін 16,71 теңге. Келешекте Тұрғысын өзенінің жоғарғы және төмен арнасында тағы 2 станса салынады. Біреуі – 43,8 МВт, екіншісі – 90-120 МВт қуатқа ие болады», дейді «Тұрғысын-1» ЖШС директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Нұрбол Көпбаев. 

Елбасы – ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында «Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу үлесін қойдық» деп еді. Жоғарыда аталған жобалар межелі 30%-ға жету жолындағы қадамдардың бірі десек те болады. 

«СЭС-тің экологиялық мәселелерді шешудегі рөлі зор. Мысалы,  «Тұрғысын-1» стансасы көмірқышқыл газының бөліну көлемін жылына 680 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Біздің жұмыс мезгілге байланысты жүреді. Бірақ қыс кезінде де тоқтамай жұмыс істей береміз», дейді станса директоры Қалаубек Баймұханбетов.   

ъх

Жобаға 13,39 млрд теңге жұмсалған.  Бұл ретте үлкен қолдау білдірген – Қазақстанның Даму банкі. Даму банкі мен еншілес ұйымдары жалпы сомасы 9,6 млрд теңге қаржыны келесідей әдіспен ұсынған: аталмыш банк 12 жылдық мерзімге 7%-пен қарыз түрінде 5 млрд теңге берген. ҚДБ-ға еншілес ұйым – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жабдықтарды сатып алуға лизинг түрінде 3,6 млрд теңге бөлді. Сондай-ақ «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ басқаратын ҚДБ-ға еншілес құрылым қарыз түрінде 1 млрд теңге берген. Бұдан бөлек 3,8 млрд теңге көлеміндегі қаражат қарыз алушының жеке қаржысынан алынған. 

х

Көптің көкейінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ неліктен таңдалған деген  сауал туындауы мүмкін. Осы жерде ҚДБ-ның 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын модернизациялау және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты екенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда елдегі жаңартылатын энергия көздерінің шамамен 17,5%-ы «Қазақстан Даму банкі» қаржыландырған жобаларға жатады. Сонымен қатар бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Қазірдің өзінде банктің кредиттік қоржынында жел станциясы, күн энергетикасындағы жобалар және шағын СЭС секілді бағыттарда қолға алынған жобалар жетерлік. 

д

Бұл тұрғыда банк 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған  «Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек» деген үдеден шығып отыр деуге негіз бар. Сол себепті болар «Тұрғысын-1» ЖШС қаржы директоры Әсет Мақсұт келешекте салынатын «Тұрғысын-2» және «Тұрғысын-3» СЭС құрылыстары кезінде «Қазақстан Даму банкі» және оның еншілес компанияларымен әріптестік жалғасатынын жеткізді. Екі стансаны салуға жобамен 98 млрд теңге қажет. 

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану – Қазақстанның экологиялық келбетіне кірбің түсірмей, экономиканы алға жетелейтін бірқатар мәселелерді оңтайлы шешуге сеп болары анық. Ең бастысы жүзеге асқан жобалар өз нәтижесін берсе болғаны.