30 қазан күні сағат 19:30-да Байғанин ауданының Ноғайты ауылынан бес шақырым жердегі «Ақтөбе-Атырау» автожолында жол-көлік оқиғасынан екі адам қайтыс болды.
Белгілі болғандай, «Mitsubishi Lancer» автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласы бағытында 308 шақырым жерде «Ақтөбе-Атырау» автожолында жүріп келе жатып, басып озу кезінде қарсы бағыттағы «Volkswagen Passat» автокөлігімен бетпе-бет соғысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал «Volkswagen Passat» автокөлігінің 45 жастағы жүргізушісі Байғанин ауданының орталық ауруханасына жатқызылды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жол апаттарының ең көп таралған себептерінің бірі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау екенін айтып, жүргізушілерге жолда өте мұқият және абай болуды ескертеді.