20 Ақпан, 2014

Жаңашылдықтың жақсылығы мол

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
  Аким ЖамбылКәрім Көкірекбаевтың облыс әкімі болып тағайын­далғанына екі айдың ғана бедері болды. Бірақ оны об­лыс­тағы соңғы жылдары ат­қарылған игілікті істер­ге ешқандай қатысы жоқ деп ешкім айта алмас. Өйт­кені, өзі басқаратын саланы ұршықтай иіріп, тап-тұй­нақ­тай ұйымдастыра білетін ол бұрынғы әкімнің бірінші орынбасары ретінде көп­теген үлкен жобаларға тікелей атсалысты. Экономиканы, әдетте, өнеркәсіптен бастайтынымыз белгілі. Есепті мерзім ішінде, міне, сол өнеркәсіп кәсіпорындары 237,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Әсіресе, кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеруде өндіріс көлемдерінің 15,4 пайызға (17,6 миллиард теңге), өңдеу өнеркәсібінде 7,3 пайызға (179,4 миллиард теңге), электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 4,8 пайызға (37,7 миллиард теңге) өсу үрдісі байқалған. Ал мұнай өнімдерін өндіру 1,2 есеге, өзге де металл емес минералды өнімдерді өндіру 8,9 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын жасау 1,2 есеге, машина жасау – 8,2 пайыз, жиһаз жасау – 1,7 есе өскен. Облысқа инвестиция тарту да табыс­ты деп айтуға болады. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 248,5 миллиард теңгені құрапты. Бұл бұрнағы жылдың тиісті кезеңі­мен салыстырғанда 55,7 пайызға артық. Ал индустрияландыру картасы шең­берінде өткен жылы 20,9 миллиард теңге сомасында 8 инвестициялық жоба іске асырылған. Онда 626 жұмыс орны құрылыпты. Индустрияландыру карта­сына енген, бүгінде іске қосылған инвес­ти­циялық жобалардың өндірген өнім көле­мі 43,0 миллиард теңгені құраған. Бұл жал­пы өнеркәсіп көлемінің 18,1 пайызын құрайды. Қаңтар-қарашада облыстың сыртқы сауда айналымы 548,7 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда артық. Кеден одағы шеңберінде Ресей мен Беларусь елдерімен сауда айналымы 66,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Облыстың ойы да, қыры да мал ба­ғып, егін егіп, бақша өсіруге өте қо­лай­лы. Ендеше өңір экономикасында агро­өнеркәсіп саласының да орны бөлек. Сон­дықтан болар, өткен жылы осы салаға 5,8 мил­лиард теңге бөлініп, ол толықтай игеріл­ген. Соған орай ауылшаруашылық өнім­дерінің жалпы көлемі өткен жылы 122,9 мил­лиард теңгені құраған. Мал шаруа­шылығы саласында да, егін шаруа­шылығы саласында да инновациялық жаңалықтар көп. Әкімнің елді риза еткен деректері мен дәйектерінің бірі «Әулиеата» әуежай ке­ше­нін қайта жаңғырту жобасы болды. Өткен жы­лы әуежайдың ұшып-қону жолағы 4,8 миллиард тең­ге­ге қайта жаңғыртылды. Қазір ол әуе кемесінің бар­лық түрлерін қабылдауға дайын. Ал халықаралық стандартқа сай және 300 жолаушыға арналған терминал жаңартылған соң, яғни үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жергілікті билік қазір Ресей, Қытай, Араб және Түркия елдерінің қалаларына ұшатын әуе бағыттарын ашуға жұмыс жасауда. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы «Ежелгі Тараз қалашығын» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне енгізу жөніндегі ойы жүзеге асса, жаңа әуежай туристердің қақ­пасына айналатынын айта келіп, Қор­шаған орта және су ресурстары ми­нистрі Нұрлан Қаппаровтың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ди­ректорлар кеңесінің төрағасы ретінде Тараз қаласын көрме бағдарламасына енгізуге ықпал етуін сұрады. Бұл бір ғана облыс басшысының емес, сонымен бірге облыстың бір жарым миллион халқының тілегі екенін жеткізді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы да жамбылдықтар үшін күрежол ғана емес, сонымен бірге құт-береке көзіне айналғалы отыр. Облыстың бірнеше аудандары мен көптеген елді мекендерінің үстінен өтіп жатқан жол бойына биылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен қонақ үйлер, асханалар, жанармай құю стансалары мен түрлі қызмет көрсету құрылымдары салына бастайды. Жұрт бұл жаңалыққа да риза болды. Облыс әкімінің екі сағатқа созылған есебінің мазмұнын баяндап қайталап шығу мүмкін емес. Бір байқағанымыз, облыс басшысы өңірдегі мәселелерді бес саусағындай жақсы білетінін көрсетті. Мысалы, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Ғалиасқар Керімқұлов деген азамат ауылында 500 бүлдіршіннің балабақша кезе­гінде тұрғанын айтқан. Кәрім Нәсбекұлы бұл ауылдан балабақша салу туралы жо­баның жасалып жатқанын, ал кезекте 500 емес, 346 бала тұрғанын сала басшыларынан сұрамай өзі-ақ айтып берді. Жаңашыл әкім өңірді жақсартам деп келеді. Есеп барысында Кәрім Нәсбекұлы Жамбыл облысының экономикалық жағдайын қазіргіден де жақсартатын көптеген жобаларды екі тілде де өте жатық баяндап берді. Ал есептегі нақты мәлімет, дәлелді дерек жиналған жұртшылық пен облыс әкімі арасында жарасымды психологиялық ахуал қалыптастырды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.