Жетісу жерінде уақыт талабына сай жаңаша жұмыс істеу біртіндеп қарқын алуда. Елбасының бағыт-бағдарын ұғынып қана қоймай нақты өмірде жүзеге асыруда батыл қадамдар әр салада өркен жаюда.
«Шетелдік және отандық инвестиция тартып, өзімізде өндірістер ашуға дайын инвесторларды қолдаудамыз», деп басталған облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың есепті баяндамасы одан әрі былай жалғасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемін 3 пайызға өсіру, өңірлік индустрияландыру картасы аясында іске қосылған нысандардың толық қуаттылығын арттырады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, «ҚазАгро», «Даму» АҚ-тар ұсынған жеңілдіктерді пайдалана отырып, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар сұраныстарына орай несие берілуде.
Елбасы тапсырмасына сәйкес 2016 жылға қарай 10 мың тонна ет экспортын қамтамасыз ету үшін асыл тұқымды мал басының үлес салмағын арттырып, мал бордақылау алаңдарын құру жұмысын жандандырудамыз. «Агробизнес -2020» бағдарламасының тетіктерін қолдану арқылы мал жайылымдарын суландыру үшін құдықтар қалпына келтірілуде.
Білім саласының бюджеті 2013 жылы 89,3 млрд. теңгеге өсті. Өткен жылы барлығы 47 нысан салынып, қайта жаңартылды және сейсмикалық күшейтуден өтті, оның 28-і пайдалануға берілді, соның ішінде 4120 орынға арналған 18 мектеп, 1570 орындық 8 балабақша бар. 53 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті.
Облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 60,8 млрд. теңгеге жетіп есепті кезеңде екі есеге артты. Дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда –24,1, орта медициналық қызметкерлер – 63,6. Өткен жылы 11 дәрігерлік амбулатория, 2 аурухана және 4 басқа да денсаулық сақтау нысандары салынып, 21 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, облыстың медициналық мекемелерінің санитарлық автокөлікпен қамтылуы орта есеппен 97, медициналық құрал-жабдықпен және медицинаға арналған бұйымдармен жабдықталу деңгейі 76 пайызды құрады.
Мәдениет және мұрағаттар саласының бюджеті 5,5 млрд. теңгені құрап, 21 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтті. Жалпы, 21 туристік инфрақұрылымын салу үшін 1,7 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 28 мектеп жанындағы спорт алаңдары жасалып, оған жаттықтырушылар бөлінді.
Екі якорлық жоба: «Электролиздік металды марганец өндіру», «Инновациялық технология бойынша темір кенін шығару және өңдеу арқылы шойын алу» жүзеге асырылуда. Қосалқы және қызмет көрсетуші 3 өндірісті орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкерлікті және жаңа өндірістерді дамыту үшін 7 жобаға грант бөлінген, төрт жоба субсидияланды. Биылғы жылы Текелі қаласын дамытудың кешендік жоспары аясында барлығы 13 жоба жүзеге асырылады. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін 2013 жылы облыс бюджетінен 209 млн.теңге бөлінді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 377 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 958 млн.теңгеге жеңілдетілген несиелер беріліп, 695 маман көтерме жәрдемақы алды. Облыс аумағында азық-түлік бағасы мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған жұмыстар жалғастырылады», деді Аңсар Мұсаханов.
Келесі кезекте тұрғындар тарапынан жазбаша және ауызша сұрақтар қойылып, облыс әкімі жауап қайтарды. Талдықорған – Алматы қалаларының ортасында жолаушылар тасымалдау үшін жүргізілген тіркеме вагондар тиімділігі, Алматы-Талдықорған арасында құрылысы 2016 жылы аяқталады деп жоспарланған автокөлік жолы, облыс орталығынан талапқа сай келетін жаңа театр ғимаратын салу мәселесі деп тізбеленген сұрақтармен қатар, алыстағы елді мекендердегі апаттық жағдайдағы мектептер және оқушылардың үш ауысыммен оқитындығы секілді өзекті мәселелер де өткір қойылды.
Тұтастай алғанда, Аңсар Мұсахановтың облыста осыған дейін қордаланып қалған проблемаларды дұрыс реттеп жүргендігін ел ашық айтып, жұмысына қанағаттанарлық, тіпті жақсы, өте жақсы деген бағаларын да берді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.