Қоғам • 01 Қараша, 2021

Одаққа сыймаған диссидент

1088 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қылышынан қан тамған Кеңес Одағының саясатына қарсы шығу екінің бірінің қолынан келмейтін іс еді. Әсіресе 1960 жылдары кеңестік идеологияның ызғары қатты болатын. Ол кезде идеологияның кемiстiктерiн көре бiлу үшiн ерекше бiлiм және көрегендік, сыни пiкiрлердi ашық айту үшiн жүрек жұтқан батылдық керек болды.

Одаққа сыймаған диссидент

Диссиденттер туралы зерттеулерде бүкіл Кеңес Одағы бойынша қызыл идео­логияға қарсы болған санаулы ғана қай­раткердiң есімдері аталып жүр. Ал солар­дың ішінде Орталық Азия халық­тарынан бiрде-бiр қайраткердiң есімі айтылмайды...

Бiз әңгiме еткелi отырған Махмет Құл­мағамбетов – Орталық Азиядан шық­­қан диссиденттердiң көрнектiсi. Сон­­дай-ақ ол дер кезінде шетелге шы­ғып, ат­қарған жұмыстары туралы ха­лық­­аралық баспасөзде кең көлемде мұра қал­­дырған. Оның өмiрбаяны тура­лы де­рек­тер, өзiнiң мақалалары Еуропа­ның түр­лi баспасөз құралдарында не­міс, фран­цуз, ағылшын, орыс тiлдерiнде жа­рық көрдi.

Мюнхенде жүргенімде Махмет аға­мен армансыз сырластым. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала мен де Мюнхенге келген едім. Онда Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған «Азат Еуропа», «Азаттық» радиостансала­рында Махаң да қызмет істеп жүрді. Бұл радиостансаны АҚШ конгресі қаржы­ландырып, Кеңес өкіметіне қарсы хабар таратып тұрған-ды. Махаң осындағы қазақ редакциясында қызмет етті. Бұл бөлім біздің елге бағытталған күн са­йынғы алты сағаттық хабарында кеңес­тік басылымдарда айтылмайтын шынайы хабарларды эфирге шығарып отыр­ды. Оларды, әрине, елімізде екінің бірі тыңдауға мүмкіндік болды деп айту шын­дыққа келмес. Себебі Кеңес өкі­метінің арнайы мекемесі эфирді қосым­ша дыбыстар арқылы басып, оны бұқара халыққа жеткізбеуге тырысты. Басқа елдер кеңестік Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, коммунистік режімнің елімізде жүргізіп отырған қылмыстық сая­саты туралы шынайы ақпаратты осы Ма­хаңның радиохабарларынан білетін.

Махмет Құлмағамбетов сексенінші жылдардың орта шенінде Кеңес елінен қашуға мәжбүр болып, ақыры Мәскеу арқылы Аустрияға өтіп кетеді. Әйелі Наташа екеуі Венадан кейін Мюнхенге барып, «Азаттық» радиосына қызметке тұрады. Ол кісі орысша, қазақшаға өте сауатты, дауысы зор, дикциясы жағым­ды, радионың нағыз жүргізушісі ретінде тыңдарманға кеңінен танымал болды. Махметтің әуе толқыны арқылы кө­тер­ген мәселелері жұртшылықтың көке­йі­нен шығып жататын.

Қостанай облысының Меңдiқара ауданында 1930 жылдың 20 шiлдесiн­де туған М.Құлмағамбетов Қазақ мем­ле­­кеттiк университетiнiң философия фа­культе­тiн бiтiреді. Сөйтіп ол Түрік­мен­­­стан мен Қырғызстанда марксизм-ле­нинизм фило­софиясынан, яғни диа­лектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ берген. Өмiрдегi болып жатқан оқиғаларға сын көзiмен қарайтын ол философия мен саяси экономияның кей­бiр теориялық жағдайлары кеңестік шындықпен сәйкес келмейтiнiн дәріс­терінде ашық айтып жүредi. Мысалы, социалистік жүйенің сөз жүзіндегі ар­тық­шылықтарын, ал шындап келгенде тең­гермешілік мәселелерін, іздену, дамудың тоқырап қалғанын, соның салдарынан ілгері басудың жоқтығын талдап, дәлелді түрде айтып жүреді. Ма­ман есебінде өз пікірін жанындағыларға ашық айтады.

Жас маманның өмір шындығын бас­­қалардан өзгеше пайымдауы инс­ти­­тут­тың кейбір оқытушыларына ұна­майы. Махметтің бұл еркін ойлылығы көп ұзамай өзі дәріс оқыған жоғары оқу орнының бастауыш партия ұйы­мына, одан кейін арнайы органға да же­­теді. Осыдан соң жас маманды сая­­си негізде қудалау басталады. Айтыс-тар­тысқа шыдамаған ол, Чар­­жау­дан (Түрікменстан) «өз еркі­мен» кетуге мәжбүр болады. Содан ке­йін ол Қыр­ғыз КСР-нің астанасы Фрун­зе қала­сын­­дағы (қазіргі Бішкек) меди­цина инсти­тутына философия пәнінен оқы­тушы болып орналасады. Мұнда да со­ңына ерген «қоңыраудан» құтыла ал­майды. Оқытушылар мен бастауыш партия ұйымы Махметті жиі-жиі сынға алып, ты­ныштық бермеген соң, бұл оқу орнын да тастап шығады.

Кеңестік идеология әрекетінің алдау-арбау, халықтың басын айналды­рып, қисынсыз иландыру екенін терең сез­ген ол өз дәрістерінде бұл идеологияға қар­сы дәлелді пікірлерін айтуды тоқтатпай­ды. Әріптестерінің бірі өзінің пікірле­рі­не студенттердің сауатты қарсылық біл­діргенін байқаған соң, олардың Құл­мағамбетовтен үйреніп жүргенін біледі де, оны аңдуға алады. Осылайша, алпысыншы жылдардың басында Махмет­тің ізіне МҚК қызметкерлері шырақ алып түседі. Бұл туралы мәлімет сол «үш әріп» жинаған құжаттарда бар. Нақты­­лай айтқанда, осы органның Қостанай об­лыс­тық басқармасының тергеушісі ма­йор Дадыкин деген Махметтің ізіне түскен. Сөйтіп, оны 1962 жылы Қылмыстық ко­декстің 56-бабымен жауапқа тартқан. Құлмағамбетовті барып тұрған ұлт­шыл деп айыптаған. Ол ақырында сотта­­лып, жеті жыл түрмеге, үш жыл сүргінге ке­сіліп, жер аударылады. Сондағы бар тақ­қан айыбы (біреулердің айтуы бо­йын­ша) Сталинді адамзаттың жауы Гит­­лерге теңеген-міс. Режім оның «ке­­­ңес­­тік жүйе жұмысшыларды қа­нап отыр» деген сөзінен ілік іздеген. Осы іс ту­ралы Мәскеуде шығып тұ­ра­тын МҚК-ның «Сборник» атты жур­на­лы­на кезінде көлемді мақала жазы­лып­­ты. Онда М.Құлмағамбетовтің біраз уақыт­тан бері айналасындағы кісі­­лер­дің арасында өкіметке қарсы үгіт-наси­хат жүргізгені, ұлтшылдығы, бөгде ойы туралы мысалдар келтіріле отырып баян­далыпты. Ал қаралған істе Мах­мет­тің МҚК органының назарына қа­лай түс­кені, оның Кеңес өкіметі өмі­рін­дегі кейбір жағдайларға өзінің берген бағасы туралы деректер бар екен. Ке­зінде оны тіпті есі ауысқан деп санап, сараптама да жүргізіліпті. Сөйтіп М.Құл­мағамбетовтің іс-әрекетінде 56-бап­тың қылмыстық құрамы толы­ғы­мен бар екендігі, сондай-ақ алдын ала және сот тергеулерінде оның дәлел­ден­гендігі туралы әлгі журналда анық жазылған.

«Ол кезде бүкiл Кеңес Одағы ұйық­тап жатты. Қорылдап жатты. Барлық үй­дiң шамдары өшкен. Тек қана Мәскеуде, Сталиннiң терезесiнде жарық сөнбеген. Себебi Сталин – бiздiң бақытымыз. Бiз үшiн қайғырып, қам жеп отыр. Тура осын­дай тәрбие алған едiк. Әкең өлсе өлсiн, Сталин өлмесiн» дейтін едік». Мах­­мет Құлмағамбетов бізбен отырып ке­ңі­рек сырласқанда осылай деп еске алатын.

Сонымен, 1962 жылдың желтоқсан айында МҚК-нің Қостанай облыстық басқармасы Махмет Құлмағамбетов­ті Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 56-ба­бының 1-тармағымен жауапқа тар­тып, жеті жылға бас бостандығынан айырады.

Ол Сібірде, Мордовияда айдауда жүр­генде жеті жылы бітпей жатып тағы сотталады. Сондағы таққан айы­бы «тәртіпке бағынбайсың, жұмыс­тан жалтарасың, саяси сабақтарға бар­­­майсың» деген мағынада болған. Осы­­­ны сылтау етіп, Мәскеуден 300 ша­қы­­рымдай жердегі «Владимир» түр­месіне қайта айдап жібереді. Сол кез­де жазасының мерзімі бітуіне екі жыл төрт ай қалған екен. Түрменің тәр­тібі өте қатал болған. Оны Махмет Құл­ма­ғам­бетовтің өзі «Владимир түрмесіне қарағанда, Мордовиядағы лагерь «курорт» сияқты болатын» деп айтып отыратын. Оны сол жерде өлімнен арашалап қалған бір дәрігер әйел екен. Ол әйел Махметті аяп, оны «туберкулезбен ауырады» дейді де, түрмеден ауруханаға алғызып, тоғыз ай баққан. Осылайша, әупірімдеп екі жыл тоғыз айды өтеп шығады. Одан лагерьде өтеуі тиіс мерзімі тағы бар деп Сібірге қайта айдайды. Сөйтіп, Коми автономиялы ­Республикасына итжеккенге жібер­ген. Сол жерде жүріп, теміржолда жүк тасушы болады. Айдаудан босанған соң, 1974-1975 жылдары БАМ-да, 1975-1977 жылдары Коми АСР-інде, 1977-1979 жылдары Украинаның Харьков қаласында еңбек етті. Ол кісі Сургутте (Ре­сей, Түмен облысы) сүргінде жүрген кез­інде көрген-білгендерін ойға түйіп, «Кон­тинент» журналында тұрақты жариялап тұрған.

Ол кезде КСРО азаматтарының ше­телге оңайлықпен шыға алмайтыны бел­гiлi. Махмет Құлмағамбетов мақ­сатына жету үшiн Харьковте бiр еврей әйелге үйленедi. Сол арқылы арнайы шақырту алып, Венаға барады. Әлгi әйел Израильге жол тартады да, Құлмағамбетов Венада қалып қояды. Венада тұрақтап, артынан Германияға өтiп кетедi. Осылайша, Мюнхендегi «Азат­тық» радиосында 15 жылдан аса уақыт жұмыс iстеп, 1995 жылы зейнет­керлiк демалысқа шықты.

Оның хабарлары мірдің оғындай дөп тиіп, тыңдарман жүрегіне жол тауып жатты. 1986 жылғы Желтоқсанда таяққа жығылған іні-қарындастарына қазақ бөлімінің бастығы Хасен Оралтай және Махмет Құлмағамбетов моральдық тіреу болды. Олар өздерінің күнделікті хабарында тоталитарлық жүйені, отаршыл саясатты әшкерелеп, коммунистердің бетпердесін ашты. Ол қазақ жастары­ның Одақта бірінші болып осы алып режімге қайсарлықпен қарсы шыққа­нын мақтанышпен эфирде айтудан тынба­ды. «Сендердің бұл көтерілістерің іргесі шай­қала бастаған коммунистік режімді болашақта құлатады. Сендер сияқты қорлықта жүрген басқа халық­тар осы бас көтеруден үлгі алады, ал­ған беттеріңнен қайтпаңдар!» деп дем беріп отырды. Алаң қанға бөгіп, жастар жеңіліс тапқанда Махметтің қайғысында шек болған жоқ. Кейін Махаңның айтқаны айдай келді. Сол Желтоқсан көтерілісі егемендігіміздің қар­лығашы болды. Бүгін, міне, Алаштың асылдары аңсаған тәуелсіздігімізге де қол жетті. Жастардың көрген азабы бос кетпеді. Бұған Махмет ағамыздың да қосқан үлесі зор.

КСРО ыдырағаннан кейін Қазақ КСР Бас прокурорының наразылығына байланысты 1990 жылдың 24 желтоқсанында Махмет Құлмағамбетовтің қылмыстық ісі Қазақ КСР Жоғарғы сотының пленумында қаралып, ол өзінің қаулысымен бұған дейінгі облыстық, республика­лық сот органдары актілерінің күшін жойып, Махмет Құлмағамбетовтің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқ­тығына байланысты оны толығымен ақ­тады. Осы қаулыда былай деп көр­сетіліпті: «Құлмағамбетов Махмет алдын ала және сот тергеуі кезінде өзіне тағылған «антисоветтік үгіт және наси­хат жүргіздің» деген кінәні мойындамады. Ол саяси экономия және философия саласының маманы есебінде үкі­мет пен партияның іс-әрекеттерін сын­ға алып, оған өз пікірін айтып отыр­ды. Бұл айтылған пікір өкіметке қар­сы үгіт немесе насихатқа жатпайды, се­бебі онда советтік мемлекеттік және қоғам­дық құрылысты даттайтын, одан шы­ғарылған жалақорлық өтірік тарату жоқ. Ол өзінің пайымдауларында елде болып жатқан объективті болмысты көрсетті».

– Ұлт мәселесі де мені көп ойлантып, толғандырады, – деген еді кезінде Мах­мет ағамыз. – Өз басым ұлтшыл жан емеспін. Өз ұлтыңды басқа ұлттан жо­ғары ұстау, басқа ұлтты жек көру деген сияқты іс-әрекеттер менде жоқ. Ал орыс халқының кейбір өкілдері­не кел­сек, олар өздерінің басқалардан саны жағынан көптігін пайдаланып, аз ха­лыққа менсінбеушілікпен қарайды. Себебі олар өздерінен басқаларды екін­­ші сортты кісілерге, ақыл-есі же­ті­сің­кіремейтін жандарға санайды. Сауат­сыз, ешнәрсеге қабілеті жоқ кейбір орыс­тардың білімді, ақыл-ойы жоғары қазақ­тарды кекетіп, мұқатып тұрғанын кім көрмей жүр дейсіз. Сонда осындай мәдениетсіз, ой-өрісі төмен кісілер ұлтыма қарап менің ар-ожданымды аяққа басуларына бола ма?! Осындай жөнсіздікке жол беретіндердің көпшілігі партия қатарындағы шенеуніктер деп есептеймін. Сондықтан мен енді ешқа­шан да партия қатарына кірмеймін. Пар­тияның және оның мүшелерінің бір-бірінен ешқандай айырмашылық­тары жоқ. Демократия туралы сөз болса, ол бізде тек қағаз жүзінде ғана бар. Оның нағыз демократияға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, біздегі сайлауды алайық. Сайлаушылар өз қалаулыларын таң­дап, оған дауыс бере алмайды. Тізімде көрсетілген, жоғарыдағылар көрсеткен адамға ғана бас шұлғиды. Бұл сайлау емес, жұртты құр алдау. Ал советтерге келсек, оның да рөлі тек қағаз бетінде. Ел басқару жүйесі билеп-төстеуші аппарат – партияның қолында. Партияға қарсы сөз айтуға, оны мінеп-сынауға болмайды. Мені Кеңес өкіметі оқытып жеткізді, адам қылды, бірақ мен оның «ақ» дегенін алғыс, «қара» дегенін қарғыс деп, барлық айтқанымен келісе беруге тиіс емеспін, әр адамның өз пікірі болуы керек.

Алматыда шыққан «Юридический вестник» деген газетте Махмет Құл­ма­­ғамбетовке кеңестiк сот таққан айып­тардың барлығы жазылған. Не үшiн, қандай айып тағылды, бәрі бар. Сол басылымда «Құлмағамбетов жазық­сыз айыпталып, он жылға қамалды, ендi Жоғарғы соттың үкiмiмен ақталды» де­лiнген. Коммунистердiң әдетi де баяғы, алдымен адамды айыптап, соттап, итжеккенге айдап, азаптап, атып тастайды да, сосын барып ақтап жатады. Сол сияқты Махаңды да он жыл сорлатып, соттады да, кейiн ақтады. Ол кісі сол кезде шетелде жүрген еді. Кеңес Одағына, өзін өгейсіткен социалистік жүйедегі еліне өкпесі қара қазандай болатын. Ақыры ақталды. Қазақстан тәуелсiздiк алған соң ақталды. Махмет өзін «Одаққа сыймаған адаммын» деп отыратын. Ол азат­тық алған өз еліне келе алмай дүние­ден өтті.

Махмет Құлмағамбетов қашанда турашылдығымен кейбіреулерге жаға қоймайтын. Сондағы бір жағымпаз, жалбақай адамның жағымсыз тірлігіне шыдамай, әлгіні сабап тастайды. Сол үшін де радиодан қуылып, екі жыл әуре-сарсаңға түскені бар. Соңында әділ­дік жеңіп, ақыры сот шешімімен қыз­­метіне қайта орналасады. Екі жыл бойы босқа жүрген уақытына орай тиісті қаражаты өтеліп, сол қаржыға, яғни 450 мың неміс маркасына Италиядан үй сатып алады. Бұл оның тоқсаныншы жылдардың басында өзі барып көрген, Италияның «Қазақстан» деген елді меке­ніндегі жер екен. Сол маңайдағы шөбі шүйгін, өзіміздің кәдімгі жайлау секілді даласынан таңдап алған үйі еді. Төрт гектардай жері бар үйінің маңда­йшасына үлкен етіп «Kazakstan» деп жаздырып қойғанын айтқан. Егер де Қазақстаннан біреулер келе қалса, бізге бұрылып, қонақ болсын деген оймен жазған екен оны. Зейнетке шыққан соң қалған өмірімді Наташамен бірге сонда өткіземін деп отыратын. Сөйтіп, Махмет Құлмағамбетов тоқсаныншы жылдардың орта шенінде «Азаттық» радиосынан зейнет демалысына шығып, Италияға қоныс аударғаны бар.

Алайда Махаң Италияда біраз тұр­ған соң белгісіз себептермен үйін сатып, 2000-жылдары Мюнхенге қайта кө­шіп келеді. Шамасы, қазағы сирек кездесетін Италия жерінде ол кісі жал­ғыз­сыраса керек. Соңғы рет мен Мах­мет Құлмағамбетовті 2002 жылы жаз­да, Германияның Кельн қаласында өт­кен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрыл­тайында көрдім. Қасында баяғы Наташа деген әйелі бар. Оның екі көзі нашар көретін болыпты, сонда да Махаң бәйбішесін қасынан тастамай, Еуро­падағы қазақтардың құрылтайына ертіп келген екен.

– Тағдыр маған ұрпақ сүюді бұйырт­пады, бағым ба, сорым ба, ендігі ғұмы­рымды осы қосағым Наташамен бірге өткіземін, – деп еді сонда қайран Махаң.

Ол кісі Алматыдағы туыстарына – өзінен кейін соңында қалған іні-қарын­дастарының балаларына ұдайы қаражат салып, өзіне шақырып, сәлем-сауқат жіберуден жаңылмайтын.

Қарап отырсақ, бүтіндей бір кеңес­тік жүйеге сол тұста жалғыз өзі қарсы тұрып, «қарағайға қарсы біткен бұ­тақ» секілді болған азамат Махмет Құл­­ма­­ғамбетовтің өзі неге тұрады? Өкі­­­ніш­ке қарай, бұл кісіні көпшілік бі­ле бер­­­мейді. Бұл кісі кезінде марксизм-ленинизм іліміне ашықтан-ашық қар­сы шығып, содан қуғын көріп, ақы­рын­да шетел асуға мәжбүр болған. Саяси тілмен айтқанда, Махмет Құлмағамбетов – қазақтан, тіпті күллі Ор­талық Азиядан шыққан дара диссидент. Қазақ зиялыларының ішінен есімі Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне кірген екі қазақтың бірі және алғашқысы осы Махмет Құлмағамбетов.

Ол кісіден ұрпақ қалмады. Махмет Құлмағамбетов 2008 жылы қараша айында Батыс Германияның Мюнхен қаласын­да көз жұмды.

Махмет Құлмағамбетовтің осыдан жарты ғасырға жуық шамасында жазған ой-пікірін бүгіндері ортаға салып талдап, саралап көрсек, ол өз заманының өзгеше туған ойшыл адамы деген тұжы­рымға келер ме едік, қайтер едік. Ол кезде екінің бірі осындай батыл іске бара ма? Өз ойын ашық айту сол кезде ерлік еді ғой. Тоталитарлық тәртіп шеңберінен шықпай, ғылыми диссертацияларын қорғап, көптің бірі болып жүре бергенде, бүгіндері Махаң атақты ғалымдардың бірі болатынына ешқандай күмән жоқ. Бірақ ол жеке басының күні үшін екіжүзділік жасап өтірік айта алмады, оған ары жібермеді. Маман есебінде өзінің ой-пікірін ашық ортаға салды. Келмеске кеткен КСРО-ны көксеп әлек болмай, нақақтан жапа шеккен осындай арыстарымызды мадақтасақ, қандай жақсы болар еді.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

«Азаттық» радиосының 1991-2004 жылдардағы тілшісі, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері