Бизнес • 02 Қараша, 2021

Кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымша

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлердің салық төлеу рәсімдері жеңілдеді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлы технологияларды пайдалана отырып, E-Salyk Business мобильді қосымшасын іске қосты.

Кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымша

Елімізде жеке кәсіпкерді тіркеу­ден бастап, арнайы салық режім­дерін таңдау, есеп-қисап пен шығыс-кірістерді жүргізу жұмыс­тарында айтарлықтай қиынд­ықтар кездеседі. Мұндай рәсім­дерге уақыт та көп кетеді. Сондық­тан Мемлекет басшысы кәсіп­керлер үшін салық мін­дет­те­мелерін орындау рәсім­дерін жеңілдету жөнінде арнайы тапсырма берген бола­тын. Осы міндетті жүзеге асыру мақ­сатында және бизнес субьек­тілерінің жүмысын жеңіл­дету үшін Мемлекеттік кіріс­тер комитеті E-Salyq Business мо­бильді қосымшасын әзірлеп шы­ғарды.  Бұл жүйеде кәсіпкер­лер­дің салық төлеуіне байланысты барлық қызмет түрі қамтылған.

Мемлекеттік кірістер коми­теті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың ай­туын­ша, қосымшаны жүктеп алған кәсіпкерге салық бөлім­ше­леріне барудың қажеті жоқ, ешқайда шықпай-ақ, телефон­дағы қосымшамен барлық шар­уаны бітіруге болады. Қыс­қаша айтқанда, E-Salyq Busi­ness қосымшасы – кәсіпкер­лер­дің мемлекеттік кіріс бас­қар­маларына барып алатын қызметтерінің телефондағы нұс­қасы. «Қосымшаны қолданудың артықшылығы сол, кәсіпкерлер салықтар мен әлеуметтік төлем­дерді есептеуден босатылады. Өйткені қосымша касса ап­паратының фунционалымен жетілдірілген. Касса түбіртектері базасында кәсіпкердің кірісі айқындалады да соның негі­зін­де салықтар мен төлемдер автоматты түрде өзі есептеледі және салық декларациясы да автоматты түрде толтырылады. Бұған қоса, салық салудың жаңа режімін қолданатын кәсіпкер салық есептілігін ұсынудан босатылады», дейді Ж.Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

E-Salyq Business қосымша­сы әзірше сынақ ретінде енгізі­ліп отыр. Сондықтан кәсіпкердің бәрі бірдей оны қолдана алмайды. Жобаға жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер мен арнаулы салық режімін қолданатындар ғана қатыса алады. Кәсіпкерлік қызметті онлайн режімде жүзеге асырғысы келген бизнес өкілі қосымшаны жүктеп, авторизациядан өткеннен кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қызметін таңдауға тиіс. Ол үшін сервис сұраған сауалдарға жауап беріп, қажетті деректемелерді толтыру қажет.

«Қазіргі кезде мобильді қо­сымша Ақмола және Жамбыл облыстарында тестілеуден өтіп жатыр. Бүгінде бас-аяғы 3,5 мыңға жуық кәсіпкер осы қосымшаға тіркеліп, пайдалануда. Биыл тағы 100 мыңға жуық дара кәсіпкерді жобаға қосу көзделіп отыр. Алдағы жылдан бастап қосымша толық режімде іске қосылады», дейді Ж.Іңкәрбаев.

Комитет мәліметіне қара­ғанда, E-Salyq Business жаңа мобильді қосымшасы кәсіп­керлердің сын-ескертпесі мен ұсыныстарын ескере отырып, әлі де жетілдіріле түспек. Атап айтқанда, еңбек шарттары жөнін­дегі деректерді алу және беру үшін тиісті министрлікпен бірлесе жұмыс істеу, кәсіпкерлердің банктік шоттарына келіп түскен аударымдар бойынша екінші деңгейлі банктермен келісімдер жүргізу, олардан алған деректерді қосымшаға енгізу секілді шаруалар алдағы жылдың міндетінде тұр.

Мемлекеттік кірістер коми­теті салық кодексінің нормаларын қолдануға дайын болу үшін жаңа қосымшаны басқа өңірлерге кезең-кезеңімен таратып, 2022 жылы бірыңғай жер салығын есептейтін қызметті де қосымшаға енгізуді жоспарлап отыр.

E-Salyq Business мобильді қосымшасын әзірше Play market-тен жүктеуге болады. Сонымен қатар App store және AppGallery-де қосымшаны орналастыру жөніндегі өтінімге жауап алу рәсімдері жүріп жатыр. Жақында бұл желілерде де E-Salyq Business пайда болмақ.