Аймақтар • 02 Қараша, 2021

Жүгеріні төкпей-шашпай жинап алды

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда жүгері өсіруге негізінен Панфилов ауданында басымдық берілгенінен жұрт құлағдар. Ал биыл бұл тізімге Сарқан ауданы да қосылатын сияқты. Өйткені осы ауданның шаруалары да жүгеріден мол өнім жинады.

Жүгеріні төкпей-шашпай жинап алды

Жалпы, өткен жылы сарқандықтар «дала аруы» атан­ған дақылды 2200 гектарға сепсе, биыл оның алқабы 4585 гектарға жеткен. Қазір шаруашылықтар жүгері жинау нау­қанын толық аяқтады. Ауданда елуге жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр. Олар өткен жылы 2200 гектар жерден 6 мың тонна өнім жинаса, биыл 4585 гектардан 25 мың тоннадан астам жүгеріні қамбаға басты. Өңірде шаруа қожалықтарын мемлекеттік қолдау, ерекше сортты тұқымдар үшін субсидия, әртүрлі ауылшаруашылық техникаларын алуда жеңілдетілген несие, сондай-ақ науқан кезінде жеңілдетілген жағар жанармаймен уақытылы қамтамасыз ету жолға қойылған.

– Жүгері мал азығы ретінде бағалы. Малдың тез қоңда­нуына көмегі зор. Сондықтан жиналған өнімдердің басым бөлігі мал азығына жөнелтіледі. Негізгі дақылдардың барлығын өткен айдың соңына дейін ауа райының қолайлы кезінде орып үлгердік. Қарашаның аяғына дейін майлы дақылдар және қант қызылшасын жинауды межелеп болдық, – дейді Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.

Сарқан ауданында биыл ауыл шаруашылығы бағытын­дағы егістік алқабы 98 мың га болса, соның 58 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар себілген. Егістіктен жалпы жиналған өнім – 138 тонна. Ал облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972 мың гектарға жеткен. Ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 50 млрд теңге бөлініп, соның 43 млрд теңгесі субсидияға бағытталған екен.