Аймақтар • 02 Қараша, 2021

Пияз егіп, пайдаға кенелді

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір Қапшағай қаласы бойынша бақша дақылдарын жинау жұмысы толық  аяқталған. Оның өнімділігі гектарына 260 центнерді құрады. Оның ішінде 400 гектар картоп, 1200 гектар көкөністен мол өнім түсті.

Пияз егіп, пайдаға кенелді

Жалпы, биыл аймақта 13 666 гектар егістік жер иге­рілген. Соның 4 917 гектарына дәнді дақыл, 3 941 гектарына жаздық арпа, 976 гектарына дәндік жүгері, 3 437 гекта­рына майлы дақыл, 400 гектарына картоп, 1 831 гектары­на көкөніс, 250 гектарына бақша дақылы, 600 гектарына қант қызылшасы және 2 231 гектарына мал азығына қажетті шөп егілген екен. Өнім ойдағыдай. Әсіресе, Алматы айма­ғындағы пияз өсірудің орталығына айналған Шеңгелді ауылының шаруалары биыл табысты болып отыр. Олардың ішінде Шеңгелді ауылындағы «Етекбаев» шаруа қожалығы да бар. Қожалықтың бұл жолда жұмыс істеп жатқанына 20 жылға жуықтаған. Қожалықта жергілікті ауылдың 8 адамы еңбек етеді.

Қожалық басшысы биыл өз иелігіндегі 140 га алқаптың 70 гектарына дәнді жүгері, 27 гектарына қант қызылшасын, 15 гектарына пияз және қалған 8 гектарға жеміс-жидек еккен көрінеді. Түсім жаман емес. Әсіресе, пияздың өнімділігі гектарына 600 центнерден айналды. Яғни 15 гектар алқаптан 40 тоннадан астам өнім жинады.

– Тамшылатып суару жүйесінің нәтижесінде мол өнім алып отырмыз. Жыл сайын біздің қожалық сияқты ондаған шаруа мемлекет қолдауын  сезініп келеді. Суға, жанар-жағармайға, жүгері, қызылшаға субсидия берілді. Ал дайын өнімді Алматының сауда нүктелеріне жөнелтеміз. Сонымен бірге ТМД мемлекеттеріне, одан қала берді Еуропа елдеріне де экспортқа шығаруды қолға алдық, – дейді «Етекбаев» шаруа қожалығының иесі Нұрлан Етекбаев.