Нагоядағы мұзайдында өткен жарыстың іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшылардан Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев ширек финалға жолдама алған еді. Екеуі де 500 метр қашықтық бойынша бақ сынап, іріктеу сынынан іркілмей өтті. Денис Никиша мәре сызығын жетінші болып кессе, Абзал Әжіғалиев өз тобында екінші болды.
Финалдық сайыста Денис Никиша тиісті қашықтықты 58.267 уақытта бағындырып, қола жүлдеге қол жеткізді. Алтын жүлдені оңтүстіккореялық Дэхен Хван жеңіп алса, қытайлық Зивэй Рен тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ал Абзал Әжіғалиев бұл жолы да жүлделі орыннан құр қалды.
Айта кетерлігі, бұл – Денис Никишаның биылғы маусымдағы екінші жүлдесі. Бір апта бұрын Қытайда өткен Әлем кубогының бірінші кезеңінде де ол қола жүлдені жеңіп алған болатын.