20 Ақпан, 2014

«АТФБанк» АҚ басқарма төрағасы Энтони ЭСПИНА: «Банк жұмысында тұрақтылық бар»

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АТФ БАНК– «АТФБанк» АҚ теңге баға­мына түзету енгізілгеннен кейін де тұрақты жұмысын жалғастырып келеді. Банкте өз салымшылары арасындағы депозиттердің қайтып алынуы тіркелмеді және өтімділіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілуде. «АТФБанк» АҚ дамуының жаңартылған стратегиясы тұрақтылықты аса маңызды басымдық дәрежесіне көтермек. Акционерлер ауысқан кезден бастап өткен жылдың өне бойында банктің менеджерлер тобы бизнесті нығайту және қаржылық көрсеткіштер өсімін қамтамасыз ету жолында тер төкті. Біз нарықтағы ағымдық ахуалды мұқият бақылаудамыз. Болған жайлардың бәрін айқын әрі ақиқат сипатында түсінудеміз. Жинақталған тәжірибеміз бен білім-білігіміз бізге осылай істеуге мүмкіндік беруде. Ал соңғы уақытта қол жеткен қаржы тұрақтылығындағы жетістіктеріміз сабырлы және сенімді болуымызға жақсы негіз бола алады. Осы жақында ғана банк өткен жылдың қорытындыларын шығарды. 2013 жылғы аудиттелмеген қаржы есебіне сәйкес 1,782 млрд. теңге көлемінде таза пайда көрсетілді. Бұл біздің дұрыс жолда екенімізді айғақтайтын аса маңызды оқиға. Соңғы рет банк алты жыл бұрын – 2007 жылы пайдамен шыққан болатын. Өткен жылы банк менеджменті мерзімі өткен қарыздарға және комиссиялық шығындарды қысқартуға байланысты жұмыстарға ерекше көңіл бөлді. Осы бағыттардағы қызмет бірқатар басқа жайттармен қосыла келгенде банктің таза пайдаға шығуына септігін тигізді. Өткен жылдың 12 айында біздің банк өзінің ақшалай активтерін 51 пайызға және олардың эквиваленттерін 199,982 млрд. теңгеге өсірді. Келесі жетістігіміз біздің клиенттер салымдарының өсуі болып отыр. Мысалы, өткен жылы «АТФБанк» АҚ-тағы депозиттер көлемі 17 пайызға ұлғайды. Мұның өзі халықтың бізге деген сенімі өсіп отырғандығын тікелей куәландырады. Сонымен қатар барлық депозиттердің сақталымдылығына «Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры» кепілдік берген. Өткен жылы банкте 35 мыңнан астам жаңа депозиттер ашылды. 2013 жылдың өн бойында «АТФБанк» АҚ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік бағдарламаларына қатысу арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға ерекше көңіл бөлді. Өткен жылы Қор бағдарламалары шеңберінде (Бизнес-2020 Жол картасынан тыс) берілген несиелердің 17,75 пайызы біздің банк үлесіне тиді. Нақ осы көрсеткіш бойынша екінші деңгейдегі қазақстандық банктер арасында бірінші орын алдық. Банк 526 қарыз алушыға 12,902 млрд. теңге сомасында 1095 несие берді. Осының арқасында 341 жұмыс орны ашылды. Осындай ауыз толтырып айтар жағдайлар тындырылған жұмыс ауқымын әділ бағалауға мүмкіндік береді және «АТФБанк» АҚ сенімді қаржы институты екендігін тағы бір рет айғақтайды. Биылғы жоспарлармен бөлісе отырсақ, алдымызға неғұрлым жоғары мақсаттар қойып отырғанымызды атап айтпақпын. Біздің даму стратегиямыз таяудағы келешекте болатын біртұтас кешенді өзгерістерді қамтиды, соның ішінде жаңа кеңсежайлар ашылмақ. Осы ретте қызметіміздің жоғары сапасы және клиенттердің көңілінен шығуға деген ұмтылысымыз өзгеріссіз қала бермек. «АТФБанк» АҚ өз клиенттеріне міндетті түрде жаңа өнімдер мен қызметтер ұсынатын болады. Солардың бірі жетілдірілген ATF24 интернет-банкингі болмақ. Сонымен бірге өткен жылғы барлық бастамалар жалғасын табады. Біз банктің тұрақты өсімін қамтамасыз ететін жаңа мақсаттарды алға қоямыз. Ол мақсаттар міндетті түрде жүзеге асады. Бұл үшін бізде барлық қажетті ресурстар, ең бастысы, тамаша кәсібилер командасы және клиенттеріміз бен әріптестеріміздің бізге деген сенімі бар.  Жазып алған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.