Медицина • 02 Қараша, 2021

АИТВ инфекциясына қарсы АРТ терапияның септігі мол

1057 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында кейінгі ғасыр­ларда түрлі дерттер бой көтерге­ні­мен, соның ішінде ғасыр ауруы атанғаны аз. Уақыт өте ғылым­ның белсене араласуымен сондай аурулардың біразы кейін ше­гі­ніп, баяғыдай ажал себер қар­қынынан айырылып, созылмалы сырқаттардың қатарына енген. Со­ның бірі өткен ғасырда тажал делінген ЖИТС (СПИД\ВИЧ) ауруы болатын. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орта­лы­ғының директоры Сәбит Әбдраимов­пен осы дерттің аясында әңгіме өрбіттік.

АИТВ инфекциясына қарсы АРТ терапияның септігі мол

– Сәбит Бекмағамбетұлы, алдымен мына сауалдан бастасақ: ауру қалай анықталады, онымен көбіне кімдер ауырады, нақты статистика бар ма?

– АИТВ-ты анықтау тестілеу арқы­лы жүреді. Ал тестілеу міндетті және ерік­ті түрде жүр­гізіледі. Міндетті топтарға до­норлар, жүкті әйел­дер, медицина қыз­меткерлері, сотталғандар және сот, проку­ратураның сұранысы бойынша тұл­ғалар жатады. Қалғандары, оның ішін­де осал топтар клиникалық және эпидемиялық көрсеткіштер бойын­ша АИТВ-ға тесттен өтеді. Нәтижесі оң бол­ған кезде психолог маманның кон­­суль­тациясы беріледі. Кеңес кезінде мін­­дет­ті түрде есепке тұрып, ем бастау ке­рек­тігі айтылып, емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкім­шілік және қылмыстық жауап­кер­­шілік туралы ескертіледі. Бұл Қыл­мыс­тық Кодексінің 118-бабы бойынша «Адамның иммун тапшылығы виру­сын (АИТВ/ЖИТС) жұқтыру» және Әкім­шілік құқық бұзушылық Кодексі­нің 430-бабымен «Айналасындағыларға ­қа­уіп төндіретін аурулармен ауыратын адам­дардың емделуден жалтаруы» деп ата­лады. Еліміздегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодек­сіне сәйкес, АИТВ әлеуметтік ма­ңыз­ы бар аурулардың қатарына жата­ды, сон­дықтан медициналық көмектен бас тар­туға құқығы жоқ, тіркеуде тұруға мін­детті.

Сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, статистика жүргізіледі. 2021 жылдың 8 айын­да Нұр-Сұлтан қаласы бойынша АИТВ-тың 222 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шақ­қандағы көрсеткіш 18,7-ні құрайды (Қазақ­станда – орташа 12,5). 2020 жылмен салыс­тырғанда 64 жағдайға өсім бар (2020 ж. 8 айы – 158). Биылғы 8 айдағы өсу үрдісімен алған­да барлығы 2 429 жағдай тіркелді, оның ішін­де шетел азаматтары – 197. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 154,6 құрады (Респбулика бойынша – 149,1). 15-49 жас аралығында АИТВ инфекциясының таралуы 0,27%-ды құрап, Денсаулық сақтауды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы пара­метрлері шегінде ұсталуда – 0,35%.

– Осыдан тағы бір заңды сауал туындайды. Қазіргі уақытта неше адам емделіп жүр? Жас айырмашылықтары қандай және ерлер мен әйелдердің ара­салмағы қанша?

– Бүгінде ЖИТС орталығында АИТВ-мен өмір сүретін 1 477 адам диспансерлік есеп­те тұрады. Биылғы 8 ай ішінде 273 нау­қас есепке тұрса, оның ішінде алғаш рет анық­тал­ған 222 жаңа жағдайдың 206-сы (2020 жылы – 127 адам) диспансерлік есепке алынды. Яғни есепті кезеңде диспансерлік есепте тұрушылардың 79 адамға ұлғайғаны байқалады. Бұл ішкі миграцияның белсенділігіне, АИТВ-ға тестілеумен қамту пайызының өсуіне (басқа өңірлермен салыстырғанда 2-2,5 есе артық) және республикалық ірі клиникалардың шо­ғыр­лануына байла­­ныс­ты. Қазір АРТ қабыл­дайтын науқас са­ны – 1 365 (2020 жылы – 1 053), бұл – дис­пансерлік есепте тұратын нау­қас­­тар­дың 92%-ы.

Жас ерекшеліктеріне тоқталып кетсек, ерлер – 944 немесе 64% (19-49 жас аралығында – 825), әйелдер – 533 немесе 36% (19-49 жас аралығы – 445). Ең жасы үлкен пациент – 77, ең кішісі – 2 жаста. Әйелдер арасында жүктілер де бар. 1997 жылдан бастап 265 жүкті әйелде АИТВ анықталған, 227 тірі бала дүниеге келген, алтауында АИТВ анықталған, яғни анадан балаға жұққан. 8 ай ішінде 17 жүкті әйел тіркелген, оның 10-ы босанды. Балалар арасында соңғы 2 жылда ауру тіркелмеген. Жалпы 18 жасқа дейін 21 бала тіркеуде тұр.

– Көпшілікке түсінікті болуы үшін анти­ретровирустық терапия (АРТ) туралы жік­теп айтып берсеңіз.

– Аурудың пайда болуы бүкіл әлем­дегі ғалымдарды біріктіріп, тиімді терапияны іздеуге мәжбүр етті. Бүгінде мұндай терапия бар. Бұл – антиретровирустық терапия деп аталады. Бүгін біз АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупін төмендетуде АРТ терапияның жетістігі туралы айта аламыз. АРТ қабылдайтын және қандағы вирус анықталмайтын деңгейге жет­кен адамдар жұқпаны басқа адамдарға жұқ­тыра алмайды. Бұл – емдеу тиім­ділігінің ең се­німді көрсеткіші және сырқаттанушылықты төмен­дету жолын­дағы жетістік. Себебі препараттың не­гізгі ингридиенті вирустық РНК-сын жоя­ды, нәтижесінде вирустың репликациясы тоқтап, иммундық жүйе қалпына келе бастайды. Айта кететін жай, ем қа­былдамаған жағдайда, ауыр қосалқы ­аурулар туындайды.

Вирусқа қарсы терапияның жетіс­тік­тері бүгінде індет ағымын толық өз­гертті: АИТВ өлімге ұшыратпайтын, со­­зыл­малы басқа­рылатын аурулар қата­ры­­на өтті. Жоғары бел­сенді АРТ нәти­жесінде вирустың балаға берілу қаупін айтар­лықтай (2%-ға дейін және одан кем) төмендетуге қол жеткізілді, яғни инфекцияны жұқтырған әйелдер дені сау бала туады.

Қазіргі заманауи препараттар іс жү­зін­де жанама әсерлері жоқ, пациенттер үшін қауіпсіз және күніне бір таблетка ғана қабылдайды. Бұл таблеткаларда екі немесе үш препарат біріктірілген. Жыл сайын жаңа препараттар және тіп­ті жаңа препараттар топтары пайда бо­лады, олардың уыттылығы үнемі тө­мен­деуде. Яғни тәулігіне 5-6 таблетка қа­был­­даудың орнына пациенттер күніне бір таблетка қабылдайды. Сонымен қатар қазір инъекциялық терапия препараттары бар. Олар таблеткаларды күнделікті қабылдауды екі айда бір рет препаратты парентеральді қабылдаумен алмастыруға мүмкіндік береді, бұл емдеуді одан әрі жеңілдетеді. Әзірше тамыр арқылы енгі­зілетін препараттар клиникалық зерттеу­ден өтуде.

– Өткен ғасырда осы ауру тіркел­ген­нен бері қаншама ізденістер өтті. Со­ның нәти­жесінде қазір ЖИТС созылма­лы сыр­қат­тардың қатарына өтті. Алай­да оның вирусы мута­цияға ұшы­рап оты­ратындықтан жыл­дар ішінде АРТ қан­шалықты өзгерді? Келе­шекте де те­рапия өзгеріске ұшырауы мүмкін бе?

– 40 жылға жуық уақыт ішінде осы ауруды диагностикалау және емдеу са­ла­сында көптеген ғылыми зерттеу жүр­гізілді. Ғалымдар АИТВ иммундық жү­йе­нің жасушаларына әсер ететінін жә­не ағзаны иммунитетке шабуыл жасай­тын сыртқы агенттерге осал екенін анық­тады. Иммун тапшылығының әсе­рінен АИТВ жұқтырған адамдар сау адам­дар­ға қарағанда туберкулезбен жүз есе жиі ауырады. Оларда онкологиялық ауру­лар, шартты патогендік вирустардан, бак­териялардан немесе протозоидтардан туындаған аурулар, мысалы, герпес, кандидоз және адамның папиллома вирусы жиі кездеседі. Бұл инфекция созылмалы ауруларға жатады. Адамның иммун тапшылығы вирусы үнемі өзгеріп отырады. Мутацияның себебі – күшті иммундық жүйенің жұмысын бұзу. Яғни вирус қалайда иммундық жасушалар­ды әлсіретеді, сондықтан вирустың құра­мында өзгерістер туындайды. Мұндай му­тацияның салдары ағзаны әлсіретеді, инфекцияның белгілері ұзақ уақытқа созылады және де организмде ЖИТС тез дамиды, арнайы дәрі-дәрмектердің де әсері вирусқа тимейді. Бұл – АИТВ-тың емделмейтін аурулардың қата­рына жататын басты себебі. Соңғы жыл­дары пайда болған антиретровирустық пре­параттар вирустың мутациясын балама препараттарға қарағанда анағұрлым тиімді етеді, әрі қабылдауы оңай және жанама әсерлері аз препараттар екенін көрсетті.

– COVID-19 тәрізді бұл ауру да им­­мундық жүйеге шабуыл жасайды. Сондықтан сіз­дің пациенттердің пан­демия уақытында қор­ғануы қа­лай жүргізіледі? Медициналық тұр­­ғыда алдын алатындай жағдайлар қарас­­тырылған ба, әлде көпшілік сияқты гигие­налық, әлеуметтік қашықтықты сақтау тәрізді қорғанумен шектеле ме? Жалпы пациенттер КВИ жұқтырған жағдайда қалай емделеді?

– АИТВ инфекциясы кезінде иммун­дық жүйе зақымданады, Коронавирус инфек­циясының патогенезі кішкене басқаша, өйткені бұл инфекциямен тыныс алу жүйесінің зақым­дануы көбірек және бұл оның берілу жолдарына байланысты.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін де COVID-19-ға қатысты сақтық шара­ла­ры­ның жалпы жұртшылықтан айырмасы жоқ. Ерекшелігі – дәрімен қамтылуда. АИТВ-мен ауыратын адамдар өздері іше­тін антиретровирустық препараттармен ұзақ мерзімге (3-6 ай) қамтамасыз етілуі маңызды. Сонымен қатар АИТВ-мен ­ауы­ра­тын адамдар уақтылы вакциналаудан өтуі керек (тұмауға және пневмо­кокк ин­фек­циясына қарсы) және аралас инфек­циялар мен қатар жүретін ауруларды ем­деу немесе алдын алу үшін жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмектер болуы керек.

– Орталық қашаннан бері жұмыс істеп жатыр? Тікелей мемлекеттің қол­дауымен қыз­мет атқара ма? Қанша қыз­меткер жұ­мыс істейді?

– Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы 1996 жылы Ақмола облысының тұрғындарына ар­налған мемлекеттік мекеме ретінде құ­рылды. 1998 жылдан бастап қала елорда және республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған кезінде орталық қалалық деңгейдегі мекеме болып қайта құрылды. Алғашқы жылдары орталық­та бірнеше ғана маман жұмыс істеген. Бүгінгі таңда орталық материалдық-тех­­никалық базасы, білікті мамандары және за­манауи медициналық құрал-жаб­дық­тары бар алдыңғы қатардағы орта­лық­тардың біріне айналды. Орталық толы­ғымен заманауи медициналық құрал-жаб­дықпен қамтылған, оның ішінде ПТР авто­маттық анализатор, СД4 жасуша­лары санын анықтайтын цитометр бар.

Орталық тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі шегінде АИТВ жұқ­тырғандарға және ЖИТС-пен ауы­ра­тын­дарға мамандандырылған амбу­ла­ториялық-емханалық медицина­лық көмек көрсетеді және дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етеді. Рес­пуб­ликамыздың ЖИТС орталықтары арасын­да рейтинг бойынша біз соңғы үш жылда алдыңғы үштікке кіреміз. Орталығымызда 5 бө­­лім бар: АИТВ-инфекциясын эпиде­миялық қадағалау бөлімі, диагнос­ти­­ка­лық зертхана, алдын алу бөлімі, ұйым­­дастыру-әдіс­темелі бөлімі және АИТВ-инфекциясына ком­пьютерлік қада­­ғалау, ақпараттандыру бөлімі және әкім­­шілік-шаруашылық бөлімі. Барлығы 110,25 штаттық бірліктер, оның ішінде 33 дәрігер жұмыс істейді. Атап айтсақ дәрігер-инфекционистер саны – 6, дерматовенеролог – 2, дәрігер-гинеколог – 2, психолог – 1, фтизиатр – 1, педиатр – 1, дәрігер-лаборанттар – 5, дәрігер-эпидемиологтар – 13.

Орталық өз кадрларының біліктілік деңге­йін мақтан тұтады және персонал­дың білімін жетілдіру, жас мамандарды даярлау бойынша үнемі жұмыс істейді. Орталықтың медицина қызметкерлерінің 90%-дан астамының жоғары және бірінші біліктілік санаттары бар. Бұған қоса орта­лықта алдын алу қызметтерін көрсету үшін осал топтар арасынан тартылған 49 аутрич-қызметкерлер жұмыс атқарады.

Бізді толығымен мемлекет өзі қаржы­лан­дырады. Яғни денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес респуб­ликалық бюджеттен қара­жат бөлінеді. Дәрі-дәр­мекпен қамтама­сыз ету мемлекетімізде түгел тегін, со­ның нәтижесінде АРТ-ға 1 365 нау­қас тар­тылды. Бұл диспансерлік есепте тұр­ғандардың 92 пайызын құрайды.

– Әңгімеңізге рахмет.