Қоғам • 02 Қараша, 2021

Болмысы берен, кеудесі кенен

880 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бар ғұмырын еңбекке арнаған, туған жерін түлетуге атсалысып, ел қамын ойлаған қаншама абзал азамат бар. Ондаған жыл қызу еңбектің көрігінде шыңдалған сол саңлақтар «бейнет қыл да, міндет қыл» деген емес. Төрде отырып алмай, әлі де ел-жұртына қызмет етіп келеді. Мен бүгін осындай ағалардың бірі – Сыр еліне сыйы артқан Серік Әбішұлы Дүйсенбаев туралы айтқым келеді.

Болмысы берен,  кеудесі кенен

Серік аға Шиелі өңірінің Ақмая ауылында дүние келген. Орта мектептен соң Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіреді. Еңбекке араласқаннан кейін қажетті мамандықтарды игеруге тура келеді де екінші рет Қызылорда гуманитарлық университетінде қаржыгер мамандығын алады. Сол кезеңдерде, Қызылордадағы үлкен әрі маңызды өндіріс орнының бірі нан комбинаты болатын. Еңбек жолы да мамандығына сәйкес келеді. Қызылорда нан өнімдері өндірістік бірлестігінде басталған баспалдақ, қатардағы қызметкерден мекеме директорлығына дейін апарады.

Қала өмірінің күн сайынғы ырыс-несібесі саналатын комбинатта бес жүзге жуық адам үш ауысымда жұмыс істейтін. Ол кезде жеке нау­байхана деген атымен жоқ. Менің білуімше, қалада мұнан басқа «мемелекет ішіндегі мемлекет» аталған темір жол бойында ғана наубайхана болды. Егер комбинаттың жұмысы жарты сағатқа тоқтаса, таңертең дүкендерге нан түспей қалады. Мұндай жағдайда дүкендерде кезек пайда болып, оның дабылы артынша облыстық партия комитетінің кеңсесінен бір-ақ шығады. Бұл  «апат» деп саналатын еді.

Жиырма жыл комбинатты басқарып тұр­ғанда бірде-бір рет кемшілік орын алмапты. Еңбектің қызығы мен шыжығы болады деген рас. Алпысыншы жылдары салынған комби­нат­тың қондырғылары тозған, пештердің кей­бірін жаңаласаң, екіншісі істен шығып жатады. Осындайда істен шыққан пештердің күйесін қол­мен көсеп, жұмысшылармен бірге таң атқанша комбинаттың ішінде жүретін кездер де болды.

Жаны таза, жақсылық істеуге жақын жүретін Серік ағаның адамгершілігі мен азаматтығы, ұйымдастырушылық қабілеті, жаңашылдығы жайлы ел аузында айтылып жүр. Көптің ықы­ласына бөленген бір оқиғасын біз де білеміз.

Әркім өзіне қажетін әрқалай өтейді. Бірі адал, бәлкім бірі оңай жолмен. Серік аға директорлыққа келгенде, мәселенің бірі нан ұрлығы болыпты. Түнімен түтін жұтып, маңдайының тері көзіне құйылған жұмысшылар азанда бала-шағасына бір-екі бөлке нан алып кеткісі келеді. Көрсетіп алуға болмайды, қойынға тығып алады. Дегенмен тексеруші органдар бар. Оларды социалистік меншікті ұрлаушылармен күрес бөлімі деп атайды. Орган анықтаса, абыройсыздық былай тұрсын, меншікке қол сұққаны үшін құқықтық жауапкершілікке тартылады. Міне, осыдан келіп, жұмысшыға ыңғайлы жағдай тудыру үшін ком­бинаттың өз есебіне қарайтын «Ыстық нан» деп аталатын дүкен ашты. Ауысымнан шыққан жұ­мысшылар сол дүкеннен керегінше нан алады. Нан бағасы – 24 тиын, арзан әрі ақша жалақыдан ұсталады. Директордың бұл идеясы барша жұртқа ұнады, ұрлық та жоқ, жұмысшы да тоқ. Тексерушілер да азайды, қолына нан ұстап бара жатқандардың жүзі жарқын. «Ыстық нан» дүкені салынғаннан кейін комбинаттың ауласынан да нан иісі бұрқырап тұратын болды.

Шын мәнінде, сол кезеңде мұндай жағдай таңсық жағдай еді. Мүмкін бұл экономикалық қарым-қатынастардың тепе-теңдігін жасау аксио­масының басы болды ма екен?

1991 жылы еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Жасыратыны жоқ, сол кезеңнің тарихына елдің ыдырауы мен қайта құрылуы, формациялық ауысулардың қиындығы жөнінде жазылған еді. Халықты нарықтық экономиканың әліппесіне алып келу, «әркімнің өз еңбегі» қағидасын орнату және оны тез арада жүзеге асыруда аласапыран кезеңдердің болғанын білеміз. 1996 жылы нарық қыспағына түскен мекемелер мен шаруашылықтарды тығырықтан алып шығу үшін облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапар­баевтың басшылығымен «Ел ырысы» мем­лекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынды заман талабына сай жүргізетін маман ретінде Серік Дүйсенбаев таңдап алынды. Барлық мекеме жұмысшыларына айлық жалақы бере алмайтын, салық қарызын төлей алмайтын халге жеткен. Сондықтан олар өзде­рінің теңгеріміндегі техника мен басқа да мүліктерін «Ел ырысының» қоймасына құйған. С.Дүйсенбаев басқаратын мекеме осы заттарды ақшаға айналдырып, ел қажетіне жұмсады.

2002 жылы қала басшылығы білікті, тәжіри­белі инженер маманға азып-тозуға айналған аудан­аралық жылу орталығы акционерлік қоғамын басқаруды тапсырды. Өзі де, өзге де 2003 жылы ең қатал қыстың келетінін білмеді. Тек төрт ауысыммен жұмыс істейтін мекеменің қиын жағдайын саралай білді. 180 жұмысшының еңбекақысы емес, бүтін бір қала тұрғындарының ден­саулығын ойлап, еліміздің әр аймағынан жылу орталығының қондырғыларына қосалқы бөлшектерді өзі іздеп кеткен. Өзінің артығын сатып, өзгеден алып, директорлығын саудагерлікке айыр­бастағандай жол шегіп жүріп, жылу орталығын жаңа маусымға дайындаған еді.

Алдағы он жылын тағы да өндіріс пен ша­руашылыққа, ауыл әкімдігіне арнап барып, 2013 жылы қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болды. Кетпен мен күректі әлеуметтік салаға айырбастады. Өндірістен кетті демесеңіз, бәрі бір халықтың мұқтаждығына еңбек етті.

Аты айтып тұрғандай, қалалықтарды жұ­мыспен қамтуды үйлестіру, жаңа жұмыс орындарын іздеп табумен жүйелі айналысты. Өз қызметкерлерімен бірге, ақсақалдар мен мүгедек жандардың, аналардың мемлекеттен алатын жәрдемақыларының төленуіне, өмірлік қиын жағдайда қалған төмен отбасыларының әлеу­меттік жағдайын көтеруге қызмет етті.

2018 жылы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев шақырып, иығына үлкен жүк артып, сенім білдірді. Ол облыстық ардагерлер кеңесі төр­ағасы қызметі еді. Бойында қазақтың ділі мен дәстүрі тұнып тұрған, сөз саптауы бөлек, 1993 жылғы жұтта өңірге Үкімет басшысын ша­қырып, төтенше жағдайға арналған қордан Қа­зақстандағы 5 облысқа қаралған материалдық, техникалық ресурстардың 80 пайызын Қызылорда облысының еншісіне бұйыртқан, «Арал апат аймағында тұратын халықты әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылдатуға тікелей мұрындық бол­ған Сейілбек Шаухамановтан кейін, облыс арда­герлерінің көшін бастау, аманат пен зор жауапкершілік еді.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір еңбегінде «Бізде ардагерлердің республикалық кеңесі бар, ол – жанды, жігерлі ұйымдардың бірі. Мемлекетіміздің маңызды мәселелерінің бәріне үн қосып, белсенділік танытуда», деп бағалаған болатын. Бұл сөз ардагерлер ұйымының қоғам алдындағы маңыздылығын айқындайды.

Облыстағы 74 мыңға жуық ардагердің басын қосып, соларға жағдай туғызуға жауапты орындарды жұмылдырып, халық қажетіне де үн қосып отырған, іргелі ұйымды басқарту Серік Дүйсенбаевтың ұйымдастырушылық қабілетіне, азаматтығына артылған сенім еді.

Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде, «Біз «тиімді мемлекет» принципіне басымдылық беріп отырмыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге назар аударып отырмыз», деді. Ендеше, ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оң ықпалын тигізе­тін қоғамдық кеңес жұмысының жандануы дер едік. Серік Дүйсенбаев та қоғамнан тыс кеткен емес, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі. Әлі де халық пен биліктің ортасындағы диалогтар төрінде отыр. «Өткен күндер – тарих, болашақ – үміт» дегендей, еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – бір азаматтың ғұ­мыры, еңбек жолы, болашаққа жол салар ізі. Серік Әбішұлы ел тәуелсіздігін алған кезеңде, қы­рықтың қырқасында шыққан, нағыз толысқан шағы еді. Отыз жыл елімен бірге ат үстінде жүріп, ауыз­дықпен алысқаны, жаңаша мемлекет құруда еңбегінің сіңгенін мақтаныш етеді. Еркін елдің дербес шаңырақ көтеру қуанышын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқи­ғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бер­мейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Бірақ тәуелсіздікті алу бар да, оны қа­лыптастыру мүлде бөлек дүние еді. Қажырлы ең­бек пен қайтпас мінез ғана бүгінгі күнге жеткізіп отыр.

Иә, еңбегі еленді, марапат төрінен көріне білді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының құрметті азаматы. Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағын өсірді. Зайыбы Сәрсенкүл Хамитқызы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп, ата-әже атанып отыр.

 

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

Парламент Сенатының депутаты