Аймақтар • 02 Қараша, 2021

Оқушылар қашанғы балабақшада оқиды?

1426 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қабырғасы қаусап тұрған балабақшаның ғимаратында қазақ балаларының білім алып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Сыныптары қараңғы, суық. Орта мектептің ғимараты санитарлық талаптарына мүлдем сай емес.

Оқушылар қашанғы балабақшада оқиды?

Іргетасы жетпісінші жылдары қаланған Жаңа Бұқтырма кентіндегі бұл ғимараттың жарамдылық мерзімі өтіп кеткелі қашан?! Соның өзінде Президенттің 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасына ілінбей қалған.

Кірпіштері үгіліп, іргесі сөгіліп, тере­зелері целлофанмен қап­тал­ған ғимараттың төбесінде көк байра­ғы­мыз желбіреп тұрғаны болмаса, мектеп деп ойламайсыз. Иә, бұл – Тәуелсіз елдің ұрпағы білім алып жатқан №1 Жаңа Бұқтырма орта мек­тебі. Ішіне енсеңіз, көгерген иіс қолқаны қабады. Дәлізінен екі адам­ның сыйысып өтуі мұң. Сынып іштері ала көлеңке. Әдетте, терезеден жарық оқушыға сол жақтан түс­у­і керек болса, мұнда көмескі шам ғана сәуле шашқан болады. Спорт залы аядай ғана. Оқушылар дене шынықтыру пәнінде 500 метр жер­де­гі спорт мектебіне барады. Терлеп-тепшіген олардың жиырма минуты жолға кетеді. Күрк-күрк жөтеліп, жиі ауырып қалатындары да сондықтан. Оның үстіне көлігі сабылысқан орта­лық көшені қиып өтеді.а

Бұрында оқушылар аралас мектепте оқып келіп, 1997 жылы орыс сыныптарына жаңа мектеп салынып берілген. Ал қазақ сыныптарын балабақшаның ескі ғимаратына көшірген. Бүгінде қазақ мектебінде 135 оқушы білім алып жатыр. Ата-аналардың айтуынша, жаңа мектеп салынса, бала саны артқанның үстіне артады. Себебі көпшілігі ба­ла­­ларын амалсыздан орыс мекте­бі­не беріп отыр. Алайда аядай мек­теп­тің оқушылары білімді, өнер­лі, тәрбиелі. 2018 жылы екі оқушы «Алтын белгімен» тәмамдап, екеуі де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетіне грантқа түскен. 2019 жылы бір «Алтын белгі» иегері шыққан. Ал биылғы түлектердің екеуі «Алтын белгі», екеуі «қызыл» аттес­тат алған. Ұлттық бірыңғай тес­ті­­леудің орташа нәтижесі 113 балл бол­са, жоғарғысы – 130 балл. Мектеп ұстаз­дарының айтуынша, аудан­ның басқа мектептерінде мұндай же­тіс­тік жоқ. Өкініштісі сол, тәрбие мен бі­лімді бойына қатар сіңіріп келе жат­қан қаракөздеріміздің өзге мек­теп­­­терге қызыға қарауында. Шерхан Мұр­таза айтқандай, бұл – дағы бір кем дүние шығар.

– Республикалық байқауларға қа­­ты­сып жүргендіктен, басқа мек­теп­­терді көреміз, қызығамыз. Мек­тебі­­міздің қандай күйде екенін көріп отырсыздар. Бір сыныпта 15 бала отырсақ, тақтаға жазған жа­зуы­­на көз жетпейді. Тақталарына дейін тоз­ған. Мұғалім жасаған көр­не­кі­лік­терін көрсету үшін компьютер, интерактивті тақта болса ғой. Киім ілетін жеріміз де жоқ. Ас­хана­дан тамақ ішейік десек, ша­ғын ғана бөл­ме. Арманымыз – жаңа мектеп, – дей­ді 9-сынып оқушысы Диана Домай.

Рас, қыл аяғы киім ілетін жерлері де жоқ. Өркениеті дамып кеткен мы­­нау заманда көздері жәудіреген оқу­шыларды жұпыны мектепте оқы­­тып отырғанымыз – елдігімізге сын. Осы уақытқа дейін тұрғындар неге бұл мәселені көтермеген десек, мінберден талай айтылыпты. Ай­тылғанымен, мәселенің ұшын шығарған азаматтардың соңына шам алып түсу, қудалау сынды әрекеттер жасалған көрінеді. Иә, бұл әдеттен әлі арыла алмай келе жатқанымыз тағы шындық. Сол үшін де көбі ашық пікір білдіруден бас тартты. Керісінше, ұрпақ болашағы үшін деп батыл пікір айтқандар да болды.

– Жұмысқа алғаш келген жылдары мектептің жағдайы бұдан да қорқынышты болған. Десе де, ескінің аты – ескі. Ата-аналар жиналып 2001 жылдары министрге хат жазған. Нәтиже болмады. Кейін Бердібек Сапарбаев облыста әкім болып тұрғанда проблемамыз жиын­­­­да айтылып, жаңа мектеп салуға жер бөлген. Жобалық-сметалық құ­­жаты жасалған. Шыны керек, қа­зіргі облыс әкімін көргеніміз де жоқ. Б.Сапарбаев кентімізге бір емес, үш рет келді. Мектептің жағ­дайын өз көзімен көріп, жедел түр­де жаңа мектеп салу керектігін айтқан. Содан 2015 жылы мектеп салынады деп қуандық. Бекер екен. Ескі мектепті өзіміз әрлеп, жөндеп отырмыз. Мұғалімдер бір кабинетке 45 минут сабақ беруге кіріп, тоңып шығамыз. Ал балалар алты сағат тапжылмай отырады. Аяқтарынан суық өткен қыздардың тең жартысы ауырады. Мәселені тағы көтерейік десек, аузымызды жауып отырды. Шыдамымыз шегіне жеткен соң, міне, сөйлеуге мәжбүрміз, – дейді №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің мұғалімі Анаргүл Дүрімханқызы.

Тағы бір мәселе, оқушылардың кей­біреуі 5-6-сыныптан соң гимна­зия­ға, 9-сыныптан соң колледж­ге кетіп қалады. Биылдың өзінде 9-сыныптағы 16 баланың оны кеткен. Он оқушының сегізі грантқа түсіп­ті. Бұл дегеніміз – алған білім­де­рінің айнасы, ұстаз еңбегінің ақтал­ғандығы.

– Мектепте кадр тапшылығы жоқ. Мұға­лімдер білімді, білікті. «Дип­­лом­мен – ауылға!» бағдар­ла­м­асымен келген жас мамандарға баспана да беріліп жатыр. Алайда мектептің тарлық етіп отырғаны жасырын емес. Ата-аналар үлкен балаларын кішкентай жерге қамағысы келмей, қалаға колледжге қоя береді. Мектеп – 11 сыныптық. Балалар кол­лед­жге кетіп қалып жатыр деге­ні­­мізбен, жалпы оқушы саны артып келеді. Маңайдағы ауылдардан да келіп оқиды, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген ұстаздардың бірі.

Айтқанындай, Бұқтырма стан­сасы, Березовка, Октябрск, Селез­нов­ка, Сажаевка ауылдарынан келіп оқитын оқушылар да бар. Әйтеуір оларды арнайы автобус тасымалдайды. Жалпы, Алтай ауданында қы­рықтан астам мектеп болса, үшеуі қазақ мектебі екен. Оның біреуі – Алтай қаласының өзінде, екіншісі – осы Жаңа Бұқтырма кентінде, үшіншісі – Серебрянск ауылында.

– Қазақ мектебі – кентіміздегі қара шаңырақ. Мұнда екі балам оқиды. Тәрбие мен білімді жақсы береді. Өнерлі бала көп. Ұйым­дас­тыр­ған концерттерін көргіміз келеді, барайық десек, орын жоқ. Мысалы, орыс мектебінде екі спортзал бар, қазақ мектебі болса, бір спортзалға жарымаған. Осының бәрін көріп жүрген соң үшінші баламды орыс мектебіне бердім. Амалдың жо­ғы­нан. Бұл – менің ғана сөзім емес, осы мектептің ата-аналарының жа­най­қайы. Қазақстанда тұр­ға­ны­мыз­бен, қазақ мектебінің кейпі мынау. Тыңғылықты қарап, жоқтан бар жасап отырған соң ғана мектеп тұр. Терезесі тең, қабырғасы кең, шаңырағы биік мектеп болса, орысшаға баратын балалардың жар­тысы қазақ мектебінің табал­ды­рығын аттар еді, – дейді ата-аналар аты­нан пікір білдірген Эльмира Қажымұратқызы.

Материалдық-техникалық базасы заман көшінен кейін қалған мектепке кешенді жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, 97 млн теңгеге шыққан екен. Алайда бұл ақша бөлінбеген. Пікір білдірген азаматтардың жанайқайы, көтерген мәселелері орынды. Ал аудан бас­шы­­лығы не дейді?

– 1970 жылы қолданысқа беріл­ген балабақша ғимаратында соны­мен қатар, Халыққа қызмет көр­сету орта­лығы, кент әкімдігі және музыка мектебі отыр. Ғимарат пайда­ла­нуға берілген жылдан бастап күр­де­лі жөндеу жасалмаған. Ал 130 орын­дық қазақ мектебін салу 2011-2020 жылдар аралығындағы жос­парда болған. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Облыстық құ­рылыс басқармасы 2015 жылы тап­сырыс беруші ретінде қаржы бөлу жөнінде өтініш жасағанымен, қаржы бөлінбеді. 2016 жылы жо­ба­лық-сметалық құжаттың пайдалану мер­зімі өтіп кетті, – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Айта кетерлігі, Жаңа Бұқтырма кентінде іргесі 1962 жылы қаланған 180 орындық типтік мектептің ғи­ма­раты «Балалар-жасөспірімдер мектебінің» теңгерімінде бос тұр. Нақтырақ айтсақ, мектептің спортзалы және бірқатар кабинетті ғана пайдаланылады. Бірақ ол мектептің табалдырығынан төріне дейін күр­де­лі жөндеуден өтуі керек. Аудан басшылығының берген мәліметіне сүйенсек, күрделі жөндеуге 29 млн 169 мың теңге қаражат қажет көрі­не­ді. Өкініштісі, облыстық Білім бас­қармасы бұл соманы бөлуге құ­лық танытпаған. Себебі Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлау­алды бағдарламасы шеңберінде қазіргі мектепке, дұрысы балабақша ғимаратына ағымдық жөндеу жүр­гі­зу үшін 10 млн теңге қаржы бөлі­ніп­ті. «Ескіні жөндесең есің кете­ді» деуші ме еді, «Өзгерістер жолы: Әр аза­матқа лайықты өмір» сайлауалды бағ­дарламасы 10 млн теңгемен ескі ғи­мараттағы оқушыларға, мұға­лім­дерге лайықты білім сыйлап, жағ­дай­ды өзгерте алмас. Керегі – жаңа мектеп.

P.S.: 2021 жылы облыстық Білім басқармасымен жаңа мектептер салу жөнінде тізім жасалған. Құрылыс Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Ондағы негізгі талаптарға көз жүгіртсек, оқушыларға орын жетпесе, үш ауысыммен оқыса немесе мектеп ғимараты апаттық жағдайда тұрса, жаңа мектеп салынады екен. Ал №1 Жаңа Бұқтырма мектебі жоғарыда аталған талаптардың біріне де жатпайды. Алайда мектеп санитарлық талаптарға сай емес, техникалық базасы жеткіліксіз, тағысын тағы.