Білім • 03 Қараша, 2021

Сапасыз рейтингтер сүріндіреді

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы академиялық рейтингтер сапа стан­дарттарына сай келмейді. Академиялық адал­дық лигасының платформасында білім са­ла­сының сарапшылары еліміздің жоғары оқу орындарына жасалатын рейтингтерді тал­қы­лау барысында осындай мәлімдеме жасады. Мұндай рейтингтер жоғары оқу орындарының жақсаруына көмектесудің орнына, керісінше, сапасыз рейтингтері арқылы олардың беделін төмендетеді. Сарапшылар сонымен бірге Білім және ғылым министрлігінің қызметі мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сала­сын­да атқарылып жатқан жұмыстарға нұқсан кел­тіретінін алға тартады.

Сапасыз рейтингтер сүріндіреді

«Осы орайда «Қазақстан студенттер альянсы» өткізе­тін рейтингке ерекше тоқталып өтуге болады. Бұл рейтинг білім алушылардың сауалдамасының негізінде жасалып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамаланып жүр. Аталған рейтингті дайындаушылар екінші жыл қатарынан Қазақстанның үздік және сапасы төмен жоғары оқу орындары бойынша тізімді жариялайды. Олардың 2020 жылғы рейтингінде көрсетілген бірде-бір үздік университет осы жылғы үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірмегені, ал өткен жылғы ең нашар 10 университеттің қатарында болған Нархоз университеті биыл үздік ЖОО-лар қатарына кіргені есте қаларлық жайт. Егер үздіктер тізімі жыл сайын өзгеріп отырса және оған академиялық жетістіктері туралы ешкім естімеген университеттер кіре алатын болса, қазақстандық академиялық рейтингтер тура­лы қандай жақсы пікір болуы мүмкін? Сонымен қатар Қа­зақстан студенттері альянсының рейтингі мемлекет қаржысына жасалады. Сауалдама жүргізілген жобаға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 20 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген», деп атап өтті Академиялық адалдық лигасының сарапшысы Яков Воронков.

Ал «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі Олжас Ордабаевтың айтуынша, нәтижеде көрсетілген мұндай үлкен айырмашылық рейтинг әдістемесінде айтарлықтай кем­шіліктердің бар екенін аңғартады.

«Әдетте, нәтижелердің соншалықты әртүрлі болуы рейтинг әдістемесінің өзгергенін көрсетеді. Яғни ақпа­рат­тар өзгерді және түзетілді. Бұл – әзірлеушілер әлі де дұ­рыс әдістемені іздеп жүр дегенді білдіреді. Себебі егер әдістеме қалыптасқан болса, ол айтарлықтай өзгер­мей­ді, өйт­кені өзгертудің өзінің белгілі бір негізде­месі бар. Мұны тек осылай объективті тұрғыда түсіндіруге болады», деді ол өз сөзінде.

Іс-шара барысында Академиялық адалдық лигасының өкілі Яков Воронков жоғары оқу орындарының кез келген академиялық рейтингісінің бес негізгі мақсатының болуы керек екенін атап өтті. Яғни талапкерлерді және өзге де мүдделі тұлғаларды (жұмыс берушілер, орталық мем­лекеттік органдар және т.б.) хабардар ету, жоғары оқу орындарына ұйымның жұмысын жақсартуға мүмкіндік бе­ретін деректерді ұсыну, зерттеушілерге деректерді ұсы­ну, жоғары оқу орны қызметін әдістемеде белгіленген пара­метрлер бойынша кешенді бағалау және азаматтық қо­ғам алдындағы есеп.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта білім беру бағ­дар­ла­маларының бір ғана рейтингі жоғарыда көрсетіл­ген мақсаттарға жауап береді. Бұл – жыл сайын «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы жасайтын рейтинг. Олар әрбір жоғары оқу орнының қызметін «мансаптық перспективалар», «білім беру бағдарламасының сапасы» және «білім алушылардың жетістіктері» сияқты әдістемеде жазылған параметрлер бойынша бағалайды. Белгіленген индикаторлар бойынша негізгі көрсеткіштер ресми сайтта ашық жарияланады. Ал әдістеме жыл сайын жоғары оқу орындарының, Академиялық адалдық лигасының және басқа да стейкхолдерлердің қатысуымен қайта қаралып, жақсарып отырады.