Бокс • 03 Қараша, 2021

Жарқын жеңістеріміз жалғасты болсын!

149 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпио­натында қазақстандық боксшылар әзірше сәтті өнер көрсетуде. Жарыстың сегізінші күнінде Қайрат Сәтжанов басшылық ететін Қазақстан құрамасының алты бірдей өкілі 1/16 жекпе-жектерін өткізіп, барлығы да ширек финалға шықты. Сөйтіп, кеше 10 боксшымыз жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салды.

Жарқын жеңістеріміз жалғасты болсын!

Ширек финал жолдама­сына таласқан алты боксшымыздың жеңісті жолын 57 кило салмақтағы Серік Теміржанов бастап берді. 2016 жылы Павлодарда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған ол үш жа­рым жылдың ішінде ересек­тер арасындағы додаларда да өзін жақсы қырынан көрсете бас­тады. 2018 жылы Қазақстан чемпионатының күміс медалін, 2019 жылы Мажарстанда өткен халық­аралық турнирдің бас жүлдесін иеленген жерлесіміз биыл Токио Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қа­рай, екінші айналымда әлем бірін­шілігінің күміс жүлдегері аме­ри­калық боксшыға есе жіберген еді. Енді, міне, Сербиядағы әлемдік сайыста бақ сынап, турнирдің ширек финалына дейін жетіп отыр. 23 жастағы отандасымыз әлем біріншілігінің 1/16 финалында өзінен бойы да, қолы да ұзын үндістандық Рохит Мормен жұдырықтасты. Арақашықтықты сақтай отырып бокстасқан Теміржанов жекпе-жекті өз пайдасына шешті.

Серіктен кейін шаршы алаңға шыққан ұлттық құраманың капитаны, 67 кило салмақтағы саң­лағымыз Абылайхан Жүсіпов те жан­күйерлер сенімін ақтап, ширек финалға шықты. Құрама са­пындағы екі әлем, екі Олим­пия ойындарына қатысқан жалғыз боксшымыз бұл сында поль­ша­лық Дамиан Дуркачты 5:0 есе­бімен айқын жеңді.

Қазақстандық боксшылардан күндізгі сессияны 75 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 21 жас­тағы Нұрқанат Райыс түйін­деді. Бұған дейін жастар арасында болсын, ересектер арасын­да болсын бірде-бір рет әлем бі­рін­шілігінде жұдырықтасып көр­меген отандасымыз ширек финалға жолдама беретін айқаста Босқындар құрамасының өкілі Сулиман Асламимен кездесіп, әріптестерінің жеңісті жолын жалғады. Тіпті жерлесіміз екінші раундта қарсыласын бір рет есең­гіретіп те алды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Нұр­қанат төрешілердің бірауыз ше­шімімен жеңіске жетті – 5:0.

Кешкі сессияның шы­мыл­дығын әлем чемпионатындағы жарқын жеңісінің арқасында Қазақстанның ғана емес, әлем жанкүйерлерінің ықыласына бөленген Сәкен Бибосынов ашып берді. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Үндістанның үкі­леп қосқан тәжірибелі боксшысы Депакпен шаршы алаңда жұ­ды­рықтасқан Бибосынов үш
раунд бойы қарсыласының адымын аштырған жоқ. Сөйтіп, төрешілердің шешімі бойынша айқын басымдықпен жеңіске жет­кен отандасымыз жүлделі орын­дарға қарай тағы бір маңызды қадам жасады.  

Әлем чемпионатындағы тамаша жекпе-жектерімен бокс мамандарының назарын өзіне аударған Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) кеше тағы бір жарқын же­ңі­сімен жанкүйерлерін қуантты. Отандасымыз жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері украиналық Денис Песоцкийден айласын асырып, сыңары Саматәлімен бірге ширек финалда жұдырықтасатын болды.

Құрамамыздағы тағы бір егіздің сыңары Нұрбек Оралбай (80 кг) артық күш жұмсамай ши­­рек финалға жолдама алды. Мажарстаннан келген Пал Ко­вачты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, үздік сегіз спортшының қатарына кірген оныншы қазақстандық боксшы атанды.

Осылайша, Қазақстан құра­ма­сының боксшылары 13 салмақтың онында ширек финалға шығып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты. Екінші орында ¼ финалға 8 боксшысы шыққан Ресей құрамасы тұр. Ал алты бокс­шысы қалған Өзбекстан, Куба және АҚШ құрамалары үшін­ші орынды өзара бөлісіп тұр. Сонымен қатар ширек финалға Үн­діс­тан мен Таиландтың – 5, Әзер­байжанның 4 боксшысы жол­дама алды.

1