Қоғам • 03 Қараша, 2021

Түркілік интеграцияның басында Елбасы тұр - Дархан Қыдырәлі

993 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының президенті және «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Yesti Podcast-тың» кезекті санында қонақ болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркілік интеграцияның басында Елбасы тұр - Дархан Қыдырәлі

Бағдарлама барысында Дархан Қуандықұлы тәуелсіздік алғаннан бергі түркі дүниесінің бірлігі, қазіргі қарым-қатынасы, қасиетті Түркістанның жаңаша жаңғыруы жайында әңгіме өрбітті.

Халықаралық Түркі академиясының құрылуына бірден бір себепкер Елбасы екенін айта кеткен жөн. 2009 жылы Елбасының бастамасымен Халықаралық түркі академиясы құрылып, 2010 жылы академия елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ашылды.

Түркі академиясы 2014 жылдан бастап халықаралық статус алды, ол әрі академиялық құрылым яғни ғылыми зерттеулермен айналысады, әрі дипломатиялық құрылым.

Одан бөлек, академия басшысы осы күнге дейін Түркі академиясы халықаралық, ЮНЕСКО көлеміндегі іс-шаралар өткізгенін тілге тиек етті.

«Жалпы Түркі интеграциясын төрт кезеңге бөліп қараймын:

Біріншісі, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі гуманитарлық мәдени кезең.

Екіншісі, 1998 жылы Астананың құрылуымен бірге экономикалық байланыс кезеңі.

Үшінші кезең бұл - 2009 жылы Нахчеванда өткен тарихи саммит арқылы Түркі академиясының құрылу кезеңі.

Одан кейінгі кезең 2019-2020 жылдар аралығы, осы уақыттардың ішінде Қарабах азат етілді, сонымен қатар Түркістан жаңару кезеңіне өтті, Өзбекстан Түркі академиясына қосылды. Яғни, бұл интеграция халықаралық деңгейге шықты», деді Дархан Қыдырәлі.