Пікір • 03 Қараша, 2021

«Мың бір түнді оқыдыңыз ба, мырза?..»

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы сауалды министрлер мен әкім­дер­ге қойсақ, біразы: «Иә, оқыдым» деп жауап берсе, көбі басын шайқап, көзімен жер шұқып қалатын сияқты. Себебі әйгілі ертегідегі түн жамыла жұрт таны­­май қа­латындай қарапайым киініп, Бағдат ш­а­һарын аралап, халықтың шынайы жағ­дайын, шын пікірін білуді жөн көрген Һарон Рашид халифа сияқты анда-санда «аспаннан жерге түсіп», қағаз бетіндегі және іс жүзіндегі ахуалды салыс­тырып жүрген шенеуніктер шамалы-ау.

«Мың бір түнді оқыдыңыз ба, мырза?..»

Бұдан жиырма жылдан астам бұрын сол кездегі Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов генералдық мундирін шешіп тастап, кәдімгі жолаушы кейпіне еніп, жеміс толы жүк автомобилімен Өзбекстан шекарасынан Алматыға дейін жасырын тексеру жорығын жасағаны жадымызда. Жолшыбай өз қарамағындағы мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерінің пара­қор­лығына көз жеткізген министр іле тиісті шараларды қолданғандықтан, жол бойындағы жүгенсіздік біраз уақыт сая­быр­сыған. Алайда кейін «көн құрысса, қал­пына барады» дегендей, МАИ инспекторлары ескі «әніне» қайта басқан. Мұны Қайырбек Шошанұлы сияқты құпия тексеріс жүргізген белгілі журналистер Бейсен Құранбек пен Ержан Сүлейменов жасырын камераға түсіріп, әшкерелеген болатын. Олар Алматы мен Шымкент қа­ла­лары арасында қатынайтын автобус жүргізушілерінен стационарлық бекеттерде жол полицейлерімен сыбайласқан біреулер «екі жаққа да тиімді алым» жи­найтындықтан, салынбаған айыппұл есе­бінен мемлекет қазынасы ай сайын ондаған миллион теңгеден қағылатынын айтып, дабыл қаққан. Осындай бір реттік тексерістер жөнді нәтиже бермейтінін түсінген ІІМ басшылығы кейін күре жолдардың бойын­да­ғы сыбайлас жемқорлық ұясына айналған стационарлық бекеттердің көбін алып тас­тау туралы шешімге келгені мәлім.

Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзі мамандандырылған Халыққа қыз­мет көрсету орталығына ешкімге жа­рия­­ламай, жүргізуші куәлігін алу үшін ем­тихан тапсыратын қарапайым азамат ретінде барғанында алдынан құрақ ұшып қарсы алған «көмектескіш» делдалдар шыға келгенін журналистер алдында ашық айтты. Солар арқылы емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алуға болатынына көзін жеткізген министр енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына бақылауды күшейтуді ұйғарды. Ведомство басшысы жол қозғалысы ережелерінен хабары шамалы адамдардың көлік жүргізу құ­қығына ие болып, өзіне және өзге жолау­шы­ларға үлкен қауіп туғызып отыр­ған­ды­ғының кілтипаны жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін бұзуда екенін анықтаған. Яғни олар үшін басқа біреулердің емтихан тапсыруына жол бе­рі­ліп келген. Сондықтан министрлік ал­да­ғы уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кабинеттеріне биометриялық сәйкестендіру құралдарын орнатпақшы. Оған дейін Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құ­пия тексеруді жалғастыра бермекші.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің осы бас­тамасы қазір қоғамдағы қызу әңгімеге арқау болып, қолдау тауып отыр. Сонымен қатар жұртшылық тарапынан «Неге басқа министрлер мен әкімдер де көзбояушылықты доғарып, шынайы жағдайды біліп, тиісті ден қою шараларын қабылдамайды?» деген сауал да туындап тұр.

Шынында да, өңірлерге қызмет бабымен барған министрлер де, аудандарды аралаған облыс әкімдері де көбінесе алдын ала келісілген «сценарийлер» бо­йынша өздеріндей мәртебелі меймандарға көрсетуге әдейілеп дайындалған объек­ті­лерге ғана ат басын бұрып, таң-тамаша болып жүретіні жасырын емес. Осы ретте кезінде бір облыс басшысының рес­пуб­ликалық семинар өткізуге дайындық жөнін­дегі жиынды қорытындылай келе: «Сіздер мұны көзбояушылық деп ойлама­ңыз­дар, бұл – біздің қолымыздан не келетінін көрсету», деп күлгені есімізге түсті. Осылайша, «жа­ман­дықты жасырып, жақ­сылықты асыруды» шенеуніктердің көбі әдетке айналдырған сияқты. Ал мұн­дай көзбояушылықты құп көрмей, қасына тіпті көмекшісін де ертпестен, жалғыз жүргізушісімен бірге шалғайдағы шаруа­шылықтарды аралап, көзіне түскен кемші­ліктерді дереу түзеткен кейбір беделді басшылар жайлы аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге ел аузында жүр.