Жоғарыда атап өткен оқушының шаппақ дәптеріне жазылған жазбаны жария еткен ақынның немере-жиені Айдар Қырықбаев. Күнделікті сақтаған Ғали атамыздың жары Айтбала апамыз екен. Көлемі шамамен 60 бет. Осы құнды мұраның қазіргі иесі Айдардың айтуынша, күнделік латын әліпбиімен жазылып, ешқандай дақ түспей жақсы сақталған. Жазуы өзгермеген. Қазір ескі латын жазуын оқитын адамдар аз. Бірақ алдағы уақытта жазбаны қазіргі жазуға түсіртпекші. Сонымен қатар бұл мұра жыр алыбы жайлы зерттеуге тың мәлімет қосары анық, дейді жамбылтанушылар.
Десек те, анық та, қанық жазылған мәтінді ептеп ежіктеп оқуға болатын сияқты. Алдын-ала болжам бойынша, күнделікте Жамбыл атамыздың былайғы өмірі, адамдармен қарым-қатынасы және кейбір айналымға енбей қалған өлеңдері болуы мүмкін. Бұл мұра қалай десек те құнды.
Өйткені жыл алыбына әдеби хатшы болған қаламгерлер (Әбділда Тәжі-баев, Қапан Сатыбалдин, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Тайыр Жароков) арасында Жәкеңе аса жаққаны осы Ғалекең көрінеді. Үлкен ақын, ғалым Әбділда Тәжібаев 1957 жылы жазған «Жамбыл және Ғали» атты мақаласында: «Заманы бір, өнері бір қазақ ақындарының бірсыпырасы ұлы қарияның жас құрбы, жас достарындай еді. Біз Жамбылдан үйренсек, Жамбыл бізден үйренетін. Жыр ұясындай, тіл қазынасындай ақын аузын ашса сөз алтыны төгілетін. Өзі ағытып айтатын, нөсерлете құйылып айтатын толғау-термелерден басқа, жатқа білер дастандары қаншама еді?! Талай ырғақтар, талай ұйқастар, отты, өрелі сөздер оның аузынан ұшып, біздің кеудемізге, зердемізге қонатын. Ол айтатын шешен әңгімелер, хикаялар, ертектер, мақал-мәтелдер де таусылмастай кен еді. Сүйсіне тыңдап, сүйе жаттайтынбыз бәрін де. Ал сол сияқты мол ақын, кен ақын кітап, газетті, жазатын ақын-дардың өлең-жырларын, жазушылардың шығармаларын да біз арқылы танып, біз арқылы қанығатын... Сөйтіп, біз сүйікті қарттың көзі де, құлағы да болатынбыз. Сол көмекшілерінің ішінде Жамбыл қарттың ең жақыны – еңкек тарта бастағанша Жамбылға құлындай қызмет қылған Ғали Орманов болатын. Ғали әзиз атаның басшылық та, қосшылық қызметін қоса атқарды. Көп жыл бірге жасасып, бастасына да, тұстасына да айналған жас досын Жәкең баласындай көріп кеткен. Ол қуанышын да Ғалиға айтатын, ауырса мұң-сырын да Ғалиға айтатын. Әрі сақ, әрі жасқа қаталдығын ұстана білген атаның сеніміне енбей, көңілін таппай, оны қажетті кезінде отандық мәні бар, үлкен тақырыптарға жырлата беру де оңай емес-тін. Көрінген кісінің көлденеңнен кірісіп, «Жәке, жырлаңызшы» дегеніне ол жырлай салмайтын. Домбырадай бұрап, күйіне келтірмей, үлкен кеудесіне толғақ түсірмей, жүрегін еліктірмей Жәкең жағын ашпайтын. Есітпеген, ұқпаған «аңқау» боп қоя салатын. Ал Ғали өзі дарынды ақын болғандықтан қарт ақынның жүрек кілтін шерте білді. Оған қозғау салу үшін, ең алдымен, еріксіз тебіренуіне ақылды әңгіме айтатын, содан соң бірте-бірте жыр жолына жетектеп түсіретін. Міне, сол кезде кәрі тарлан домбырасына жабысатын да, қос ішектен үн табатын да қосылатын. Ал Ғали дүниеге жаңа туған ғажайып жырларды қағазға түсіретін. Кезінде бүкіл кеңес халқы сүйген Жамбыл өлеңдерінің көбін Ғали осылай жазып алған» («Ғали ғибраты» естеліктер: Алматы, «Білім» баспасы. 2006 ж. – 35 бет) депті.
Сол сияқты, аталған тақырып бойынша зерттеу жасаған ғалым Шырын Тойынбаева ханым: «Ғали ақын Жамбыл Жабаевқа 1939-1945 жылдар аралығында әдеби хатшылық қызмет атқарған. Тек қана әдеби хатшысы болған жоқ, әрі хатшысы, әрі сырласы, әрі досы, тіпті баласындай болды десе де артық емес» деген пайым айтса («Егемен Қазақстан» газеті. 02 маусым, 2021 ж.), танымал журналист Жанболат Аупбаев, Жамбыл ақынның «Сыздыққа» деп аталатын өлеңі және жинақ соңындағы сол туындыға берілген түсінікке сүйеніп: «...1884 жылдар шамасында Сыздық Кенесарыұлы Қырғыз еліне келген. Олар үй тігіп, мал сойып, құрметпен қарсы алған. Осы жиында Жамбыл да болған. Қырғыз ағайындар басында әкесінің кегін қуып келді деп Сыздықтан сескеніп, қысылса да соңынан райласып сөйлескен. Сонда Сыздық: – Мен сендермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарықасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы, – дейді. Қырғыз ағайындар Кенесарының алтын жүзігі мен сарықасқа ерін береді де, сүйегін тауып бере алмайды. «Он бір жыра» деген жерге көмілген екен, білетін адам өліп қапты деп жауап береді. – Қап, болмас! – деп отырды да Сыздық сарықасқа ердің басын қанжармен қақ айырып шауып, жіліншік-жіліншік алтындарды алды. «Әкемді өлтіруін білсеңдер де, алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақасы жоқ, бұйырған нәсіп қой!» деп қалтасына салды» деп Жамбыл атамыз өзі куә болған осы бір тарихи оқиғаны әдеби хатшысы Ғали Ормановқа айтып, жаздырып кеткені жайлы баяндайды.
Қалай десекте Жамбыл Жабаев атамыз екі ғасырдың жүзін көрген, екі дәуірдің куәсі болған тұлға. Сол себепті жыр алыбының айтары да көп екені анық. Бұл жолғы көпшілікке ұсынылып отырған күнделікте ақынның кеңестік көзқарасқа үйлеспеген сөздері һәм жыры болуы мүмкін ғой. Сол себепті ақылды хатшы екінің бірі оқи бермейтін латын ғарпінде хатқа түсіріп, жеке архивіне сақтап қоюы ғажап емес.