Аймақтар • 03 Қараша, 2021

Кәрі құдаң – қыстың әлегі аязы ғана емес...

915 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Солтүстіктің қытымыр қысы әлі кү­ші­не толық енбесе де күшеншек айы туып тұр. Суық ызғардан демін ішке тар­тып, адам­дардың күшене беретін мезгілін терістіктер осылай «күшен­шек айы» дейді.

Кәрі құдаң – қыстың әлегі аязы ғана емес...

Қыстың беті қалай болады, был­тыр­ғы­дай қары тым қалың, күн­дері тым суық болмас па екен деген сұрақтарды «Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Наталья Левинаға қой­ға­ны­мызда ол болжам бойынша қараша айы­ның суығы нормадан ауытқымай, минус 6-8 градус аралығында болатынын жеткізді. Тек екінші онкүндіктің ор­тасында түнгі мезгілдегі суық 25, ал күндіз 13 градусқа жететінін айтты. Осы айдағы қардың қалыңдығы 22-32 мм деңгейінде болып, нормадан аспайды екен. Ал айдың екінші онкүн­ді­гінде көк­тайғақ пен қалың тұманның жүр­гін­ші­лерге қаупі зор болмақ.

Қыстың кәріне мінетін мезгілінің басы саналатын желтоқсанның ауа райы нормадан ауытқымай, айдың орташа температурасы 12-14 градустың аралығында болмақ. Бірақ осы айда да 30-35 градустық аяздар көрініп қалады.

Алдағы қыстың ең суық айы қаң­тар болмақ. Бұл айдағы орташа тем­пература минус 17-20 градустың ма­ңын­да болғанымен 35-40 градустық үс­кіріктер де жиі болатын көрінеді. Жа­уатын қардың қалыңдығы 14-23 мм төңірегінде, қалыпты нормадан аса ауытқымайды. Бірақ осы айда антицик­лон деген бәле жиі келіп, боран мен ызғырықтар көп болады екен.

Ақпан да қаңтардан алыс кетпей, үскірігі мен бораны кем болмайды деп болжанған. Дегенмен бұл айдың орташа температурасы 14-16 градусқа дейін жоғарылайтын көрінеді. Солтүстіктіктер «боран айы» деп атайтын наурызда қыстың үскірігі үзіліссіз борандарға ауы­сып, қар қалың түседі. Биылғы қыста да оның 19 мм төңірегінде болатыны болжанып отыр.

Бүгіндері Солтүстік тұрғындарын күз­де көшіп жеткен қоныс ауда­ру­­шы­лардың жай-күйі алаңдатады. Жуырда болған облыс әкімімен кездесуде осы жолдардың авторы қоныс аударушылардың қыс алдындағы жай-күйін анықтап, тексеріп шығатын об­лыс­тық комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері де енгізілгені дұрыс болар еді дедік. Әйтпесе, аудан әкімдері бәрі жақсы деп есеп бергенімен қоныс аударушылардың біразы үйлерінің жылынбайтынын айтып шағымдануда. Соларға облыс күшімен жедел көмек көрсетіліп, ал құрылысты дұрыс жүр­гіз­бегендердің, шала біткен үйлерді қабылдағандардың ісімен айналысуды кейінге қалдыруды сұрадық. Біздің ұсынысымызды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қолдайтынын айтты.

Жолды жауып тастайтын қалың қар мен соқыр боранға қарсы қандай әрекеттер жасалып жатқаны туралы облыстық ТЖ департаментінің төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Серік Наурызбаевтан сұрағанымызда ол біршама толымды ақпарат берді. Облыс аумағында қар басып қалатын 392 учаске есепке алынған. Оның
130-ы республикалық, 131-і облыстық және 131-і жергілікті жолдарда болады. Жалпы ұзындығы 1180 шақырым болатын осы учаскелердің өне бо­йында кезекшіліктер жүргізілмек. Өткен, 2020-2021 жылдары осы учас­ке­лерде 198 төтенше оқиға болған (оның 155-і жолды қардың басып қалуы). Жол ашу үшін 850 бірлік тех­ни­ка бөлініп, 2068 адам үсіп кету қаупінен құтқарылған. Адамдардың жы­лынуы үшін ұйымдастырылған 23 пунктке 359 адам орналастырылған, оның 55-і балалар. Өңірімізде қыстың қиын жағдайлары, әсіресе Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Есіл, Уәлиханов аудандарында жиі болады.

Жекеменшік үйлерде тұратындар көлеміне қарай 7-8 тонна көмір, 5-6 куб отын жағуға мәжбүр. Көмірдің тон­насы 20 мың теңгеден асты, ал жылы киімнің қым­баттауы 15-20 па­йызға жеткен. Отын­ды көп жаққаннан өрт болу қаупі де жиілеп кетеді. ТЖ департаменті бас­ты­ғының орынбасары Орал Әбдірах­ма­новтың айтуына қарағанда, биыл жыл басынан бері облыста 596 өрт тіркелген, оның салдарынан 41 адам қаза болып, 37 адам ауыр жараланған. Шығынның жалпы көлемі 229 млн теңгеге жеткен. Тілсіз жаудың 72%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Оның негізгі себептері – электр жабдықтарын мон­таждау және тех­никалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді ор­нату және пайдалану ке­зінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.

Қыстың материалдық әлегі осындай болуымен қатар бұл облыс тұр­ғын­дарының шығындарын да арттырады. Сондықтан солтүстіктегілерге Кеңес Одағы жылдары 15 пайыздық үстемеақы төленетін. Қазір ондай жоқ. Депутаттар айтып, журналистер талай жазса да бұл мәселені шешуге ешкім ықы­лас танытпай-ақ қойды. Негізінде, мем­лекетшіл тұлғалар, атқарушы әр өңір­дің ерекшелігін ескеруі керек деп ой­лаймыз.