Саясат • 04 Қараша, 2021

Тәуелсіздік мерекесіне орай сотталғандарға рақымшылық жасалады

243 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау мәселесі қаралды.

Тәуелсіздік мерекесіне орай  сотталғандарға рақымшылық жасалады

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының жобасы жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. «Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасын мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылармен талқыладық. Ғылыми-құқықтық сараптама жасалды. Еліміздегі 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам – пробациялық бақылауда», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, 2 236 сот­та­лушыға, 11 310 пробацияда тұрған адам­ға рақымшылық жасау жоспарланған. Нәти­жесінде, 1000 адам қамаудан бостан­дыққа шығады. 3 818 адам проба­ция­лық бақылаудан босатылады. «Екін­шіден, 1 294 сотталушыға, 7 294 пробация­да тұрған адамдарға жаза мерзімі қыс­қар­тылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі өнді­рі­сіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқар­тылады. Оның ішінде 1 674 адам қыл­мыс­тық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдары жаза мер­зімін қысқарту немесе босату ереже­лері қолданылады. Қылмыстық кодекс­тің 78-бабына сәйкес аса ауыр қыл­мыс жасаған адамдарға рақымшылық қарас­ты­рылмаған», деді Е.Тұрғымбаев.

Заң жобасын талқылағаннан кейін Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. Мәжіліс Төрағасы бұл жолғы рақымшылық шарасында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. «Биыл егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық – мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің жә­не аза­маттардың қауіпсіздігіне қауіп келтір­мейтін қылмыс жасағандар босатылады. Сонымен бірге осы заң жобасында алғаш рет әлеуметтік төмен топқа ерекше назар аударылып отыр», деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, рақымшылық аясында жазадан босаған адамдардың қалыпты өмірге кірігуіне жағдай жасалмақ. Яғни бостандыққа шыққан адамдарды жұмысқа орналас­тыру, әлеуметтік және басқа да көмек көр­сету мәселелері осы құжатта жан-жақты қаралғанын жеткізді.

Отырыста «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. «Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл рет­те талаптарды белгілеу шарттарын сақтау, кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгі­зуге жол бермеу ескерілген. Сонымен қа­тар мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйек­тілігі, бұрын қабылданған шешім­дердің сабақтастығы, сондай-ақ мемле­кеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сені­мін арттыру қарастырылған. Өзара іс-қи­мылдың базалық қағидаттарын жетіл­діру кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Ведомство басшысының айтуынша, «бір талапты қосып, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағылардың екеуінің орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді. «Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс­ты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың Тізілімін құру көзделеді. Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәй­кес келетін талаптар ғана енгізілуге жа­тады. Бұдан басқа, нормативтік құқық­тық актілердің жаңа реттеушілік сая­сатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқын­да­ла­ды. Демек олар сәйкес келмеген жағ­дай­да құқықтық актілер қайта қара­лады неме­се жойылады. Бұл қағидат қауіп­сіз­дік­тің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін мін­детті талаптардың санын оңтайлан­дыруға, бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілер базасын жетілдіруге ықпал етеді», деді министр.

Бұдан кейін «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық заңына өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы таныстырылды. Құжатқа депутаттар бастамашы болды. Баяндама жасаған депутат Нәзилә Раззақтың айтуынша, заңнамалық өзгерістер судьялардың кәсібилігін, сондай-ақ жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін негізгі екі ба­ғыт­­қа назар аударылды. Ең алдымен, бұл сот жүйесін қаржыландыруға байла­ныс­ты. Соттардың қаржылық дер­бес­тігі – сот билігі тәуелсіздігінің негізгі көр­сет­кіш­терінің бірі. Сондықтан ха­лық­аралық тәжі­рибеге сәйкес сот жүйесі бюд­жетінің мөл­шерін пайызбен белгілеу ұсы­нылады. Бұл сот жүйесі бюджетін қалып­тас­тыру­дың жаңа моделі.

Сот жүйесіне жұмсалатын шығыстар 001 бюджеттік бағдарламасы бойын­ша барлық мемлекеттік орган шығыс­та­ры­ның кемінде 6,5 пайызын құрауға тиіс.

Келесі бағыт судьялық кадрларға бай­ланысты болмақ. Сот жүйесіне кәсі­би мамандарды тартуға байланысты бір­неше ұсыныс жасалып отыр. Бірінші, мамандандырылған судья лауазымына үміткерлерге арналған біліктілік емтиханы енгізілмек. «Екінші, біліктілік емтиханына қайта жіберу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқартылады. Үшінші, басқа соттарға кан­дидаттарды іріктеу кезінде, құрамы аз және шалғайдағы соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар үшін басым­дық белгіленеді. Төртінші, судьяларды тәр­тіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мер­зім­дерін заңсыз әрекет жасалған күннен бас­тап бір жылдан екі жылға дейін, ал анық­талған күннен бастап үш айдан бір жылға дейін ұлғайту қарастырылады. Бесін­ші, Жоғары сот кеңесінің тұрақты мүше­леріне Жоғарғы сот судьясының жала­қысы мөлшерінде жалақы белгілеу ұсы­ны­лады», деді Н.Раззақ.

Жалпы отырыста «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. «Заңнамалық өзгерістер әкімшілік заңнаманы жетілдіруге, сот жүйесін қаржыландырудың жаңа мо­делін қалыптастыруға, судья кадрларын рет­теуге бағытталған. Осыған байланысты бюд­жет, қылмыстық-процестік, әкім­ші­лік-рәсімді процестік кодекстерге және Жо­ғары сот кеңесі туралы заңға өзгеріс­тер енгізуді қажет етеді», деді депутат Н.Раз­зақ.

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. «Заң жобасы медиация институтын дамыту және дау­ларды реттеу кезінде азаматтарға көмек көрсету мақсатында әзірленді. Заң жоба­сының негізгі ережелері татуластыру рә­сімдерін қолдану саласын кеңейтуге, дау­ларды татуластыру арқылы аяқтау мүм­кіндігіне халықты неғұрлым белсенді тар­туға бағытталған», деді Мәжілісі депутаты Снежанна Имашева.

Депутаттың айтуынша, жекелеген түзе­тулер медиацияны жүргізу тәртібі мен тәсілін жетілдіруге, медиация тарап­тарының құқықтары мен міндеттерін нақ­тылауға, медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұнына, сондай-ақ медиаторлар ұйымдарының функцияларын айқындауға бағытталған. Бүгінде медиация институтын дамытумен жүйелі негізде айналысатын бірде-бір орган жоқ. Сондықтан заң жобасында тиісті өкілетті органды айқындау және оған осы үшін қажетті құзыреттер беру ұсынылады.

Жиын барысында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы заң жобасы қаралды. Атал­ған құжат бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұ­манғарин баяндама жасады. Оның ай­туынша, заң жобасы үш негізгі реттеу­ші кедергіні шешуге бағытталған. Бірін­ші, «негізгі қуатқа» шектеулі қол же­тім­ділік. Яғни инфрақұрылым, ресурс­тарға қол жеткізбестен бизнес тұтыну­шы­ларға қызмет көрсете алмайды.  «Екін­ші – бағаны бұрмалау. Бүгінгі таңда Кәсіп­керлік кодекс­те бағалық реттеуге жататын тауарлардың 14 түрі көзделген. Іс жүзінде әкімшілік бағаны бақылау шаралары қолданылатын тауар нарықтары одан да көп. Үшінші мәселе – селективті қамқоршылық немесе фаворитизм. Бұл жекелеген компанияларға нарықтық билік беретін құқықтық актілерді қабылдау, мемлекеттік қолдау шаралары, әдетте, бәсекелестіктің аллокативті тиімділігін бұрмалайтын атаулы сипатта болады», деді С.Жұманғарин.

«Негізгі қуатқа» қол жеткізу – маңыз­ды міндет. Бұған магистралды темір жол, бай­ланыс арналған кабельдер, кәріз, өңделе­тін бастапқы металдар, теңіз порттары, дәрі-дәрмек өндіруге арналған заттар, өн­діріс технологиялары кіреді. «Ке­лесі ма­ңызды қадам – мемлекеттік және жеке опе­ра­торлардың қызметін рет­теу. Бүгінде мо­нополияны енгізу негіз­дерін Кәсіп­керлік кодекс мемлекеттік айқын­дайды», деді С.Жұманғарин.

Оның айтуына қарағанда, ең бастысы, операторлардың санын азайту қажет. Қазір 9 оператор бойынша түбегейлі шаралар қабылданады. Олар заң жобасы қабылданғаннан кейін мәртебесінен айырылады. Заң жобасының тағы бір бағыты мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқартуға арналған. Қазіргі таңда Қазақстанда коммерциялық профильді 2 мыңнан астам кәсіпкер құрылған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік меншікке секторалдық талдау жүргізу ұсынылып отыр.

Жиын соңында депутаттық сауалдар жолданды.