«Дұрыс таңдау жаса» әлеуметтік жобасы аясындағы аталған іс-шараны ұйымдастырушы Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Сымбат Әубәкірова байқауды өткізудегі басты мақсат жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жұмысшы жастарды оқыту және қайта даярлау бойынша мамандықты дұрыс таңдауды, сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау екенін айтады.
– «Дұрыс таңдау жаса» жобасын «Қарағанды облысының жұмысшы жастар одағы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асыруда. Жобаның мақсатты тобы – оқушылар, кәсіптік-техникалық колледждердің студенттері, NEET санатындағы жастар, – дейді С.Әубәкірова.
«Дәнекерлеу ісі», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз-стилист» және «Шаштараз-модельер» мамандықтары бойынша сайысқан үміткерлердің өнеріне құрамына қызметтің жоғарыда аталған түрлерінің кәсіпқойлары, қалалық мәслихат депутаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшелері және ҮЕҰ өкілдері енген комиссия төрелік жасады.
Байқау қорытындысында Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студенті Дәуренбек Совет «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің студенті Далир Суфанкулов «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы, Қарағанды тау-кен индустриялық колледжінің студенті Асылжан Зейнелкобден «Дәнекерлеу ісі» мамандығы, Қарағанды технология және сервис колледжінің студенті Александра Ерохина «Шаштараз-стилист» мамандығы және Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің студенті Анастасия Жмайлова «Шаштараз-модельер» мамандығы бойынша жеңімпаз болып танылды.
Үздік атанған студенттер сертификаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.