Өнер • 04 Қараша, 2021

«ТеатрALL» – тәуелсіздікке тарту

286 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында елордада «ТеатрALL» халықаралық театр фестивалі өтті. 28 қазан мен 3 қараша аралығында астана халқы мен шаһар қонақтарына таңғажайып театр думанын сыйлаған өнер мерекесін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

«ТеатрALL» – тәуелсіздікке тарту

«Тамаша жоба жалғасын табады»

 «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамаша бастамасының өзектілігі мен маңызы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тіпті арта түскендей. Өйткені егеменді Қазақ­станның уақыт ағзам алақанындағы сындарлы 30 жылдық тарихы тікелей мәдениет һәм ұлттық өнерімізбен де тікелей байланысты екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек. Қайталанбас өнерімен төрткүл дүние назарын өзіне бұрғызып, шартарапты таңдай қаққызып жүрген небір дүлдүл дарындардың таланты бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін асырып, абыройын биіктетіп, сындарлы елдің сырттағы беделін асқақтатып келе жатқанына тарих куә. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне ұйымдастырылып отырған айтулы театр фестивалі де осы жемісті жобаның сәтті жалғасы болса керек.

Иә, бүгінде астанамызды шартарап мәдениеттің ордасы деп танып жатса, ол – мәртебелі өнердің арқасы. Пандемияға байланысты біраз уақыт тоқырап, тоқтап тұрған театр тынысы қайта ашылғандай. Оның айқын айғағы – бір апта бойы Ар­қа төрін думанға бөлеген «ТеатрAll» ха­лық­­аралық театр фестивалі. Е.Бруси­лов­скийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсымен шы­мылдық түрген театр тойы шын мә­нінде өнердегі үлкен жаңалық болғаны анық.

– Фестивальдың негізгі міндеті – әртіс­теріміздің, театрларымыздың шығарма­шылық әлеуетін біріктіру. Әу баста рес­пуб­ликаның бүкіл 56 театрының басын елорда төрінде қосу, еліміздің барлық өңі­рінен ұжымдарды шақыру идеясы болды. Алайда шектеулерге байланысты бұл ойымызды орындай алмадық. Бірақ бір қуантарлығы – бұл фестивальды жыл са­йын өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы әлем бойынша эпидемиялық ахуал тұрақтанып, жағдай жақсарған кезде еліміздің барлық өңірінің басын қосып, халықаралық деңгейде театр фестива­лін өткізе аламыз деп үміттенемін. Біраз шетелдік театр әкімдік пен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, фестивальға қатысқысы келетін ниет­те­-
рін білдіріп жатыр. Сондықтан ұсыныстар­ды ескеріп алда айтулы шараның ауқы­мын кеңейтіп, Арқа төрінде төрткүл дү­ние театрларының басын қосамыз деген мақсатымыз бар. Тамаша жоба жалғасын табады. Бұл – ұлттық өнеріміздің өр­кендеуі, дамуы үшін маңызды қадам, – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

 

«Нұр-Сұлтан – Орталық Азия театр мәдениетінің орталығы»

Театр десе ішкен асын жерге қоятын талғампаз көрермен бір апта бойы аста­наның 12 театры мен Мәскеуден арнайы шықырылған театрлардың үздік қойы­лымдарын тамашалады. Атап айтсақ, «Астана Опера» мен «Астана Балет», Қ.Қуа­нышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар», Astana Musical, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрлары, Музыкалық жас көрермендер театры, «Наз» мемлекет­тік би театры, «Қанаттылар» инклюзивті ­театры, сонымен қатар «А.И» театры мен «Современник» халықтық жастар театр­лары ұжымы репертуарындағы үздік қо­йылымдарын көзіқарақты көрермен мен талапшыл театр сыншыларының тал­қы­сына ұсынып, кәсіби мамандардың баға­сын алды. Биылғы фестиваль бағдар­ла­масын сараптауға жиналған мамандар арасында Грузиядан арнайы шақырылған білікті театр сыншысы, өнертану докторы, профессор, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының президенті Лаша Чхартишвили де бар. Қазақ өнері жайлы шетелдік маман былай дейді:

– Қазақстанның театр өнерімен жақ­сы таныспын. Бұған дейін де бірнеше өнер додасына сарапшылық еткенмін. Нұр-Сұлтан тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия театр мәдениеті­нің орта­лығы болып саналады. Қазақстан­да көптеген фестиваль өтті. Мұндай өнер думаны актерлер мен режиссерлерге, жал­пы сахнаның қай сала маманына бол­­­масын шығармашылығын дамытуға, жаңа­руға көмектеседі. Қазір пандемия кезеңінде театр процесі жаңарып, тың із­деністер байқалуда. Астаналарыңызда болу және қазақ өнерімен танысу мен үшін қа­шанда өте қызық. Фестиваль аясын­да тамаша жұмыстардың куәсі бол­дық. Сол үшін актерлер мен режиссерлер­ге, ұйым­дастырушылар алқасына осындай мағы­налы да мазмұнды шараға бастамашылық еткені үшін алғыс айтамын.

 

«Фестиваль – жастар үшін шеберлік мектебі»

Халықаралық театр фестиваліне құр­метті қонақ ретінде қатысқан Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, қазақ­тың Қыз Жібегі атанған актриса Меруерт Өтекешова да фестиваль ұйымдас­тыру­шыларынан алғысын аямады:

– Елордамызда үлкен мереке – керемет театр фестивалі өтті. Оны «Қыз Жібек» операсы ашқаны қуантады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фестивальдың бұл тағылымды қадамы. Мұндай фестивальдардың халық үшін, шығармашылық адамдар үшін маңызы айрықша. Әсіресе студенттер мен жастар үшін бұл үлкен шеберлік сабағы болмақ. Өйткені олар өнерді өз көзімен көріп, естуі керек, деді актриса.

Ауқымды іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан Ресейдің Кіші Бронная­дағы Мәскеу драма театры мен С.Образ­цов атындағы Мемлекеттік академиялық Орта­лық қуыршақ театрларының көрер­менге тарту еткен «Человек Летучая Мышь против Леонида Ильича Брежнева» және «Турандот» қойылымдары фести­валь бағдарламасын байытып, өнер думанының ажарын аша түскендей.

– Біз Нұр-Сұлтан қаласына қонақ бол­ғанымызға қуаныштымыз. Гастроль пандемияның қиын кезеңінде өтсе де, фестивальды ұйымдастырушылар да, кө­рермендер де мүмкіндік тапты. Өйткені актерлер мен көрермендер арасынд­а­ғы қарым-қатынас театрдың маңызды бө­лігі болып саналады. Онсыз театрдың ертеңі жоқ» деп Кіші Бронная театры­ның көркемдік жетекшісі Константин Бого­молов өз ойымен бөлісті.

Мәскеулік театр ұсынған спектакль сюжеті КСРО кезіндегі тоқырау дәуірінде жүрген адамның әрекеті мен мінез-құлқын көрсетеді. Классика жанры бо­йынша комикстердің кейіпкері Кеңес Одағында өмір сүреді және қарапайым жазушы азамат – Дудчкин кейпінде жасырынады. Осылайша, бас кейіпкер түр­­лі әрекеттердің ортасынан табылып, оқи­ға желісін жандандырады. Режиссер Александр Денисовтің бұл қойылымы егде адам­дардың жастық шағын еске түсірсе, жастарды кеңес кезе­­ңінің өмір салтымен таныстырады. Қо­йы­лымнан соң спектакль жөнінде «Аста­на Балет» театрының директоры Алек­­сандр Севостьянов мәскеулік режис­сер­дің аталған қойылымы – ХХІ ғасыр ада­мының көзімен Брежнев дәуіріне деген иро­ниялық көзқарас екенін, спектакльде бізге та­ныс кеңестік ән, кино, тұр­мыстық салт өте көп екенін және ол көрер­мендер көңі­лінен ерекше орын табатынын атап өтті.

 

30 жылдыққа – 30 жүлде

Рас, екі жылға жалғасқан пандемия театр әлеміндегі емен-жарқын шығар­машылық талқылаулар мен естен кетпес жүздесулерге айтарлықтай тежеу қойып, өнер кеңістігіндегі келелі мәселелердің мәйегіне бойлауды біраз бәсеңсіткені анық. Бірақ соған қарамастан ізденістерін тоқтатпаған театр тарландары айтулы фестиваль аясында жаңа жұмыстарын көпшілік талқысына ұсынып, өздерінің әлі де шығармашылық бабында екендіктерін тағы бір мәрте паш етті.

Ал фестиваль шеңберінде театр сын-
шы­лары, режиссерлерінің қатысуымен өткен «Қазақстандағы заманауи театр үр­дісі: мәселелері мен шешу жолдары» тақы­рыбындағы ғылыми-тәжіри­бе­­лік кон­ференцияда отандық театр өне­­­рінің келелі мәселелері сөз болды. Елі­­­міздегі театрлардың хал-ахуалы, театр­ сын­­­шыларының қызметі, жас дра­ма­тург­­тер шығармашылығын насихаттау жай­лы пікірлер айтылды, «ТеатрAll» халық­аралық театр фестивалінің жұмысы қоры­тындыланды. Құрамы театртану мамандары мен театр сыншыларынан жасақталған сарапшылар алқасының шешімімен үздік театр ұжымдары мен талантты актерлер жұмысы арнайы дип­лом және бағалы сый­лықтармен марапатталды.

Айта кетерлігі, Қ.Қуанышбаев атын­дағы академиялық қазақ музыкалық дра­ма театрында өткен фестивальдың жабы­лу салтанатында «ТеатрALL» бірінші театр сыйлығы табысталды. Сараптамалық кеңестің шешімімен Нұр-Сұлтан қаласы театрлары арасында тағайындалған кәсі­би сыйлық Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының құрметіне 30 аталым бо­йынша берілді. Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша «Ең үздік спек­такль» аталымындағы бас жүл­де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жас­тар ­театры» труппасы ұсынған У.Шекс­пирдің «Асауға тұсау» комедиясына (ре­жис­сері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) табыс­талса, Н.Мошинаның «Дүние-ғапыл» ме­та­физикалық драмасын қойған режис­­сер, Музыкалық жас көрермендер театры­­­ның директоры Асхат Маемиров «Үз­дік ­режиссер» атанды. Ал үздік актерлер қата­рын Айнұр Бермұхамбетова, Жан­дәулет Батай, Самал Еслямова бастаған талантты актерлер толықтырды.

Елордада өткен айтулы өнер дума­ны­ның тағы бір ерекшелігі – қатысу­шы­лар тек фестиваль бағдарламасы­на енген қызық­ты қойылымдарды ғана көріп қойған жоқ, сонымен қатар театр апталығы алаңын­да Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының көркемдік жетекшісі Наталья Дубстың бір апта бойы өткен шеберлік сабағы­на қатысу мен Byterekte заманауи өнер көрмелері, сондай-ақ суретші Ләйлә Махаттың бейнелеу өнері галереясын та­машалауға да керемет мүмкіндік алды.

Бас қала төрін думанға бөлеген өнер мерекесі осылайша өз мәресіне жетті. Саф өнерге сусап қалған көрерменнің көңілін көтерген театр тойы – шын мә­нінде өнер оқиғасы. Бізді қуантқаны – тағы­лымды жобаның осымен аяқталып қалмай, жыл сайын жалғасын табатыны. Ал биылғы «ТеатрALL» театр апталығы – «қыздың мөлдір көз жасындай» саф өнер өкілдерінің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тамаша тартуы.