Сонымен, Қазақстан құрамасының боксшыларынан жартылай финалға Теміртас Жүсіпов (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг) және Абылайхан Жүсіпов (67 кг) жолдама алды. Байқасаңыздар, жартылай финалға тек жеңіл салмақтағы отандастарымыз ғана шықты. Ал ауыр салмақтағы жігіттеріміздің көбі ширек финалға жетпей сүрініп жатты. Демек ұлттық құрама бас бапкері Қайрат Сәтжановтың алдағы уақытта ауыр салмақтағы боксшылармен көбірек жұмыс істеуіне тура келеді.
Сейсенбі күні өткен ширек финал жекпе-жегін қазақстандық спортшылардан бірінші болып 48 кило салмақта тәжірибелі боксшымыз Теміртас Жүсіпов бастап берді. Алғашқы айқасында ринг қожайыны Омер Аметовичтен 4:1 есебімен айласын асырған жерлесіміз ширек финалда өзінің басты қарсыласы – өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовпен кездесті. Бұл жекпе-жек Теміртас үшін тек жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салатын айқас қана емес, осыдан санаулы ай бұрын Ресей шаршы алаңында кеткен есесін қайтаратын тамаша мүмкіндік болатын. Сондықтан ол бұл кездесуде қалайда жеңіске жетуі тиіс еді. Бірінші раундтан бастап арақашықтықты сақтап, қарымта шабуылмен жұмыс істеген Жүсіпов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Екінші және үшінші раундта да белсендігін бір сәтке де төмендетпеген жерлесіміз қарсы соққымен қарсыласын күтіп алып отырды. Теміртас шаршы алаңда еркін қимылдап, Мирзахмедовтің бірде-бір соққысын өзіне дарытқан жоқ. 2019 және 2021 жылдары екі дүркін Азия чемпионы атанған өзбек боксшының көп соққысы ауа қармап қалып жатты. Сөйтіп, үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен отандасымыз кеткен есесін де қайтарды. Енді Теміртас финалға жолдама беретін бәсекеде Беларусь өкілі Евгений Кармилчикпен жұдырықтасады.
51 кило салмақтағы өкіліміз Сәкен Бибосынов екі жыл бұрынғы ерлігін қайталады. 2019 жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінде қола медаль иеленген жерлесіміз биыл тағы да жартылай финалға шықты. Енді Бибосынов қалған жекпе-жектерінде де аянып қалмас. Ол ½ финалда таиландтық Танарат Саенгфетпен кездеседі.
Ересектер арасында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысып жатқан 54 кило салмақтағы Махмұд Сабырхан ширек финалда бразилиялық Майкл Тринидадпен кездесіп, өте тәжірибелі қарсыласынан айласын асырды. Осылайша, 20 жастағы отандасымыз алғашқы әлем біріншілігінде-ақ жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр. Енді ол финал жолдамасын үндістандық Акаш Кумармен сарапқа салады.
Олимпиададағы сәтсіздігінен кейін қателігімен жұмыс істеп, жеңілісінен сабақ алған 57 килодағы Серік Теміржанов әлем біріншілігінде тәуір жұдырықтасып жүр. Барлық қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп келе жатқан павлодарлық боксшы бұл кездесуінде де Ресей чемпионы Эдуард Саввинді 5:0 нәтижесімен айқын ұтты. Енді жартылай финалда қазақстандық боксшыны кубалық Освел Кабальеро Гарсия күтіп тұр. Бұл осы әлем біріншілігіндегі Қазақстан және Куба боксшыларының алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Ел қоржынына жартылай финалдың соңғы жолдамасын Қазақстан құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов салды. 67 кило салмақта жұдырықтасатын отандасымыз 1/4 финалда моңғолиялық Чинзориг Баатарсухты еліне қайтарды. Шаршы алаңда өз үстемдігін көрсеткен Жүсіпов төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсіп, осы біріншіліктегі моңғолдардың соңғы үмітін жарыс жолынан шығарып жіберді. Абылайхан жартылай финалда 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері жапониялық Севонрец Оказавамен күш сынасады.
Өкінішке қарай, ширек финалда өнер көрсеткен тағы бес боксшымыз жаһандық додадағы жекпе-жектерін аяқтады. Атап айтқанда, ағайынды Саматәлі (60 кг) және Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) жүлдеге сынық сүйем қалғанда жеңіліп, елге медальсіз оралатын болды. Дегенмен, төрешілердің шешіміне қарамастан, Санатәлі Төлтаев, Нұрқанат Райыс және Нұрбек Оралбайды жеңілді деп айта алмасақ керек. Тіпті бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев төрешілерге Санатәлі Төлтаевтың жекпе-жегін қайта қарауға шағым түсірген. Алайда қазылар алқасы бұл шағымды қараудан бас тартқан. Жалпы бүгінге дейін әлем чемпионатында бапкерлер тарапынан төрешілердің жұмысына 17 рет шағым түсірілген екен.
Айта кетейік, жартылай финал жекпе-жектері бүгінге, ал финалдық айқастар 5-6 қарашаға жоспарланған.