Спорт • 04 Қараша, 2021

Дэвис кубогына қаншалықты дайынбыз?

180 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары теннисшілердің Дэвис кубогы жаңа форматта өтіп жатқаны белгілі. Қараша айының соңында жалауы желбірейтін жарыста әлемдік рейтингте ең жоғары орындарды иеленіп отырған 18 команда бақ сынайды. Олар үш-үштен алты топқа бөлінген. Бұл бәсекелер Испанияның Мадрид, Италияның Турин және Аустрияның Инсбрук қалаларында өтеді. Біздің жігіттер Канада және Швеция құрамаларымен бірге В тобында өнер көрсетеді. Сол қарсыластарымыз жайын­да біз не білеміз?

Дэвис кубогына қаншалықты дайынбыз?

Дэвис кубогының рейтингінде осы үштіктің арасында Канада құрамасы бәрінен жоғары тұр. Қазіргі кезде олар 7-орынды иеленуде. Үйеңкі жапырақтар елі­нің өкілдері Әлемдік топта тоғыз мәрте өнер көрсетті. Өздерінің ең зор табы­сына 2019 жылы қол жеткізді. Осы­дан екі жыл бұрын Испанияның аста­насы – Мадридте өткен жарыстың топтық сайысында АҚШ пен Италияны жолынан ығыстырған канадалықтар ширек финалда Аустралияны ұтты. Жартылай финалда Ресейден басым түсті. Плей-оффтағы кездесулердің екеуі де 2:1 есебімен аяқталды. Бірақ финалда Испанияға есе жіберді – 0:2. Осылайша, құрамында Феликс Оже-Альяссим, Денис Шаповалов және Вашек Поспишил бар Канада құ­рамасы айтулы жарыста екінші орынды иеленді.

Пиреней түбегінде толағай табысқа қол жеткізген Үйеңкі жапырақтар елі биылғы жарыста да дәл сол серке ойыншыларына сенім артуды құп көріп отыр. Бүгінгі таңда осы мемлекеттің ең үздік теннисшілері – Феликс Оже-Альяссим мен Денис Шаповалов. Әлемдік рейтингте екеуі қатар тұр: Феликс – 12, Денис 13-орында. Монреаль қаласының тумасы Оже-Альяссим небәрі 21 жаста. Соған қара­мастан ол соңғы уақытта айшықты өне­рімен көзге түсіп жүр. Биыл Феликс Аус­тралияның ашық біріншілігінің төртін­ші кезеңінде ойнаса, Уимблдонның ширек финалына шықты. Ал US Оpen сайысында жартылай финалға дейін жетті.

Денис Шаповалов та – жастар буы­нының өкілі. Оның әке-шешесі Кеңес Одағында туып, кейіннен Израильге қоныс аударды. Денис сол жақта дүниеге келді. Арада біраз жыл өткен соң Шаповаловтар отбасы Канадаға көшті. Ал Денистің ең үздік нәтижесі – биыл Уимблдонның жартылай финалына жолдама алуы. Былтыр ол АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалында күш сынасты.

АТР рейтингінде 85-орында тұрған Вашек Поспишил – Чехияның тумасы. 31 жастағы сақа спортшының жұлдызды сәттері артта қалғанымен, әлі де түрлі тур­­нирлерге қатысып, айтарлықтай та­быс­тарға қол жеткізіп жүр. Әсіресе, ол – жұп­тық ойынның хас шебері. Ке­зінде Поспишил америкалық Джек Сок­пен бірге Уимблдон турнирінде топ жарды. Сондай-ақ Канада құрамасы са­пында Брайден Шнур (АТР-дің жұптар рейтингінде 226-орында) мен Питер По­лански (АТР рейтингінде 284-орында) секілді ойыншылар бар.

Швеция құрамасы Дэвис кубогының Әлемдік тобында АҚШ және Чехиямен бірге 31 мәрте өнер көрсетті. Бұл – рекорд­тық көрсеткіш. Олар 12 рет финалға шы­ғып, соның жетеуінде жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, шведтер 1975, 1984, 1985, 1987, 1994, 1997 және 1998 жылдары ша­шаларына шаң жұқтырмады. Бірақ соңғы кездері олар дүниежүзілік рейтингте 14-орынды қанағат тұтуда.

Иә, кезінде Скандинавия түбегінен Бьорн Борг, Матс Виландер, Йоаким Нюс­трем, Андрес Пер Яррид, Стефан Эдберг, Йонас Ларс Бьоркман, Томас Энквист және тағы басқа саңлақтардың көптеп шыққанын жанкүйерлер жақсы біледі. Солардың біразы «Үлкен дуылға» санатындағы турнирлерді сан мәрте ұтып, бірер жылдар бойы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастады. Бірақ ХХІ ға­сыр табалдырықтан аттағаннан кейін Швеция теннисі тоқырауға ұшырады. Күні бүгінге дейін олар сол олқылықтың ор­нын толтыра алмай келеді. Бүгінгі таңда айтулы елдің ең үздік ойыншысы 23 жастағы Микаэль Имер АТР тізімінде 101-орынды еншілеуде. Оның ағасы Элиас Имер 168-сатыға жайғасқан. Андре Йоранссон (АТР-дің жұптар рей­тингінде 66-орында) мен Джонатан Мридханың (АТР рейтингінде 551-орында) көрсеткіштері де көңілдегідей емес.

Бүгінгі таңда Дэвис кубогының рей­тин­гінде 17-орынды иеленіп отыр­ған Қазақстан құрамасы да Пиреней түбе­гінде қандай құрамда өнер көрсете­тінін жария етті. Қазіргі кездегі отан­дастарымыздың арасындағы ең үздік ойыншы Александр Бублик екені мәлім. 24 жастағы теннисші үздіктер тізімінде 34-орынды иеленуде. Тәжірибелі Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попкоға да зор сенім артылып отыр. Алғашқысы АТР рейтингінде 159-орынға тұрақтаса, екіншісі 162-орынды еншілеуде. Жұптық бәсекеде Андрей Голубев (АТР-дің жұп­тар рейтингінде 35-орында) пен Алек­сандр Недовесов (АТР-дің жұптар рей­тингінде 76-орында) өнер көрсетеді деп жоспарлануда.

Жерлестеріміз Дэвис кубогының Әлем­дік тобында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сол аралықта бес рет ширек финалға дейін жеттік. Ірік­теу турнирінен іркілмей өтіп, алғаш рет әлемнің ең үздік командаларымен күш сынасу мүмкіндігіне ие болған кез күні кешегідей көз алдымызда. Плей-офф са­йысының алғашқы айналымында құра­мында Томаш Бердых сынды саңлағы бар Чехияны (3:2) тізе бүктіріп, мәре-сәре болған едік. Алайда ширек финалда Аргентинаға (0:5) әліміз жетпеді. 2013 жылы Аустриядан (3:1) айламызды асырғанымызбен, чехтар (1:3) шаң қаптырып кетті. 2014 жылы Бельгиядан (3:2) басым түскенімізбен, Швейцарияға (2:3) есе жібердік. 2015 жылы Италияны (3:2) қапы қалдырғанымызбен, Аус­тра­лиядан (2:3) ұтылдық. 2018 жылы швей­цариялықтарды (4:1) сан соқтыр­ғанымызбен, Хорватияға (1:3) жол бердік.

2019 жылы Мадридте жалауы желбіреген жарыстың тұсаукесер кезде­суінде Қазақстан Нидерланд құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Тарқатып айтсақ, Ми­хаил Кукушкин Ботик ван де Зандсхулптан басым түсті – 6:2, 6:2. Алек­сандр Бублик Робин Хасеге есе жібер­ді – 5:7, 6:3, 6:7. Жұптық сайыс біздің жігіттердің пай­дасына шешілді – 6:4, 7:6. Келесі ойынды Ұлыбританияға қарсы өткіздік. Бірақ бұл жолы жолымыз болмады. Ку­кушкин Кайл Эдмундке есе жіберді – 3:6, 3:6. Бублик Дэниел Эванстан ай­ласын асырды – 5:7, 6:4, 6:1. Жұптар ара­сындағы бәсеке Тұманды Альбион елі өкілдерінің жеңісімен аяқталды – 6:1, 6:4. Осылайша, өз тобында екінші орын алған жерлестеріміз ширек финалға шыға алмады. Ал 2020 жылы коронавирусқа байланысты Дэвис кубогы өтпей қалды.

Өздеріңіз байқап отырғандай, соңғы 10 жылда Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік сегіз команданың қатарына бес рет қосылды. Отандастарымыз үшін бұл елеулі табыс екені сөзсіз. Себебі Әлемдік топқа жолдама алған командалардың сапында үнемі кілең ығай мен сығай өнер көрсетеді. Араларында атағы жер жарған жұлдыздар да жетерлік. Ал біздің елдің құрамында ешуақытта ондай дүлдүлдер болған емес. Егер АТР рейтингіне зер салсаңыз, осы күнге дейін бірде-бір жерлесіміздің «ТОП-30» ойыншының санатына енбегенін аңғарамыз. Мәселен, тасы өрге домалап тұрған кезінің өзінде Андрей Голубев 33-орыннан асқан емес. Мақтаулы Михаил Кукушкин сол межеге де жете алған жоқ. Оның АТР-дегі ең жақсы нәтижесі – 39-орын. Басқаларының көрсеткіштері де төмен. Соған қарамастан, отандық теннисшілеріміз ел намысы сынға түскен сәтте бір жұдырық болып жұмыла білді. Соның нәтижесінде Дэвис кубогында бірсыпыра мықты коман­даларды жолымыздан ығыстырып, ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Ал осы жолы көздеген межеміз – жартылай финал. Егер сол жоспарымыз жүзеге асса, бұл Қазақстан теннисі тарихындағы теңдессіз оқиға болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, В тобындағы бәсекелер Испанияның астанасы – Мадридте өтеді. Жерлестеріміз алғашқы кездесуін 27 қарашада Швециямен өткізеді. Келесі күні Канадамен күш сынасады. Ал өзге топтарда мына командалар өзара шеберлік байқасады: А т???обы – Испания, Ресей және Эквадор. С тобы – Франция, Ұлыбритания және Чехия. D тобы – Хорватия, Аустралия және Мажарстан. Е т???обы – АҚШ, Италия және Колумбия. F тобы – Сербия, Германия және Аустрия.