Академик Икрам Адырбеков бірнеше жыл Еуропа мен Азияның көптеген мемлекетінде Қазақстан Республикасының елшісі қызметін атқарған. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда дипломатиялық қарым-қатынастардың пайда болуының куәгері мен тікелей қатысушысы болды.
Автордың айтуынша, «Елшінің жазбасынан» атты кітабында елшілік қызмет кезеңдерінде өзі куә болған, тікелей қатысқан түрлі шара мен маңызды кездесудің протоколдан тыс қалған жайттары мен қызықты оқиғалары баяндалады. Сонымен қатар елші қызметін атқарған мемлекеттердегі түрлі салада жүргізілген озық реформалар мен тәжірибелер туралы зерттеулері, өткен өмір жолы суреттелген.
«Біздің басымызды біріктірген тәуелсіздік. Оның жолында қаншама азаматымыз күресті. Ел болып етегімізді жиғалы біраз дүние атқарылды. Тәуелсіздік алған жылдары біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табылдық. Елбасының сол кездегі ел болашағы үшін қабылдаған басты шешімдерінің куәсі болдық. Міне, бүгінгі залда сол заманда ел үшін еңбек еткен жандар отыр. Соның бірі бауырымыз Икрам Адырбеков те бар. Әріптесіміз қызметі туралы күнделік жазып шығыпты. Өзіміз де кезінде елші болғандықтан күнделік жазу дәстүрі таныс және күнделік жазған дұрыс. Кітапты қарап шықтым, барған елдердің бәрімен қарым-қатынасы жақсы, сыйлы азамат болыпты. Бұл дегеніміз – еліміздің мерейі», деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков тұсаукесер рәсімінде.
Кітап қалың оқырманға, дипломаттар мен жастарға ұсынылады.
Тұсаукесер Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілді. Оған Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Сенаторлар Кеңесінің мүшелері, депутаттар, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары мен оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.