Жақында Мексикада ядролық қаруды қолданудың гуманитарлық салдарына арналған екінші халықаралық конференция болып өтті. Оған Қазақстан делегациясы да қатысты. Елімізден барған ресми өкілдер Отанымыздың ядролық қару-жарақты қысқарту бойынша әлемдік қоғамдастықтың әрі қарай да үйлесімді күш-жігері қажет екенін атап көрсетті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің дипломаттары, сондай-ақ, конференцияға қатысушыларды еліміздің ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлерін оңалту бағытындағы нақты іс-шаралары туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық АТОМ жобасы бастамасын қоса алғанда, еліміздің жаһандық ядролық қарусыздану үдерістеріне ықпал етуге бағытталған дүниежүзілік аренадағы нақты шаралары туралы жан-жақты әңгіме қозғады.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Роман Василенко Семей полигонының проблемаларын шешу қажеттігі халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғанын атап өтті. 1997 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясы жағдайдың айтарлықтай күрделі екенін мойындай келе, Семей өңірін экономикалық дамыту мен тұрғындарды оңалту үшін халықаралық қоғамдастықтың үйлесімді іс-әрекеті қажет екенін білдіретін алты қарар қабылдаған болатын. Бүгінде осы бағытта атқарылған жұмыстардың айтарлықтай екенін мойындай отыра, халықаралық қоғамдастықтың осы үдеріске қазіргіден де белсендірек қатысуы керектігінің көкейкестілігі айқын аңғарылады.
АТОМ жобасы аясындағы күш-жігер туралы айта келе, қазақстандық дипломат Қазақстан Президентінің бітімгершілік шақыруы халықаралық тұрғыдан кең қолдауға ие екенін атап көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзі бойынша АТОМ жобасының онлайн-петициясын қолдап, 100-ден астам елден 80 000-нан астам адам қол қойған. Мұнда әлем жұртшылығының Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) бүкіл дүниежүзі бойынша күшіне енгенін қалайтыны айқын көрсетілген.
Халықаралық ауқымды басқосу барысында атап көрсетілгеніндей, Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап жаһандық ядролық қарусыздану ісін ілгерілетіп келеді. Бұл бүкіл Қазақстан дипломатиясының, атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің аса маңызды сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. Аталған бастама елімізде жақында қабылданған 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында да нақты көрініс тапқан.
«Біз сенім, өзара құрмет және өзара тиімді ынтымақтастық секілді адами қарым-қатынастың іргелі қағидаттарын неғұрлым көп мемлекет ұстанатын болса және ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан мен өзге де елдердің ізімен жүрсе, адамзаттың соғыс атаулыдан аяғын нақты тартып, жанжалдар мен өзара сенімсіздіктен арылу ықтималдылығы артар еді әрі аса маңызды мақсатқа – ядролық қару қатерінен ада қауіпсіз әлем құруға мүмкіндік жоғарылай түсер еді», деді Қазақстан өкілі.
Конференцияға қатысушыларға АТОМ жобасына қатысты деректі фильм көрсетілді. Онда ядролық қару қолданудың қасіретті зардаптары нақты көлденең тартылады. Сондықтан қазіргі кезде халықаралық қоғамдастыққа ядролық қаруға толықтай тыйым салу қажеттігі меңзеледі.
Аталған алқалы басқосу осы тақылеттес екінші халықаралық форум болып табылды. Алғашқысы өткен жылдың наурыз айында Норвегияның астанасы Осло қаласында ұйымдастырылған-тын. Оның жұмысына, Қазақстанды қоса алғанда, 130-дан астам елдің делегациясы қатысқан еді. Егер тұңғыш форум үкіметтер өкілдеріне пікір алмасып, ядролық қарусыздану идеясын ілгерілету бойынша әрі қарайғы қадамдарды белгілеп берсе, осы жолғы форум сарапшылар деңгейінде көбірек күш жұмсау мен тәжірибелермен бөлісуге бағдарланды.
Мексика Сыртқы істер министрлігі тарапынан атап өтілгеніндей, «ХХІ ғасырда біздердің ядролық қаруға ықпал ету бағытындағы түсінігімізді тереңдете түсу маңызды. Және бұған жаһандық және ұзақмерзімді көзқарас тұрғысынан қарау қажет. Үкіметтер, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамдар көпсекторлы делегациялардың сарапшылар, мамандар деңгейіндегі тікелей қатысуымен бұл үдерісті қазіргіден де белсендірек ілгерілетуге үлкен үлес қоса алар еді. Бұл жерде дипломаттармен және әскери сарапшылармен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау, гуманитарлық көмек, экология және азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысатын мамандардың қатысуы да аса маңызды болмақ».
Бұл жолғы конференцияға 146 мемлекеттен өкіл қатысқанын да айта кеткен жөн. Бұған қоса, БҰҰ сарапшылары да арнайы келді. Олардың арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Миграция жөніндегі халықаралық ұйым, Қарусыздану саласындағы зерттеулер институты, Гуманитарлық қызметті үйлестіру жөніндегі офис өкілдері, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің мамандары, Ядролық соғысты болдырмау бойынша әлем дәрігерлері, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымы өкілдері, Ұлыбританияның, Норвегияның, Швейцарияның, басқа да елдердің ғылыми-зерттеу және үкіметтік емес ұйымдарының адамдары болды.
Конференцияны Халықаралық Қызыл Крест комитетінің вице-президенті Кристин Биэрли мен Мексиканың Сыртқы істер министрі Хосе Антонио Мид Курибренья ашты. Шара барысында оған қатысушылар ядролық қару детонациясы жағдайында орнықты дамуға; жаһандық денсаулық сақтауға; өңірлік және жаһандық экономикалық өсімге төнетін сын-қатерлерге қатысты проблематика қырларын қарастырды. Конференция жұмысының қорытындысында Мексика өкілі әлемде ядролық қарусыздану үдерісін одан әрі ілгерілетуге байланысты нақты ұсынымдарды көлденең тартты.
Осындай келесі конференция үстіміздегі жылғы күз айларының бірінде Австрияда өтетін болып белгіленді. Бұл туралы осы елдің Сыртқы істер министрі Себастьян Курц жария етті.
Сәулебек БІРЖАН.