Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі әрі үздіксіз алға жылжу, даму үстінде. Сондай-ақ, қоғамдық құбылыстар мен уақыт ылғи да өзінің жаңа талаптары мен міндеттерін, мерейлі межелерін алға қойып отыратыны табиғи жайт. Бұл, түптей келгенде, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың тұғыры болмақ. Облыс әкімдерінің биылғы есебі тұтастай ел алдында тұрған осындай биік мақсат-мұраттармен тұспа-тұс келіп отырғаны да аян. Сондықтан да өңір басшыларының тұрғындар алдындағы есебі уақыт тынысымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қойып отырған міндеттермен ұштастырылмаса, оның құны көк тиын. Осы тұрғыдан келгенде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебіне сын тағу қиын-ақ.
Елбасы 14 ақпан күні өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған басты міндеттердің бірі республиканың әр өңірінің өзіне тән басымдық даму ерекшелігі болуы қажеттілігі еді. Осы орайда алдағы кезде Ақжайық өңірі экономикасының басым сипатын қандай салалар құрамақ? Бұл сауалдың жауабын облыс басшысы тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Яғни, ендігі жерде облыста ет экспорты әлеуетін өсіруге басымдық берілмек. Алдын ала жасалған есептер мен маркетингтік зерттеулерге қарағанда мұның тиімділігі егін шаруашылығымен салыстырғанда біршама жоғары.
Облыс тұрғындары арасында соңғы кезде Янайкин мал бордақылау кешенінің қайтарымы болмай жүргені жөніндегі әңгімелер жиі айтылатын. Н.Ноғаев бұл түйткілді де дөп басты. Бұдан бірнеше жыл бұрын облыс аумағында ірі қара малы арасында аусыл дерті шығуына байланысты мұнда ет өнімдерін экспорттауға шектеу қойылған екен. Соңғы кезде осы тәртіп алынып тасталыпты. Бұл оң үрдіс өңірде ет экспорты әлеуетін көтеруге жол ашты. Қазір аталған кешенде бордақыланатын мал саны тиісті мөлшерге жақындап келеді, деді ол.
Ал өңірдегі өнеркәсіп пен өндірістің келешегі қандай болмақ? Бұл мәселе жөнінде де бірқатар дәйектер мен деректер келтірілді. Дәл осы арада басын ашып айтатын бір гәп бар секілді болады да тұрады. Мүмкін жалпылама сипат алып жүрген бұл жайтты дәл, нақты Батыс Қазақстан облысының әкіміне тірегеніміз де дұрыс бола қоймас. Яғни, республикадағы облыс әкімдері есебінде көп жағдайларда өнеркәсіп өнімінің көлемі пәленбай миллиард, тіпті триллиондаған теңге құрайтыны айтылып та, жазылып та жүр. Айтайын дегеніміз, аспанға шапшыған осы астрономиялық сандардың тұрғындарға қандай оң әсерін тигізетіні жеріне жеткізе, түбегейлі талданып айтылмай қалады.
Бұл жолы да осындай жаттанды тіркестер айтылып қалғанымен алдағы межелер мен міндеттер жөнінде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев жария еткен жайттар көпшілік тарапынан қолдау тапты. Бұл талаптар, біріншіден, Орал өңірінде экономиканың төрт пайыздық өсімін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды. Бұл жөнінде Ақжайық аймағында іске асып жатқан жобалар жеткілікті. Оны іске асырудың тетіктері мен мүмкіндіктері де жан-жақты ойластырылған. Облыс басшысының қазіргі басты бір ұстанымы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға басымдық беру екені де ашық айтылды. Осы арқылы облыс халқын әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың түбегейлі алғышарттары алынбақ.
Республиканың қай түкпірінде болмасын бүгінгі күні тұрғындарды алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі күнделікті тұтыну тауарлары мен коммуналдық қызмет түрлері бағаларының тұрақсыздығы екені белгілі. Бұл жөнінде облыс басшысы залдан қойылған және жазбаша берілген бірқатар сұрақтарға жауап бере келіп алдағы кезде қандай да бір болмасын тарифтерді төмендету жөнінде мәселе қозғалмайтынын мәлімдеді. Жарайды, төмендемей-ақ қойсын?! Керісінше, өсіп кетіп жүрмей ме деген сауал да қойылды. Бұған биылғы жылдың 1 мамырына дейін тарифтер бағасы өспейді, ал осы уақытқа дейін оны барынша оңтайландыру мен тиімді түрде тұтыну тетіктері белгіленді. Өңірде азық-түлік қоры жеткілікті. Әрине, бұл фактордың өзі оның бағасы мүлдем өспейді деген ұғымды білдірмейді. Қазір аймақтағы кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы 1,7 пайызға өсті. Алайда, бұл елеулі өсім емес. Мұның өзі республиканың орташа көрсеткішінен төмен деді жауап беруші.
Орал өңіріне қатысты алда тұрған межелер мен міндеттер жөнінде айтқанда республиканың өзге өңірлерімен салыстыра қарағанда мұндағы жол құрылысы мен инфрақұрылымы мүлдем артта қалып қойғанын айтқан орынды. Бұл сонау кеңестік кезеңнен, тіпті одан берідегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қалған «мұра» десе де болады. Биылғы бір ерекшелік – Орал өңірінде автожол құрылысына айрықша көңіл бөлінбек. Бұған қарастырылған қаржылық ресурстар да бұл міндеттерді ойдағыдай орындауға мүмкіндік береді. Облыс әкімі өз есебі кезінде тұрғындардың назарына берген бір мәселе осындай.
Жоғарыда айтылғандай, алдағы уақытта өңірде атқарылатын сан-салалы істерді айқындап берген Нұрлан Ноғаев сөзінің соңында кешегі талап – бүгінге өлшем емес. «Сондықтан қашан да, қай кезде де жаңа талаптар үдесінен шыға білуге тиіспіз. Ал бұған дейінгі шешімін тапқан баянды істер – Елбасы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде іске асуының нәтижесі мен көрінісі», деген түйін жасады.
Бұдан кейін әкім жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Осы арада айта кетерлік қынжыларлық жайт, облыстың кейбір тұрғындарының сұрақ беру мәдениетін игермегені еді. Айталық, бес-он минутқа дейін созылатын сұрақ бола ма? Болмайды ғой. Сұрақ емес, тұтас бір көпірме сөз ғой мұның аты. Келешекте көпшіліктің төзімін сарқатын мұндай көріністен батысқазақстандықтар бойларын аулақ салуын қалар едік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.