Әдебиет • 04 Қараша, 2021

Ақселеу туралы аңыз

6097 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырын қазақ сахарасының сызылған әні мен күмбірлеген күйін зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек енді біздің ортамызға қайта оралмайды. Бірақ өзі болмағанмен сөзі, өшпес мұрасы соңында қол бұлғап қалды. Соған шүкіршілік етеміз. «Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар. Ақаңның алып бейнесі күн өткен сайын тұлғалана түсуде. Бүгінгі қазақ қоғамының көзі жеткен шындықтың бірі бұл. Өйткені Ақаңды жоқтап, оның өнегелі өмірін сөз еткен жұртшылық күн өткен сайын көбейіп келеді.

Ақселеу туралы аңыз

Ақселеу туралы аңыз шарана шырылдап жөргекте жат­қанда бас­талыпты. «Естіген құлақта жазық жоқ», аңыздың ақиқатын көзбен көрген адам томсарып тұрып тіл қатты. Бұл – Жаңарқаның Қы­­зылтау ауылы еді. Ақаңның 50 жыл­дығы. Сонда әкесінің көзін көрген ақсақал:

– Слан соғысқа кетіп бара жатып, қара жолдан қайырылып кеп, жөргекте сап-сары боп жатқан Ақселеуге шұқшиып бір еңкейіп кеткенде... ішіміз шым ете қалды. Үлкен жолдан бұрылу жаман ғадетке саяды. Ұзамай әкесінен қара қағаз келді. Оған да елу жыл болыпты-ау, − деді.

Бұл әңгімені бұрын да есті­ген­біз. Ме­рейтойдың қадірлі қонақтары – Кәдірбек пен Серік Әбдірайым, Қуанышбай мен Кәрібай, Шерағаң мен Асанәлі тым-тырыс бола қалды. Аңыз түбі ақиқат екен. Ақаңды аңыз­дан жаралған демей не дерсің. Жүрген жері – есте қа­лар елеулі оқиға, айтқыштық пен көргіштік. Тағдыр осы бір қасиетті бесік­тен бұйыртқан ба дерсің.

Жаңарқаның Мәдениет үйінде салтанат өтіп, Ақаңның әндері мен күйлері тыңдалды. Жергілікті әнші «Дәурен-ай»-ды орындады. Бұл әннің де бойына шақ аңызы бар. Міне, былай. ...Ақаң ақын Несіпбекке қолқа салады. «Осындай бір әуенге сөз жаз. Мұңдылау бол­сын, бірақ өмірге деген құштарлық көрініп тұрсын» деп. Несіпбектің «мақұлы» ұзаққа созылады. Бір күні шұғыл үйіне шақырып, алдына қазы-қарта мен көңіл тербер орыстың «қымызын» қойып, сыртынан құлыптап кетеді. Түсте келсе, «Дәурен-ай» дайын...

– Жастық дәурен тұрмас,

Қайта мойын бұрмас,

Тоқтамастай,

Шапқан аттай,

Атқан оқтай, дәурен-ай!

Өмір көркі тозбас,

Одан ешкім озбас,

Ескен желдей,

Көшкен сеңдей,

Аққан селдей, дәурен-ай!

Аспандап алатын,

Асқақ қанатым,

Саған да кез келер,

беу, шіркін,

Тыным табатын... – дейді.

Ән орындалғанда алдыңғы қатарда отырған анасы Кәтеп «үһілеп» қалды. Сланнан он тоғызында қалған өзінің, әкесінен жөргекте қалған ұлының күн­шуақты сағынған кездерін ойлап, «үһілемеді» дейсің бе?!

– Саған да кез келер, беу, шіркін,

Тыным табатын, – деп аяқтал­ған «Дәурен-ай»-дың артында қалған аңыз – осы.

Тау етегіндегі қалың қоғалы қорысқа шықтық.

– Мынау – Сәкен ойнап өскен тау. Мына тастың үстіне бала Сәкен талай шығып, түсе алмай шырылдап тұрған. Сейфолланың Сәкені өз биігінен түсе алмай кетті ғой, − деді Ақаң тау ете­гін­дегі қой тастың үстінде тіп-тік боп тұрып.

– Көріп тұрғандай ғып айтуын карашы, – деді Кәдірбек.

– Мынау – қалың қопа. Осы жерде жергілікті жұрт жолбарыс аулаған. Жолбарыс кірпік қаққан сәтті аңдып тұрып атылады ғой. Тарақтылардың кірпігі бұйра, күн өтпейді, кірпік қақ­пайды. Олар оқ шығындамай-ақ аңды көзбен арбап алады екен...

− Тыңдап тұра береміз бе?! – деді Кәрағаң-Кәрібай.

− Тегін сөзді тыңдай берейік те, – деді Қуағаң-Қуанышбай ішек-сілесі қатып...

50 жылдығында Ақаң туған жеріне таяқ ұстап келді. Кәдімгі барондар ұстайтын қоңыр қара түске боялған сып-сидам таяқ. Ақ сақалы алқымына түсіп алдынан шыққан ақсақал Ақселеудің сұңғақ та сұлу сұлбасына сүйсіне қарағанмен қолындағы тіп-тік таяғына тіксіне көз салды.

− Ақселеу-ау, таяқ сүйеніп қалыпсың ғой, бір жерің ауыра ма? – әкесін көрген адамның көз алдында аяныш пен бір алыс елес тұр.

– Бір қияннан келген киелі таяқ еді...

Ақаңның аяқ-қолының аман­ды­ғын білген ақсақал көңілін демдеп, басқа мақамға бұрды. Бірақ тіп-тік таяққа әлі де тіксіне қараған сыңайы бар.

Қызылтауға келдік. Алдынан аңқыл­дап шыққан сыныптасы бірден таяғына жармасты.

– Не болды сонша, елуге келмей таяқ ұстап тұқшыңдап...

Ақаңның сары өңінен қызғылт рең жүгіріп өтіп, қасында тұрған маған сыбыр етті.

– Енді сен ұстап жүрші, – деп алақа­нынан сидам таяқты сырғыта салды.

Жаңарқадан қайтқанша қы­рық­қа жетпеген жасымда таяқ ұстап жүрдім. Жақсы ырымға балаймын, жасамаған жасын маған берсін деген көнтерлі тілек те бар көңілімде.

Ақаңның 60 жылдығы. Ас­тана-Ақмо­ланың атшаптырым мейрамханасы. Ығай мен сығай. Жаңа астана, жаңаша тіршілік, жаңаша көңіл күй. Мұның бәрі қолымызға тиген тәуелсіздік деген тізгіннің әсері.

Бір ұста досы Ақселеуге қы­лыш сыйлады. Қолына ұстаған күйі: «Мұны мен Асекеңе сыйлаймын», деп «Бекежан-ағасына» табыс етті. Асанәлі зілдей ауыр қылышпен ауа қармап тұрып:

− Кімнің басын кессем екен?! – деп тісін қайрады.

− Депутаттардың, – деп ай­қайлады Хасен Қожа-Ахмет.

− Кессең кес. Жанпида! – де­­ген Шера­ғаңның жан даусы шық­ты.

Бұл кеште Әбдіжәміл Нұр­пейі­совтен басқа ешкімге сөз берілмеді. Ән мен күй, «Ақселеу айтыпты, Ақселеу куә болыпты» деген жанды әзіл-күлкі ме­рей­тойдың мәртебесін көтерді. Бұл да бір өзгешелік еді. Бұл – Ақаңның соңғы мүшелге бет алуы – өзі көрген ақырғы мерейтойы болатын.

1970 жыл. Коммунистік пар­тияның Бас хатшысы Л.И.Бреж­­нев Қазақстан­ның 50 жыл­ды­ғына арналған салтанатты мә­жілісте республика ауыл ша­руа­шылығының тарландары жайлы айта келіп, 13 бала тәрбиелеген «Ба­­тыр Ана», күріш өсіріп, мол өнім жи­наған Қызылорда облы­сының Шиелі ауданындағы Ұлбала Алтайбаеваға тоқ­талды. «...Демек Алтайбаева жол­­дас екі мәрте Ер» деп түйіндеді сө­зін. «Социалистік Қазақстанның» қызмет­кері Ақселеу Сейдімбек салып ұрып, Шиелідегі әпкесін іздеп келді. Қасында мен бармын. Әуелі сексеннің төріндегі ақ күріштің атасы Ыбырай Жа­қаевқа кеп сәлем берді.

Арқаның жігіті Сәбит Мұқа­новтың «Сырдария»-ны жазуға келген сапарын таңдай қағып, қайта-қайта сұрады. Сәбең айт­қан қауынның ішіне үңгіп кіріп кеткен салпаң құлақ сұр есектің күй талғамайтын көнбістігіне таңғалды. Сәбеңнің туған аға­сын­дай болған, ақ күріш өс­кен топырақтың тамыршысы ЬІбы­райдың да соғыстан қайт­паған ұлы Ақылбек әкесі Сланмен құрдас болып шықты. «Сырдария»-ны өмірге әкелген Сәбеңнің сұр есекті қауынның ішіне кеулеп кіргізіп жібергені өлмес аңызға айналса, Ақселеудің Ұлбала Алтайбаеваны іздеп келуі де Сыр жұрты үшін артында аңыздай әсері қалған ұмытылмас сапар болды.

Осы сапарын Ақаң дос-жол­дасына майын тамызып сан мәрте жырлады.

– Алыстан бауырым іздеп келді деп, Ұлбала апам маған арнап құлын сойды ғой, – деді қасындағы Оралхан мен Кәдірбек, Серік пен Қуанышбайға масаттана қарап.

Арада апта өтіп, Ақаң сол сапарды тағы да сөз тиегіне салды.

− ...Апам арнап тай сойды ғой, − деді ерніне тастаған қара бұйра насыбайдың ләззатына бөгіп отырып.

− Өткен аптада құлын еді ғой, − деді Оралхан қиық көзін қиғаштай салып.

− Оралхан-ау, жылқы малы өсімтал келмей ме? – деді Ақаң аспай-саспай домбыра пернесін бір шертіп тастап.

− Енді бір айда байтал сойылады ғой, − деп Оралхан сілкініп қалды.

Кәді-ағаңның өңінде өмір күлкісі ойнап тұр. Бұл да аңызға айналған әңгіме.

Ақаңды сөзден тоқтатса бір тоқтата­тын Оралхан мен Кә­дірбек еді.

 − Бір күні үйге бір топ ағыл­шын келді, не сұраса да мүдірмей жауап беріп отырмын ғой, – дейді Ақаң.

− Сонда не сұрайды? – дейді Кәдірбек.

– «Мынау не?» Домбыра деймін. «Мынау ше?» Қылқобыз. «Мынау ше?» Сазсырнай. Мү­дірмей отырмын ғой.

– Ағылшыншаны қайдан үйреніп жүрсің? – деп Кәді-ағаң келте қайырды.

−Қазақшаны қойып, жедел ағылшын­шаға ауыстың ба? – деген Ор-ағаңның өңінде бір өкініштің сызы бар.

 – Ел боламыз десек, түбі латын мен ағылшыннан қашып ешқайда бара алмаймыз, − деп Ақаң бір сәт аңтарылып қалды.

– Заман-ай! – деп Кәді-ағаң­ның жү­­зінде сызық-сызық боп күлкінің ізі жүгіріп бара жатты.

– Мен жалған айтпаймын, сәл-пәл өсіріп айтамын ғой, – деп достарына шақшия қарап, шақ­шасын бір шертіп, хикаясын әрі қарай созды.

Осылайша, өмір жырын шерткен аға­ларымыз да арамыздан қол бұлғап кетіп барады.

Алпысында киелі Түркістан жұрты шақырды.

Өзінің 60 жылдық мерей­тойында, Түркістан жұр­ты­ның алдында тұ­рып, «Қазақ­тың ауызша тарихының» негізінде шежіре жайлы баяндама жасады. Шашын тықырлап алдырып тастаған жі­­гіт­тің төбесіне Оңтүстіктің ша­қы­райған күні тік шаншылып, шіл­де­нің шіліңгіріне сыр бермей, әр сөзін баптап айтып тұрған аза­маттың жанкештілігіне тәнті бол­ған бір үлкен кісі ба­сындағы ақ тақиясын шешіп ап, төбесіне қонжитты.

− Рахмет, аға, шыдаймын ғой, − деп саспай сөйлеп, баяндамасын әрі жал­ғастырды.

Бұл – «соғыс көрген әкеден жаралып, соғыс көрген ананы емген» (Жарасқан) азаматтың кірпияздық, төрелік қасиеті еді.

Есіл бойында өткен Байғозы батыр­дың 300 жылдық атаулы тойында да аңырақай аспан астында шекесін Күн­ге қақтап тұрып баяндама жасап, үл­кен-кішінің ілтипатына бөленді, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіл­файыз Ыдырысовтар байыпты баяндамаға пікір айтып, риза пейілдерін білдірді.

Студент күнімде «Қыр хикая­лары» деген жұқа кітап қолыма түсіп, «Қазақ әдебиетінде» пікір білдіріп едім, «Ниетіңе рахмет!» деді танысқан жерде. Содан бері «Ақселеу айтыпты» деген сөзге құлақ түре жүремін. Сан мәрте сапарлас болдым. «Күй кітабы» мен «Қазақтың ауызша тарихын» жақын көңіл – жылы қолтаңбамен ұсынды. Жақсы сөзге жан семіреді. Елуімде «Еге­менде» ағалық лебізін білдірді. Досы Қойшығара екеуі Ақаң мен Жақаңдай жұптары жазылмай жүруші еді. Ақаң келген жер самала жұлдыздың жарығы түскендей жайнап кететін, «Ақаң айтыпты» деген сөздің өзі отырған жерді нұрлы шуаққа бөлеп, езулер ыржиып, қазақы көңілдің күңгір-күңгір күмбезі тігілетін. Әйтеуір Ақселеу аты аталған жерде ұлттық болмыстың желкені желбіреп, бір қазақы самал есетін.

Адал адам – аңғал. «Адамдық түбі – адалдық, адалдық түбі – жа­мандық» – жүрегін жарып шыққан өз мәтелі. Көкірегінде қара дағы жоқ адам өмірде ағат айттым-ау деп, ізімді иіскелеп, табаныма таңба басады-ау деп өмірі сақтанбайды. Ақаңның артында қалған аңыздар да осындай аңғал мінез-құлықтың сарқынды сыры.

Мемлекеттік сыйлық алған «Қазақтың күй өнері» кітабының «Сауғасында»: «Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқының тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани тағдыры үшінa айрықша ғасыр болды... Технократтық даму ұлт­тық атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып барады. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп нандыра алмайсың. Ал өзіндік қа­сиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана», дедің. Өзіндік табиғи болмысыңмен, қалам қуатыңмен сол ұрпақты сақтап қалуға бір адам барын салса, ол – өзіңсің, Ақа!

Ұрпақ қамы жүрегіңде лау­лап, жалын боп күйдіріп кет­ті. Бұл туралы шаршы топта айт­тың да, баспасөзде жаздың да, мәмілелі жерлерде мәселе қып көтердің де. Оның игілігін жаңа коғам мен жаңа Адам көре жатар. Бір үйде тұрған көршісі – тілінің бізі бар Көпен сықақшы бір рет көргені мен көрмегенін қосып айтқан екен, ол да қазір аңыз болып ауыз­да жүр.

...Есік алдында иығында ақ шапан, басында ақ қалпақ, қолы­на ақ таяғын ұстап, бүгін­гі­нің Абылайы – Ақаң отыр, дейді.

− Балалар-ей, орысша сөй­лемеңдер, қазақша сөйлең­дер. Ләңгі ойнамаңдар, асық ойнаңдар. Уһ! Заман-ай! – деп, ақ таяғымен қара жерді қойып қалғанда, бір бала артына бұ­рылып:

− Надоел этот старик! – депті.

Бұл аңыз-әңгіме Ақаңның бір­­туар бейнесін сомдай түседі, өйт­кені артында Адам тағдыры тұр.

Ағаларының атын байлап, құрдаста­ры­на қорғасындай сал­мағымен сыйлы бола білген Ақаң соңынан ерген ініле­рі­нің алдында Алатаудай асқақ, Қаратаудай қазыналы кеніш еді. Ол – кісі тани білетін, біреудің бойында барды бағалай білетін. Біздің курстасымыз Жәнібек Кәрменов орындаушылық шебер­лігімен Қазақстан комсомолы сыйлығына ұсынылғанда Қазақ теледидарында екеуі ән-сұхбат жүргізіп, өнер өресін аспанға шығарып тастады. Бұл – 80 жыл­дары ән өнеріндегі кеңестік дәуірдің бағдарламасына бағына қоймаған Қазақ теледидарындағы құбылыс болды. Қалың көрермен қайталап көруден жалықпады, «Алтын қорға» алынды. Ән-сұхбаттың артында аңыз қал­ды. «Қазақ әдебиетіне» Еркін Нұразхан екі кейіпкердің қара­ма-қарсы отырған шарж-бей­несін салып, «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады», деп Жарасқан достық әзіл жазды. Ол әлі күнге елдің аузында. Тірлік­тегі ағалы-інілі жүректер енді ақыретте табысып жатқан болар.

Бірге оқыған курстасы Әбді­раштың Жарасқаны «Құл­пы­тас» деп атап кеткен эпитафия кітабында Ақселеуге былайша эпиграмма арнады:

Бойы бар ерек көрінер!

Ойы бар зерек өрілер!

Жазушы, әнші

һәм күйші,

саятшы,

ұста,

зергер...

сөзіне сенсең – осындай,

өзіне сенсең – досыңдай.

Көкпарға түсіп кетпегей

бәрінің басы қосылмай...

Ол 70-ке жетпеген ғұмырын­да Құдай бойына дарытқан қабілеттің бәрінің басын бірік­тіріп кетті. Артында аңыз қалды. Ақаңның ат баптауы, мылтық ұстауы, Сарыарқаның саздарын шертуі, алабөтен шешендігі, саятшылығы, серілігі, бір атым насыбайды билерше керіліп, бипаздай атуы... Ақаң туралы аңыз осылай Көкке өрлейді. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Ең бастысы, артында том-том боп тасқа басылған сөзі қалды. Он екі жыл болыпты, бір ауыз сөзге тоқтап, қоңыр күй шерткен қазағына қол бұлғап кеткелі. Сексеннің сеңгірі де көрініп қалыпты. Енді «Ақаң келеді» деп жолын тоспаймыз, «Ақаң айтып еді» деп өмірдің өткен шағымен сөйлейміз.

Ақаң туралы аңыз айтыла береді...

        

Қуандық Түменбай,

жазушы