Әлем • 04 Қараша, 2021

COP26: Жаһандық жылынумен күрес қарқын алмақ

1175 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлыбританияда Бірік­кен Ұлттар Ұйымы ұйым­дастырған климат­тың өзгеруі жөніндегі конференция (COP26) өтуде. Бірнеше күнге созылатын жиын барысында бірқатар маңызды міндеттемелер қабылданды. 

COP26: Жаһандық жылынумен күрес қарқын алмақ

Әлем көшбасшылары пар­ник­тік газдар шығарылымы­мен күресу үшін маңызды мәміле жасасты. Атап айтар болсақ, ал­­дағы онжылдықта жаһан­дық ор­мандардың жойылуын тоқ­татуға және қайта қалпына келті­руге келісті. Сөйтіп, «Глазго көшбас­шыларының Орман және жерді пайдалану жөніндегі декларация­сына» қол қойылды.

Осылайша, шығыс Сібір тай­гасынан бастап әлемдегі екін­ші үлкен тропикалық орман орна­лас­қан Конго бассейніне дейін­гі ауқымды кеңістікте орналас­қан ормандарды қорғауға халық­ара­лық қоғамдастық күш салмақ.

Шартараптың басы қосылған жиында бұл мәселенің көтерілуі бекер емес. Өйткені адамзаттың кесірінен шығатын парниктік газ­дар көлемі әлемдегі зиян­ды газ­­дардың төрттен бір бөлі­гін құ­райды. Яғни пальма майы, соя және сиыр еті секілді ауыл­шаруа­шылық өнімдерін шығару кезінде ормандарға орасан зардап келіп отыр.

Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақтың ормандарды сақтаудың жаһандық мін­деттемелеріне қосқан үлесі ретінде 1 млрд еуро бөлеті­нін жариялады.

Қарт құрлықтың бюджетінен бөлінетін қолдау пакеті әлемдегі ормандарды қорғауға, қалпына келтіруге және тұрақты басқаруға берілмек. Оны ұйымға серіктес елдер алады. Сондай-ақ қаражат Париж келісімінің ережелерін орындауға жұмсалмақ.

«Орман – «Жердің жасыл өкпесі». Оларды қорғап, қал­пы­на келтіруіміз керек. Біз әлем­дік ормандарды қорғауға 1 млрд еуро бөлеміз. Бұл – Еуро­палық одақтың «Жасыл келісі­міне» сәйкес планетамызды қор­ғауға бағытталған жаһандық өзге­ріс­терге жетекшілік етудегі міндет­темеміздің бір парасы», деді У.Ляйен.

Еуропалық одақ Конго өзені бассейніне ерекше назар аудар­мақ. Сондықтан бөлінетін 1 млрд еуроның 250 млн еуросы осы өңір­дегі экологиялық ахуалды жақ­сартуға бағытталады.

Конференция барысында көптеген әлем көшбасшылары климаттың өзгеруімен күрес жолындағы жоспарымен бөлісті. Мәселен, АҚШ президенті Джо Байден метанды бақылаудың көпұлтты жоспарын ұсынды. Ақ үй әкімшілігі аталған құжатты қысқа мерзімде климаттық дағ­дарыспен күресудің бірден-бір ең тиімді жолы деп санайды.

Д.Байденнің пайымдауынша, алдағы онжылдықтың соңында шартараптағы ауаға тарайтын метанның үлесін 2020 жылғы мөлшерден 30 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Ақ үй басшысы бастамашы болған альянсқа 90 ел қосылды. Айта кетерлігі, тізім­дегі мемлекеттер жаһандық экономиканың үштен екісін құрайды. Оған қоса, метанды көп шығаратын 30 ел де осы альянста бар. Бірақ Үндістан, Қытай және Ресей секілді парникті газдарды ауаға көп тарататын мемлекеттер жаһандық метан пактісіне қосылған жоқ.

COP26 конференциясы кезін­де экологиялық таза технология­ны жаппай қолданысқа енгізу мәселесі де қаралды. Мысалы, жасыл энергетикаға көшу, зиянды газ шығармайтын көлік пайдалану ісі жаһандық жылынумен күреске үлкен үлес қоспақ.

Жиын кезінде көптеген мемлекет таза технологияларға бөлі­нетін қаражат көлемін арттырып, оның өндірісін көбейтуге күш салмақ. Осылайша, қазба отын­дарға тәуелділік азайтыл­мақ. Мұ­­ның тиімді тұсы жетер­лік. Осын­­дай заманауи техноло­гия­­ларға көбірек көңіл бөлу олар­дың құнын азайтады.

«Таза технологияны бәрі пайда­ланатын, қолжетімді және тартымды етіп, оларды қа­зір­гі таңдағы ең ластаушы са­ла­ларға енгізу арқылы бүкіл әлем­дегі парникті газдар шығары­лы­мын азайта аламыз», деді Ұлы­бри­тания премьер-министрі Борис Джонсон.

Тағы бір бастама – дамушы елдерде таза электр энергиясын өн­діруге бағытталған «Адамдар мен планетаға арналған жаһан­дық энергетикалық альянсы». Бұл жобаға Дүниежүзілік банк, Рокфеллер қоры, Безос Жер қоры секілді ұйымдар бастапқыда 10 млрд доллар бөлмек. Ұлыбри­та­ния мен Скандинав елдерінің зейнетақы қорлары 2030 жылға қарай таза энергияға 130 млрд доллар инвестиция салатынын мәлімдеді.

Жаһандық жылынумен кү­рес­ке қаржылық институттар да үлкен үлес қоспақ. Қар­жы­­лық құны 130 трлн дол­ларды құрай­тын әлемдегі жүз­ден аса банк парникті газдар шығары­лымын азайтуға ерекше ықпал етуді жос­парлап отыр.

Glasgow Financial Alliance for Net Zero (GFANZ) деп атала­тын бастамаға сәйкес, 2050 жыл­ға қарай аталған қаржылық ұйым­­дар активтерінің бәрі тү­­гел­дей таза технологияға кө­шіп, қор­шаған ортаға зиян келтірмейді.

Әйтсе де, банктердің климат өзгеруіне қарсы тұру жос­пары­на сенбейтіндер көп. Сарап­­шылардың пайымдауын­ша, қаржылық ұйымдар әлі де емін-еркін қазба отындарға, яғни ауа­ға зиянды газдарды көп шы­ғара­тын өндіріске қаржы құюын жалғастыра береді.

Сонымен қатар COP26 сам­митінде 40-тан астам мемлекет ең ластаушы отыннан толықтай бас тартпақ. Осылайша, «қара отын» жағатын электр стансаларын пайдалануды кезең-кезеңімен тоқтатуға келісті.

Мұндай бастамаға Канада, Польша, Украина және Вьетнам секілді көмірді электр тоғын өндіруге пайдаланатын елдер қосыл­ды. Айта кетерлігі, тізімге енген дамыған мемлекеттер 2030 жылға дейін «қара отыннан» мүлдем бас тартса, дамушы елдер бұған 2040 жылы қол жеткізуді жоспарлаған. Өкінішке қарай, Аустралия, Қытай, Үндістан және АҚШ секілді көмірді көп тұтынатындар бұл бастамаға қосылған жоқ.

«Қазір – климаттың өзгеруі­мен күресудегі жаһандық іс-қимы­лымыздың маңызды кезеңі. Өйткені әлемнің түкпір-түк­пірін­дегі мемлекет­тер Глазгода бірі­гіп, көмірдің бола­шақ электр қуа­тын өндіруде ешқандай рөлі жоқ екенін мәлімдеді. Халық­аралық серіктестеріміздің осы мін­дет­те­мелері көмірді тұтынудың ақы­ры жақын екенін көрсетеді», дедіҰлыбританияның іскерлік хатшысы Кваси Квартенг.

Саммит барысында 20-дан астам мемлекет мен қаржы инс­титуты қазба отынын шетелде дамытуға арналған барлық қар­жыландыруды тоқтатуға келісті. Оның орнына, келесі жыл­­дан бас­­тап қаражатты жасыл энер­гияға бағыттайды.

Сарапшылардың пайым­дауынша, бұл қадам таза отын­ға көшуге айтарлықтай серпін береді. Бұл тізімге АҚШ, Ұлы­бри­тания, Дания секілді елдер кірген. Сондай-ақ Еуропалық ин­­вес­тициялық банк те жасыл энер­гетикаға қаржы бөлмек.

Бұл бастамаға қосылғандар қаражатын экологиялық таза өнімге жұмсау арқылы жылына шамамен 8 млрд доллар ұтады. Келісімге сәйкес, кез келген қазба отынды, соның ішінде газды игеруге қаржы бөлінбейді.

Глазгода өткен конферен­цияға Қазақстан­ның Премьер-Министрі Асқар Мамин де барды. Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан әлем­де алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратифи­кация­лағанын атап өтті. Естері­ңіз­де болса, еліміз атал­ған құ­жатты 2016 жылғы 6 жел­тоқ­санда қабылдаған еді.

Париж келісімін жүзеге асыру үшін Қазақстан 2030 жыл­ға қарай парниктік газ шығары­лы­мын 15 пайызға қысқартуға ниетті. Мақсатқа қол жеткізу мақсатында Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін жаңартып, жаңа Экологиялық кодекс қабылдады.

«Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3 пайыздан 15 пайызға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20 пайыздан 38 пайызға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70 пайыздан 40 пайызға төмендейді», деді А.Мамин.

Премьер-Министр 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртек­ті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. Үкімет оны іске асыру үшін энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылы­ғы, көлік және қалдықтарды кәде­ге жаратуға баса назар аударады. Сондай-ақ экономиканың барлық секторында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат әзірлеп жатыр.

Қазақстанның көміртегі бей­тарап­тығына жер мен суды пай­даланудың орнықтылы­ғын, экономиканың энергетика­лық тиімділігін арттыру, электр­лендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пай­далану арқылы қол жеткізі­летін болады. Парниктік газ шығарылымын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвести­циялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.

СОР26 шеңберінде Қазақстан Орман және жерді пайдалану декларациясына, сондай-ақ Жастарға білім беру және олардың белсенділігін арттыру міндеттемесіне қосылды.