Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырыс барысында мемлекеттік органдар тарапынан Кеңес ұсынымдарының орындалуы талқыланды. Мәселен, 2013 жылы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне сот шешімдері мен үкімдерін орындау бойынша, сондай-ақ, Қостанай және Қарағанды облыстарында жемқорлықпен күрес жөніндегі «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын орындау бойынша ұсынымдар берілген болатын. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігіне 2013 жылдың 25 қаңтарында 12 іс-шараны жүзеге асыру, сондай-ақ, ол шаралардың орындалуы жөнінде 2013 жылдың 1 жартыжылдығында ақпарат беру тапсырылса, Бас прокуратура мен Әділет және Қаржы министрліктерінің әрқайсысына 1 ұсынымдар беріліпті.
Сондай-ақ, 2013 жылдың 31 мамырында сот шешімдерінің орындалу үдерісі кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы Әділет және Ішкі істер министрліктеріне – 12, Үкіметке – 5, Бас прокуратураға 1 ұсыным беріліпті. Қостанай және Қарағанды облыстары да мұндай ұсынымдардан сырт қалмапты. Мәселен, 2013 жылдың 2 сәуірінде Қостанай облысында «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасын орындау мақсатында облыстық филиалдың төрағасына – 10, сондай-ақ, 2013 жылдың 30 қыркүйегінде осы бағдарламаның Қарағанды облысында орындалуына қатысты аталған өңірдегі облыстық филиалдың төрағасына 9 іс-шараны жүзеге асыру тапсырылған екен.
Жиында осы мәселелер бойынша сөз алған ЖҚРҚК мүшесі Дулат Құсдәулетов Кеңес ұсынымдарының басым көпшілігі уақтылы және сапалы орындалып жатқанын мәлімдеді. «Ұсынымдарды орындау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылған. Орталықта және жергілікті орындардағы партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды қабылдау жүргізілуде. 2013 жылдың 1 тоқсанында жемқорлыққа жол ашатын себептерге талдау жүргізіліп, жеке құрам арасында оларды азайту жөнінде кешендік шаралар әзірленді, жемқорлық заң бұзушылық жасаған лауазымды тұлғалар үшін қызметтен босатуға дейін талап күшейтілді», деді Дулат Құсдәулетов.
Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, Төтенше жағдайлар министрлігінде түгендеу, тізімге алу жүргізіліп, рұқсат құжаттарын беру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілер қайта қаралған. Нәтижесінде рұқсат ету шараларының саны 86 пайызға (177-ден 26-ға дейін), оның ішінде өрт қауіпсіздігі саласында 78 пайызға (74-тен 16-ға дейін) қысқарып, 5 шара бойынша ескерту тәртібі белгіленіпті. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі Үкіметтің 4 қаулысында заңнамаға қарама-қайшы келетін нормаларды анықтап, бүгінгі таңда ондай кедергілерді алып тастау шаралары қолға алынып жатқан көрінеді.
Жиынға қатысушылар, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының дұрыс жүзеге асырылмауына, қаржылық тәртіпті бұзған және бюджет қаржысының дұрыс игерілмеуіне себепкер болған бірқатар азаматтардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өте келе, бұл бағыттағы шаралардың бұдан кейін де жалғасатынына тоқталды. Мәселен, Кеңес мүшелерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық әрекеттері жиі кездесуі мүмкін деп болжанған ұйымдар мен мекемелерде партиялық бақылаудың 18 бөлімшесі құрылыпты.
Талқылаулардың нәтижелері бойынша Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің қаулысы қабылданып, онда мемлекеттік органдарға Қарағанды, Қостанай облыстары әкімдіктеріне нақты ұсынымдар, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қолданылатын шаралардың сапасы мен тиімділігін арттыру бағытында «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдары жанындағы кеңестерге тапсырмалар берілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».