Жұртшылыққа бәрінен бұрын әбден көз үйреніп қалған Facebook атауының Meta деп өзгеруі таңсық болды. Ал ребрендингтің астарында не жатыр? Әлемнің миллиардтаған адамын бір өзіне «байлап» қойған қауқарлы компанияның аяқастынан үйреншікті атауын өзгертуі тегін емес. Виртуалды ғаламның бүге-шігесін жетік меңгерген Цукербергтің бұл шешімі бір күнде туған жоқ. Ол күнделікті тіршілігімізге metaғаламды (metaverse) енгізбекші, яғни AR мен VR технологиялары бізге үйреншікті дағды болып қалыптаспақ.
AR мен VR технологиялары не екенін жұртшылық жақсы білсе керек. Бұл – виртуальды әлем. Бір сөзбен айтқанда, көзілдірік, шлем, құлаққап секілді құрылғылар арқылы берілетін 3-5D технологияларының көмегімен сіз басқа әлемнің шындығына енесіз, ондағы тіршілікті нақты өмірдегідей сезіне аласыз. Мысалы, сіз 3D көзілдірігін киіп алып, кенет көріп отырған фильмнің немесе ойнап отырған бейнеойынның ішіне еніп, ондағы оқиғаларды нақты өмірдегідей сезінсеңіз, онда бұл – VR технологиясы. Ал көшеде келе жатып, алдыңыздан компьютер әлемінен ғана көретін Дрэгонайт покемоны шыға келсе, бұл – AR.
Міне, осындай сенсорлы кеңістікті Цукербург күнделікті өмірімізге кіріктірмек. «Дәл қазір менің айтып жатқаным сіздерге қиял-ғажайыптай көрінуі мүмкін. Бірақ жақын болашақта трансформация жасалған мұндай қарым-қатынас сіздерге үйреншікті болып қалады», дейді М.Цукерберг.
Оның түсіндіруінше, енді Metaны қолданушылар тек смартфондарға үңіліп қана қоймай, 3D технологиялардың көмегімен әлемнің екінші шетіндегі адамдардың жанында отырғандай сезінеді. Олардың «жанында отырып», бірге фильм көреді, шахмат ойнайды, конференция, жиындарда да бірге жүргендей сезімде болады.
Цукерберг көтеріп отырған тұжырымдаманың өн бойында интернет әлемін және күнделікті қоғам қарым-қатынасын визуалды деңгейге көтеру идеясы жатыр. «Осы технологиялық жаңару арқылы біз адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсеміз. Алайда компанияның атауы өзгергенімен біздің басты миссиямыз сол қалпында қала береді. Негізгі бағытқа метаәлемді дамыту мақсаты ғана қосылды», дейді М.Цукерберг көк лента түрінде мебиус бейнеленген жаңа логотипті таныстырып жатып.
Не десек те бұл Facebook қолданушылары үшін елеулі жаңалық болды және бұл ерекше шешім компания акцияларының күрт өсуіне алып келді. Мәселен, оның атауы өзгереді деген хабарландырудан кейін-ақ Facebook акциялары бірден 4 пайызға артқан. Өткен аптадағы қор нарығының қорытындысы бойынша оның әр акциясының құны 323 долларға бағаланды.