Қазан айына жоспарланған сырт айдындағы соңғы екі ойынын жеңіспен аяқтап, тәуір ойын көрсете бастаған «Барыс» қайта сәтсіздікке ұшырады. Өз айдынында «Йокерит» клубын қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарына 1:4 есебімен жол берді. Бірінші кезең тең дәрежеде өтсе де, кезең аяқталар тұста ептілік танытқан қонақтар Йони Ортио қорғаған қақпаға жауапсыз екі шайба соғып кетті. Кездесудің 16-минутында Калле Косила есеп ашса, 19-минутта Никлас Енсен мергендік танытты.
Ойынның екінші кезеңі де финляндиялық хоккейшілердің басымдығымен өтті. 29-минутта Никлас Енсен тағы да мергендігімен көзге түсіп, дубльдің авторы атанды. Үшінші кезеңнің басында қарсылас ойыншысы мұзайдыннан екі минутқа қуылып, сан басымдығына ие болған «Барыс» 42-минутта есеп айырмасын қысқартты. Голдың авторы – Никита Михайлис. Дегенмен матч соңына дейін айдын иелерінің таразы басын теңестіруге шамалары жетпеді. Кездесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда «Йокерит» ойыншысы Марко Антилла бос қақпаға гол салып, ойынның нүктесін қойды – 1:4.