Ел арасында дәрі бағасы 100 пайызға қымбаттайды деген қауесет тарады. Тіпті, интернет сайттарда жарияланған мұндай ақпарларда бағаны өсіруге Денсаулық сақтау министрлігінің өзі келісім берген деп жазылған. Алайда, бұл хабар шындыққа сәйкес келмейді.
Кеше Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметниязова бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Оның айтуынша, тек Шығыс Қазақстан өңірінде ғана дәрі бағасын негізсіз өсірудің екі фактісі тіркелген. Алайда, бұл оқиға бойынша дереу шара қолданылып, баға реттелген.
«Биылғы жылдың 13 ақпанында Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіби ассоциациялар арасында дәрі-дәрмек бағасын тұрақты ұстап тұру туралы меморандум жасалды. Оның мақсаты – тегін медициналық көмектен бөлек, халық көп пайдаланатын дәрілерді тіркеп, оның бағасын өсірмеу», деді Л. Ахметниязова.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».