Қазақстан • 06 Қараша, 2021

Анкарада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылды

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Анкарада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық көрме жобасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігімен бірлесе ұйымдастырды.

Көрме Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазіргі қазақстандық мемлекеттілік тұжырымдамасын жүзеге асыру нәтижесі негізіндегі Қазақстан Республикасы дамуының маңызды кезеңдерін көрсетуді көздейді.

1

«1991 жылғы 16 желтоқсанда егемендігімізді мойындаған әлемдегі ең алғашқы ел Түркия Республикасы болды. Бұл тарихи оқиғаны Қазақстан халқы жоғары бағалайды әрі мәңгілік жадында сақтайды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан мен Түркия – ежелден еншісі бір, тамырлас туыс елдер», деген ұлағатты сөзі бар. Бүгінгі көрмеміздің «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» деп аталуы да кездейсоқ емес. Көрме Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және бауырлас түркі мемлекеттерінің елімізді нығайтудағы рөліне арналған», деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көрмелері бұған дейін Ресей мен Жапонияда, ал бүгін Түркияда өткізіліп отыр. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан өте маңызды іс-шара. Көрменің «Қазақстан жолы: түркі бірлігі» атауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түркі әлемінің жандануына, Қазақстанның тәуелсіздік алуына қосқан зор үлесін және оның заманауи мемлекетті жаңғыртудағы рөлін көрсетеді»,  деп атап өтті Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның құттықтау хатын Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхананың директоры Айхан Туглу оқыды: «Қазақстан Түркі кеңесі, ТҮРКПА, ТҮРКСОЙ және Түркі академиясы сияқты ұйымдардың құрылуы мен институционалдық дамуында жетекші рөлге ие. Түркі әлемінің сарабдал көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаевтың бұл үдерістегі бекем ұстанымы бізді жігерлендірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да біздің Түркі әлеміндегі ынтымақтастығымыздың табысты дамуына белсенді үлес қосуда. Халықтарымыз арасындағы тіл, наным-сенім, тарих сынды рухани көпірлерді күшейте отырып, барлық істерде бірлікке қол жеткіземіз деп сенеміз».

Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорындағы 400-ден астам сақтау бірлігі, оның ішінде киім, қару, әскери және ат әбзелдері топтамасындағы заттар, азаттық үшін күрестің түрлі кезеңдеріндегі Қазақстан тарихы бойынша артефактілер ұсынылды. Мәселен, оның арасында XIX ғасырдағы қазақ қылышы, білезіктер мен сақиналар бар.

«Ұлы дала елі: кешегі мен бүгінгінің арасы» бөліміндегі музей жәдігерлері мен архив құжаттары арқылы Қазақстанның тарихымен танысуға болады. Сондай-ақ көрме жәдігерлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жеке қасиеттерін қалыптастырған ортаға терең бойлатып, оның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бағдарламалық тезистерімен таныстырады. Экспозицияға этнографиялық кешен, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, қару-жарақ, әскери және ат әбзелдері топтамасынан алынған заттар, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік танымал суретшілердің картиналары қойылған.

«Қазақстан жолы» бөлімі азаттық алғаннан кейінгі Қазақстанның мемлекеттік даму стратегияларының, қазіргі заманғы мемлекеттіліктің табысты, тұрақты қалыптасуының өзегіне айналған тоталитарлық жүйеден демократиялық еркіндік пенкөпқұрылымды экономикаға өтуге бағытталған негізгі реформалардың мазмұнын ашады. Бөлімнің экспозициясында архивтік фото- және бейнематериалдар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың құрмет белгілерінің, қазақстандық және халықаралық қоғамдық наградалардың, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысушылар тарту еткен сыйлықтардың музейлік жинағы ұсынылған.

«Түркі бірлігі» бөлімі Түркия Республикасының бірінші басшылары мен делегация жетекшілерінің марапаттары, дипломатиялық сыйлықтары, екі ел басшыларының ресми құжаттары мен жеке хаттары арқылы Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Сонымен қатар Елбасының жеке кітапханасы мен жеке архивінен алынған кітаптар жиынтығында түркі бірлігі идеялары кеңінен көрініс тапқан.

«Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесінде Н.Ә. Назарбаевтың басты саяси бастамаларына басымдық берілген. Мазмұны бай, мағынасы терең бастамалар әлемдік қауымдастық тарапынан оң баға алып, бүгінде дүние жүзі бойынша айтарлықтай нәтиже берді.