Ағалар жайлы айтыла қалғанда, неге екені, көз алдымызға қырға шығып, қиырға көз салып тұрған жанның бейнесі келе қалатыны бар ғой. Міне, осы бір қазақы қалып, тыныштық күйі – Қазығұрттан шығып, қазақ даласын қарашығына сыйдыра алған, қаламының ұшына қондыра білген Сәукеңнің, Сауытбек Абдрахмановтың да өз қалпы, табиғаты, мінез-құлқы, боямасыз болмысы. Оның тұла бойынан осы бір тыныштықтың рухы сезіліп тұратынын бірінші айтқан біз емес. Сол ретте, соңғысы да біз бола қоймаспыз. Неге десеңіз, сол тыныштық күйдің тетелес туыстары – орнықтылық, тұрақтылық, сабырлылық, табандылық, қоңырлық, асып-таспайтын, аптығып сөйлемейтін, алқынып тұрмайтын Сауытбек Абдрахмановтың қай ісінен, қай сөзінен де көрінетініне көпшілік әбден қанық қой деп ойлаймын. Әсілі, көркем мінезділік дегеніміздің өзі де осы шығар.
Сауытбек Абдрахмановтың сұхбаттарын парақтай бастағаннан-ақ, сәулелі бір шақтарда Сәукеңмен сөйлесіп отырғандай күй кешіресіз. Ол сөз – отыз жылда орныққан, шаңырағын көтеріп, керегесін кең салып, іргесін бекіткен, бағдарын айқындап, болашаққа бет түзген еліміздің ел бастаған көсемі, ерен қалпы, еңбекшіл халқы, ертеңшіл азаматы туралы сөз. Ол сөз – тәуелсіздіктің тұтас тарихы жайлы толғақты, толымды, толыққанды толғам. Кешегі күндердің көркем шежіресіне көз салғандай боласыз. Ертемен келіп есік қағатын «Егемен Қазақстан» газетінің беттерін тағы бір ашқандайсыз. Сатуытбек ағаның сырлы сұхбаттарының бәрі де кейінгі жылдардың көлемінде газетіміздің бетінде жарық көрген, жылдар жылнамасындай жарияланып отырған, оқырманын ойландырған сұхбаттар.
Сондықтан бұл сұхбат жанрының, жалпы сұхбат құрудың нәзік қыры мен сырын танытумен қатар, әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің, адамзат мәдениетіне үлес қосқан тұлғалардың пайымды пікірлері арқылы сұхбат алушының да халықаралық саясаттан, әлемдік мәдениеттен тамыр тартқан парасат-пайымын айшықтай түседі деп білемін.
Осы сұхбаттардың ерекшелігін сұхбат жанрындағы Сауытбек Абдрахмановтың стилі, Сәукеңнің салты деп атауға да болады. Ол дегеніміз көзге бірден түсетін сауаттылық, көңілге сезілетін салмақтылық, сұхбат берушінің ойын оқушылық, жан дүниесіндегі жылт еткен құбылысты жазбай танушылық, көтеріп отырған мәселесін көш ілгері білушілік, сөз сұйылтпау, пікір таңбау, өзін тықпаламау, өре жарыстырып, өлермендікке бармау. Міне, осыдан келіп пафоссыз пайым туады. Нақтылық көрінеді. Ақыл танылады. Сырлы сұхбаттар арқылы адамның сыр-сандығы ашылады.
Сондықтан да болар, осы сұхбаттардың дені оқырманның жадына жатталып қалған. Ондағы айтылған пікір, көтерілген мәселе, қозғалған жайттың көбі әлі де айналымда жүр. Әлі күнге соларға сілтеме жасалады.
Әу бастан-ақ баспасөзде танымдық дүниелерімен оқырманның ықыласына бөленген Сауытбек ағамыз өзі еңбек жолын бастаған «СҚ»-ның мұрагері «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына келген соң екінші тынысы ашылып, кеңінен көсілген еді. Шығармашылығы, интеллектуалдық әлеуеті, қайраткерлік қарымы да осы сүйікті «Егемен Қазақстанында» қызмет атқарған кезеңде жарқырай көрініп, тұтастай саланың жауапкершілігін арқалаған министрлік мансапқа, бүгінгі халық қалаулыларының қатарына – елдіктің сөзі айтылатын биік мінберге, депутаттық дәргейге жеткізгені заңдылық. Осы жылдар бедерінде журналистік қабілетін қарымды қаламгерлік сападан қажырлы ғалымдық деңгейге ұштастырған Сауытбек Абдрахмановтың мәдениеттанушы, зерттеуші, аудармашы, публицист ретінде бойына жинаған мол білімін қалам қуаты арқылы ұлт руханиятына сүбелі қазына қылып қосты. Әлем әдебиетінен, төрткүл дүние өркениетінен жан-жақты хабардарлығы адамзаттық мәдениетте өзіндік орны бар тұлғалармен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, олардың озық ойларымен қазақ қауымын таныстыруға ұйытқы болды.
Қайбір жылы Сәукең «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» деген атпен қазақ поэзиясының қос томдық интерантологиясын құрастырып шығарған еді. Мұның сол тұста пікір тудырған, қызығушылықты оятқан, елді елең еткізген жаңалық болғанын айта кетуміз керек. Өлең дүниесінен өзіне ұнаған, көңілін қозғаған, жүрегіне жақын жырларын іріктеп алып, ізгі ниетті оқырманға ізетпен ұсынғаны бар.
Айтқандай, Сәукеңнің осындай ауқымды істі атқаруына өзі үлгі тұтқан көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев себепкер болған екен. Сонау жетпісінші жылдары Кинокомитетте қатар қызмет етіп жүрген кезінде абыз аға қазақ жырының қадір-қасиеті туралы өзара әңгіме барысында қазақ поэзиясының антологиясын құрастыру жөнінде айтыпты. Ал «Егемен Қазақстанға» басшылыққа келген тұсында: «Ал енді газет қолыңда. Баяғы айтқан шаруаны қолға алмайсың ба?» дейді. Осылайша Сауытбек Абдрахманов әдебиет зерттеушісі ретінде ел газетінің оқырмандарын қазақ поэзиясының жауһарларымен таныстыруды қолға алып, қазақ әдебиетінің қоржынын салмақтандыра түскен еді. Бұл – руханият жоқшысының ел үшін атқарған еселі еңбегінің, жарқын жобаларының бірі ғана. Бұдан басқа да оқырманға жол тартқан кітаптары оқырман сөресінен өз орнын алған.
Шынайы интеллигент, зияткер тұлға, қарымды қаламгер, шебер ұйымдастырушы, көргені де, бергені де мол жақсы ағамыз өзінің салған өнегелі жолымен жетпістің жотасына да шықты. Жай шыққан жоқ, жарқын бейнесімен, жайдары қалпымен, руханият керуеніне артқан жүгімен, ұрпаққа салған ұлағатымен шықты. Мезіретті мезетте Мемлекет басшысының қолынан Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алды. Ағамыздың мерейтойы құтты, мерейі үстем бола берсін!
Стиль дегеніміз – кісінің өзі. Әлбетте, бұл қолына қалам ұстаған кісі турасында айтылған анық, айшықты, айқындаушы сөз. Осы анықтауыш сөзді, әсіресе, зерделі әдебиет зерттеушісі, талғампаз тәржіман, көсемсөздің көшелі өкілі, сұхбат жанрының сайыпқыран сардары Сауытбек Әбдірахмановқа қатысты қолдансақ, қалай қиюласа кетеді. Орнын тапқан сөздей орайласа қалады. Бітімге келген бектердей бірауызданады.
«Жастар» Сарайының 50 жылдығы тойланады
Аңдатпа • Бүгін, 12:46
Санжар Тәшкенбай күміс жүлдегер атанды
Бокс • Бүгін, 12:41
Ауыл шаруашылығы саласында 142 миллиард теңге тиімсіз игерілген
Оқиға • Бүгін, 12:25
Ел мектептерінде медиация қызметтері пайда болады
Оқиға • Бүгін, 11:50
Сегіз жасар оқушы шахматтан Азия чемпионы атанды
Шахмат • Бүгін, 11:28
Ольга Рыпакова басшылық лауазымға тағайындалды
Спорт • Бүгін, 11:14