21 Ақпан, 2014

Кезік

504 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
Александр ТасболатовСонау шалғайдағы ауылдардан қалаға таң алдында қатынайтын жолаушылар көлігі, әзірге, осы автобус. Жұртшылық оған да шүкіршілік етеді. Әйтеуір, ен далада қалған елдімекенді үлкен өмірдің ортасымен байланыстырып тұратындықтан әрі асыққанда жолға тастап көрмеген осы ақ автобус пен оның иесін жұрт шынында да жақын тарта түскен. Сол автобус, міне, күнделікті белгіленген жерге келіп тоқтады. Есігін айқара ашқан оған маңдайшасында жазуы бар бір қабатты үйден шыққан топ адам бет алды. Бұл үй ауылдың шетінде болатын, сондықтан қалаға баратын жолаушылар бір киерін киіп, мұнда ерте келуге тырысады. Ауыл қаласыз тұра алмайды, қала ауылсыз күн көре алмайды дейді бұлар. Жолаушылардың барлығы дерлік автобус ішіне еніп, өздері қалаған орындарға жайғасып алды. Тек азанмен мұнда ерте келіп, сонан бері ғимараттың ауыл айдай көрінетін күнгей жағында біреуді күдерсіз күткен бойжеткен ғана әлі тұр. Ауыл үлкен ғой, оның кім екеніне автобустағылар алғашқыда назар аудара қоймады. Тек жүргізуші: – Ал бәрі отырды ма? Ешкім қалған жоқ па? – деп әр бекет сайын қайталайтын сөзін айтқан соң ғана, алдыңғы қатарда отырғандар: – Әне бір қарындас та бір жаққа барады ғой деймін, – деп қозғалақтап қойды. – Ол неғып тұр, қалаға баратын адам ба өзі? – деп күбірлеп алған жүргізуші: - Қарындас отырыңыз, жүретін уақыт кезикболды, – деп дауыстады ашық тұрған есіктен. Сонда ғана мойнын сәл бұрған қыз есіне әлдене түскендей аңтарыла тұрды да, артына жалт қарады. Ұзын көгілдір көйлегі сұңғақ бойлы денесіне құйып қойғандай жарасып тұр. Анда-санда желпіп өткен самал жел әлгі көйлегін денесіне одан әрі жабыстыра түскенде құлын мүшесі менмұн­далағандай болады. Аққұбаша жүзінде бір тал әжім жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, мөлдіреген жанары жасқа толып тұр екен. Сол боталаған көзінің өзі-ақ сұлулығын одан әрі паш етіп, кез келген жанның назарын аудармай қоймайды. Жаңа ғана асығып отырған жұрт толқындай қара шашы бөксесіне төгілген, көгілдір көйлегі мінсіз мүсінін айғақтаған көрікті қыздың көркіне қарай қапты. Оның ауыл жаққа жаутаңдап тағатсыз алаңдағаны, көлікке мінуге тәуекел етпей бір бұрылып, бір кідіруі, мөлдіреген көзін біресе жауып, біресе ашып тұрған қайқы кірпіктерінің жасқа толып, жәрдем күткендей жанарымен жәудір қаққаны табиғаттың сырлы сазындай көңіл біткенді елітіп әкетті. Ақ жүзін жапқан шашын сұқ саусағымен құлақ сыртына бір қайырды да сөмкесіне қолын созып, бауынан қыса ұстады. Со мезет қайта белін жазып, ауыл жаққа тігіле қалды. Онан соң басын баяу бұрып, солғын жанарын автобусқа тіктеді де, амалы құрып, еңкейе қызыл сөмкесіне қайтадан қолын созды. – Е, ол өзі біреуді күтіп тұр ғой деймін, – деді дәл терезенің түбінде отырған орта жастағы әйел. – Солай ғой, әлі уақыт бар емес пе, аялдай тұрайық, – деді қыр мұрынды мұртты жігіт. Оның қасындағы орын бос еді. Қыр мұрынды жігітке бір қараған жүргізуші, оның ойын ұққандай салондағы қалған жолаушыларға көз салды. Бейне, бәрі белгісіз бір сиқырдың жетегіне ілігіп кеткендей демдерін тартып, іштен тына қалыпты. Екі қолы добалдай, денесі еңгезердей қара бұжыр бетті жүргізушінің де жүрегі ет пен сүйектен жаралған екен, ана еліктің лағындай қорғансыз көрінген қыздың бейкүнә қылығы оны да бір сәт баурап әкетті... Ал бұл кезде соншама жұртты өзгеге түсініксіз, өзіне ғана мәлім сезім ирімдерінің әсерімен табиғи қылығына табындырып үлгерген көгілдір көйлекті қыз енді үмітін біржолата үзгендей қомақты сөмке бауын уысына қыса ұстап, кетуге белді бекем буғанын көрсеткендей, есігінен де терезелерінен де өзіне анталай қараған көлікке бір-екі сенімсіз қадам жасады да, артына қарай тағы жалт бұрылды. Кенет ол қолындағы жүгін тастап жіберді де, қос алақанымен бетін баса қалды. Оның көзіне сонау ауылдың шетінен сарыла күтіп іздеген бейнесі іліккен еді. «Сол, – деді қыз іштей күбірлеп, – соның өзі». Ол енді бетінен алақанын алуға да қорықты, алса, келе жатқан алыс та жақын, таныс та ыстық бейнесін жоғалтып алардай көрінді. Оған осы «Әне, келе жатыр!» деген қуанышты сезімнің өзі керемет еді. Бір сәт сонан айырылғысы келмеді. Жан дүниенің аласапыран әсерінен бе құдай берген көрік одан әрмен оттай алаулап сала берді. Бұл сыртқа тепкен іштегі жан дүниенің сыры еді. Балым осы ауылдағы дүкенге сатушы болып орналасқанда, ең алғашқы танысқан адамы Сәрсен болатын. Бұл оны көргенде Алматыда жүрген сыныптасы екен деп қуанып қалды. Сол сыныптасы Қанаттан аумайды. Тіпті бұл Нұрсайда қайдан жүр деп, ойланып та үлгіре алмады. Бірден Қанатты көргендегідей қуанышын жасыра алмады. Тек алдында тұрған шын сыныптасы емес екенін ол кейін білді. Алайда осы білместігі оны Сәрсенмен жақын танысуға әсерін тигізді. – Ой, Қанат, бұл сенбісің?! – деді Балым әуелі тіл қатып. Тіпті бұған аңтарыла қарап, қуанышын жасыра алмай күлімсірей түсті. Көлігінің қасында тұрған ұзын бойлы, ақсары жігіт те ауылына ғайыптан келген мына бейтаныс сұлуға сұқтанып қарап тұрған. Іздегенге-сұраған дегендей, алғаш тіл қатқан бейтаныс сұлуға бұл да жақындай түсті. «О, ғажап, осындай да сұлу адам болады екен-ау!» деп ойлаған сонда Сәрсен. Аппақ жүзді айдай арудың күлімдеген көзі баурап, не деп тіл қатарын білмеді. Қапелімде аузына сөз де түсер емес, тек күмілжи берді. Құлағы тұнып, басы айналды. «Мен іздеп жүрген адам осындай ғой, шіркін!» деген арман ойы жүрек түкпірінен атойлап шыға келді. Тамсанғаннан тіл-аузы байланып қалды. Құлағы түк естір емес. Қарсы тұрған бейтаныс бойжеткеннің бота көзі оттай жанып, күлімсірегенде екі бетінде пайда болатын сәл ойық сүйкімділігі естен мүлде тандырып жіберді. Қыздың «Қанат» дегені Сәрсен болып естілді. Іздеп жүрген сүйгенін, өзінің нағыз теңін енді таптым деп, мына алдына аспаннан түскен ару қызды да тек өзін ғана іздеп келген екен деп ұғынды. Солай деп ұқты. Сосын: – Сәрсен деген мен ғой, мен, – деді жерден жеті қоян тапқандай қуанып. «Мен Сәрсенмін!» деп екі езуі екі құлағына жайыла, мәз-мәйрам болып айтты. Сол сәт Балым тіксініп қалды. Алдында тұрған сыныптасы емес, соған ұқсас біреу екенін білді. Сосын өз әрекетінен ыңғайсызданып, екі беті ду етті. Ұялғаннан не істерін білмей: «Кешіріңіз, мен сізді басқа біреумен шатастырып алдым» – деп, жалт бұрылды. Осы кезде дүкен алдында тұрған қыздың әпкесі: – Балым, сені біреу телефонға шақырып жатыр, – деді дауыстап. Аппақ ару елес тәрізді тез-тез басып ішке еніп, жоқ болды. «Балым» деп қайталады Сәрсен. Балым десе, Балдай екен ғой, ә! – деді тамсана күбірлеп. Сұлулықтың құдіретіне бой алдырып, екі қолтығынан біреу демегендей былқ-сылқ басып жетекке ерді. Әлгі Балым атты бейтаныс қызбен арада бір көрінбейтін жіп пайда болғандай әсер етті. Сол жіп еріксіз тартып барады. Тартылған сайын екеуінің арасы жақындай берді. Дүкен ішіне кіріп барып, сол ақсиған күйі: «Мен Сәрсенмін ғой» деді тағы да. Балым күліп жіберді. Сосын жәйімен ғана жымиып: – Болсаңыз қайтейін енді, – деді. – Сен мені алыстан іздеп келдің ғой, ал мен сені таптым, – деді Сәрсен бұл сөзді қалай айтқанына өзі де таңғалып. – Мен бе?! Кімді? – деді қыз енді езуіндегі күлкісін жиып. – Иә, сен. Жаңа менен: «Сәрсен деген жігіт сен бе?», деп сұрадың ғой. Міне, мен Сәрсенмін, ал сен – Балымсың. Солай емес пе? Ендеше, мен де сені көптен іздеп жүргем. Қыз әуелі үнсіз қалды. Мынау өзі қандай адам деп сұқтана қарады. Алдында тұрған аққұба, атжақты, жұқалтаң жігіт ойнап тұрған секілді емес. Бар шыны. Сонда да болса, кім біледі, сайқымазақ біреу шығар деп ойлады. – Жоқ, сіз түсінбей қалдыңыз. Мен сізді басқа бір адаммен шатастырып алдым, сіз сол адамға ұқсайды екенсіз. Оның есімі Қанат. – Е, мейлі ендеше, менің есімім Сәрсен. Сенімен танысқаныма өте қуаныштымын. Есіміңді айтпасаң да білемін, енді. – Сол сәт екеуі де бір-біріне мейірлене қарап, күліп жіберді. Екеуі алғашқыда осылай танысқан. Одан бері де қанша уақыт өтті. Алғашқы махаббаттары мәңгілік махаббатқа айналғандай көрінді. Балым бақытымды таптым деп сенді. Ақыры жігіттің дегеніне де көнді. Содан кейін... Иә содан кейінгі жағдай, міне, осы ғой. Бұл кеткелі тұр. Қазір мына автобусқа отырады, бітті, сонымен... Осы ойынан өзі селк еткен Балым «жоқ» деп айқайлап жібергісі келді. Қалайша сүйгенін қиып кетпек! Мүмкін емес. Барым да, асылым да осы деп сенген адамынан айырылса, не болғаны? Мына өмірдің оған керегі не? Көзінен сорғалаған жасын сүртіп ыстық бейнені қайта іздеді. Жақындаған секілді. Бірақ бұған қарай емес, қиғаш кетіп бара жатқандай. «Иә, иә бұл ана Сәлиманың үйіне бара жатыр. Солай ғой. Рас болғаны ғой. Жұрт бекер айтпайды. Осы кезге дейін мені іздесе қайда қалды? Демек, мұның күдігінің расқа айналғаны ма? Қалайша?! Екеуі сол түні таң ата ғана бір-бірімен қимай қоштасқандай болды. Жігіт қызды шын сүйетінін бар ынта-ықыласымен тағы білдірді. Қадалған жерінен қан алардай жабысып, Балымды ертең әкететінін, осы шешімге нақты тоқтағанын, бұдан басқа адамды енді көзіне ілмейтінін, мәңгі бірге болатынын құлағына ән қылып құйды. Балым ғана сұлу, одан асқан көрікті қыз жоқ, көзі, мұрны, ерні, мойыны, бәрі-бәрі әдеміліктің асқақ шыңы, оны бағындыру Сәрсенге ғана бұйырғаны неткен бақыт! Бұл бақытты қолынан ешуақытта ұшырмайтынын жігіт қызды жан-тәнімен аймалап жатып, аттай тулаған жүректің толқынына көміліп, үздігіп жеткізді. Жігіттің ыстық демімен шарпылған сай-сүйекті жібіткен қызыл сөздері Балымның тәтті арманын қоздырып, оны одан әрі сезімнің тереңіне тарта түсті. Мұндай айрықша ыстық құшақтан шығуға қыздың шамасы жетпейтін. Оның да өмірлік аңсағаны – өзін біреудің құлай сүйгені еді. Жарық гүлін іздеп жүріп ақыры тапты ғой. Енді соның балына малынып, мерейі қанғанша татпай ма. Мұндай шаттығын, мұндай қуанышын ешкімнің тартып әкетуіне жол бермейді. Айырылмайды. – Жаным менің, – деді жігіт қыздың бір сәт ашқан құшағына көміліп. – Мен қандай бақыттымын, сені тапқаныма. – Менің де бақыттан басым айналып барады, Сәрсен! – деді қыз басын шалқайтқан күй екі көзін жұмып. Ыстық ерін ерніне қадалып, екі бетін, ашық мойнын, кеудесін, анарын аймалай жөнелгенде дел-сал күйге ене берді. Артынша өзі күтетіндей көрінетін, бірақ қарсылық білдіріп жылы жауып қойған тәтті бір күйдің табалдырығынан аттап өткенін де байқамай қалды. Алып-ұшқан сезім оты жігіттің не істеп жатқанын таразылауға мұрша бермеді. Тек өзінің рахат ләззаты атты көл түбінде тұла бойы оттай ыстықтан күйіп, жанып бара жатқанын сезді. Басы айналғаннан жігіттің дегеніне көне берді. Енді бір сәтте ала-құйын ортасынан екеуі де төсекке құлап түскендей, тым-тырыс қалды. Тұла бойды қамшылаған ыстық сезім жалыны бәсеңдей түсіпті. Қасындағы Сәрсен алқына демалып, бұған қарап ыржияды. Ұпайы түгел. Бірдеңе деп күбірлейді, не дегенін ұққан жоқ. Таң біліне бастапты. Сыртта анда-санда алыстан бір көліктердің гүрілі естілгендей болады. Бұған дүкендегі жұмысына бару керек. Бірақ мына күйінде қозғала алар емес. Жан-жақтан жабылып біреулер мұны ұрып тастағандай, денесі ауыр тартады. Екеуі де орындарынан тұрды. Сәрсен бүгін көрші ауылдан бір отбасын көшіріп әкелісуге баратынын айтты. Ол кім деп қыз сұраған жоқ. Бәрібір ол бұ жақтың көбін, көрші ауылдарды тіптен білмейді. Екеуі апыл-ғұпыл киіне бастады, қазір Сәрсеннің досы – үй иесі келеді. Кеше одан пәтер кілтін бір түнге бере тұр деп сұрап алған. Енді адам аяғы өрмей тұрғанда жөндеріне кетулері тиіс. Кенет Балымға мына үйде ең қимас бір дүниесі қалып бара жатқандай көрінді. Сол асыл дүниесін жоғалтып алғандай, көңіліне алаң енді. Шығар кезде тіптен көңіл-күйі түсіп, өңі қашты. Әлі құрып бара жатқандай, маңдайынан шып-шып тер білінді. Бұл іштегі «енді не болар екен» деген аласапыран күйдің әсері еді. Тұла бойына шапшыған ой әсері қазір Сәрсеннен айырылса енді кездесе алмайтындай қауіпті білдірген еді. Сол-ақ екен жігіттің қолынан ұстай алып, мойнына асылып, кетпеші дегісі келді. Оны не үшін айтқысы келгенін өзі де жөндеп жете түсіне алмады. Бар күш-қайратын жиып: – Қашан келесің, Сәрсен? –деді ақырын, құдды біреу естіп қоярдай тығыла сөйлеп. – Көреміз, жол ұзақ, таулы аймақ. Түсте жетсек, одан келесі күні жүк тиеп шықсақ, е, келесі күні кештелетіп келеміз ғой. Тек одан кейін мені қалаға сапарнамаға жіберуі мүмкін, сонда... бір аптадай уақыт өтеді ғой. – Қыз оны тағы бір нәрсе айтар ма екен деп күткен. Жігіт үндемеді. Аяқ киімін киіп, сыртқы есікке бет алды. Енді, міне, оның ауылға ат ізін салмай кеткеніне де қаншама күн өтті. Неге жоғалып кетті? Неге жоғалғаны белгілі емес пе? Тоятын қанағаттандырып, бар сырға қаныққан соң ол мұны қайтсін? Ауылдың ана шеті мен мына шетін желдей есіп жүрген «Сәрсен келін әкелуге кетіпті» деген сөз өсек емес шығар? Кім мұндай сөзді шығарды? Әрине, «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген, демек өсек болса да рас сөз. Әйтпесе қанша күн тағатсыз күтуде, үздіге үзіліп күтуде. Соны ол білмейді емес, біледі ғой. Көрші ауылдағы Сәлімгерейдің үйін көшіруге кеткендер әлдеқашан келген. Ал Сәрсен жоқ. Сәрсен қайда қалды деп ешкімнен сұрай алмайды. Қыздың жолы жіңішке деген, бұл не істей алмақ? Абыройымды айрандай төгіп кетті ол жігіт деп көшеге шығуы керек пе? Кім мұның ісін дұрыс деп оң қабылдай қояр дейсің. Өзі қарабет атанбай ма? Шынымен мұны тастап кетсе, мазаққа айналғаны ғой. Есі кеткен есін кейін жияды деген осы екен ғой. Қалай ғана алданғаны? Енді не істемек? Енді шыңдықтың шымылдығы біртіндеп сыпырылып жатқандай. Кеше кешкісін әдеттегідей соңғы алушыларға заттарын сатып тұрған. Кенет тыстан алқына кірген Бәтес кемпір замандастарын кезіктіргеніне мәз болып, сампылдап сөйлей жөнелді. Басындағы ақ жаулығын түзеп қойып: «Әй, осында екенсіңдер ғой, сендерді іздеп жүрсем», – деді оларды кезіктірген қуанышын жасыра алмай. Артынша, сырластарына сағына қосылған Бәтес әжей Азаматтың баласы Сәрсен келін әкелуге қалаға кеткенін, енді келе жатқанын хабарлады. Көп ұзамай ауылда үлкен бір той болатынын жеткізді. Мұны естігенде Балым қолындағы затын түсіріп ала жаздады. Құлағы тұнып, жүрегі соқты. «Иә, Сәрсен сол түні қалаға сапарнамаға барам» деп еді ғой. Оның сапары осы болғаны. – Е, әлгі ауылдың шетіне жаңадан көшіп келген Сәлімгерейдің қаладағы қызы дейді ғой, – деді мына жаңалықты іліп әкеткен әйелдің бірі. – Сол, соның қызы көрінеді, соны алып қашыпты ғой. Екеуі баяғыдан бері бір-бірін білсе керек, – деді үшіншісі жарыса сөйлеп. Бұдан арғы әңгімені Балымның тыңдауға шамасы жетпеді. Ол мына алдында тұрып, мұның ең асыл сезіміне, арманына қол сұғып, оны жұлмалап жоққа шығарып жатқан әйелдерге ызасы келді. «Шығыңдар бұл жерден!» деп айқайлауға оқталды да айта алмады. Өзі де ауылда өскен, үлкенді сыйлау әдетінен аттап өтпеді. Тек тұла бойынан әл-дәрмені құрып, төмен қараған күйі дүкенді жабатын уақыттың болғанын айтты. Алар заттарын алып, әңгіменің қызығына түскен әйелдер Балымның жан дүниесіндегі өзгерісті байқаған жоқ, сампылдай сөйлескен күйлері шығар есікке бет алды. Көлеңкесінен үркіп, күдікті ойлардың шырмауына өзін тастап жіберген Балым не істерін білмеді. Ол енді мұның біріне де сенгісі келмегендей, тағы да ұялы телефонына жармасты. Бірінші тұрған нөмірді, өзіне ыстық нөмірді бір емес, бірнеше рет теріп үлгірді. Бірақ, сол баяғы үнсіздік. Сәрсен мұның қоңырау шалып жатқанын біліп тұрғандай, бірақ әдейі күлімсіреп, алмай тұрғандай көрінеді. Балымға тап солай сезілді. Дүкен есігін іштен іліп алып, қанша уақыт отырғанын да білмеді. Кенет біреу есік қаққандай болды. Иә, солай екен. Бар үмітін үзіп, тағдырына сызат түсірер әңгімені айтып кеткен әйелдерден де бері біраз уақыт өтіпті. Жылап отырғанын байқады. Өз ойымен алысып, ұялы телефонын біресе өшіріп, біресе қосып әлек. Үйден біреу мұны іздеп келген шығар деп ойлады. Жылап отырғанын көрсетпейін деп көл болған көз жасын сүртіп, орнынан тұрды. Түкке зауқы жоқ. Үйге де қайтқысы келер емес. Осылайша өзімен-өзі оңаша ой түбіне батып, сарғайып отыра бергісі бар. Өзің күштеп, есікті барып ашты. Поштада істейтін құрбысы Анар екен. – Кіммен осыншама уақыт сөйлесіп жатырсың? Тіптен бір босатпай қойдың ғой, – деді ішке енген Анар. Түк болмағандай кейіп танытқан Балым да: – Қорек көзі бітіп қалыпты, байқамаған екенмін. Иә, өзіңде не жаңалық бар? – деп тездете қарсы сұрақ қойды. – Естідің бе, мында саған әлгі өлердей ғашық болып жүрген жігіт бар еді ғой, е әлгі, ұзын бойлы Сәрсенді айтам. Сол қаладан бір қызды алып келе жатыр дейді. Мына сөзді естігенде қайран Балымның бар тамырын электр тогы қуалап өткендей болды. Денесін тіктей алмай, аяғын тең басуға шамасы жетпей орындыққа сылқ ете қалды. Кеудесіндегі ең соңғы сенім қамалы да қирап түскендей көрінді. «Алдады, алдап кетті!» деген үндер санасына инедей қадалды. Желсөз деп қаншалықты мән бермейін десе де, айтылып жатқанның бәріне сенбейтін бекініс қалмады. «Рас болғаны ғой, мені емес, өзге біреуді сүйетін болғаны ғой. Енді қайттім?» деп іштей егіліп сала берді. Ол мына Анар құрбысын құрметтейтіндігінің бір сыры – ол ешқашан өтірік айтып көрген емес. Тіпті кереметі сол, өтірік айту дегенді білмейді. Бұл жолы де солай, ол шындықты айтып тұр. Иә, иә естіген шындығын айтып тұр. Әрі қарай Балым қазбалап ештеңе сұрағысы келген жоқ, енді басқа әңгіменің керегі де жоқ еді. Кеудесі қақ айырылып, жүрегі тілім-тілім болып жатқанда, өзгенің қызығы мен қуанышынан бұған не қайыр. Табан астында өңі қашып, сұлық түскен құрбысының түрінен Анар кәдімгідей шошып қалды. Ол өзінің жаңалығымен Балымның жанына жазылмастай жара салып жібергенін байқамады. Анардың өресі бойынша Сәрсенге ғашық қыздар көп, ал Балымның ол жігітке деген еш көңілі соқпайды. Бұған солай болып көрінетін. Қайдан ғана білсін ол, лаулап тұрған қып-қызыл махаббаттың үстіне суық суды төгіп кеп жібергенін. – Балым, саған не болды? Мен енді Сәрсенге ғашық болып, соған тұрмысқа шықсам ғой деп армандап жүрген қыздардың түрі қандай болар екен деп, саған қызық әңгіме айтып жатсам. Өңің өзгеріп кетті ғой. Ауырып қалғаннан саумысың? – Солай секілді, Анар. Мені үйге шығарып сал да өзің қайта бер, саған рахмет. Басым айналып тұрғаны, шаршадым ғой, білем, ертең жолығып кеңірек әңгімелесейік, – деді тезірек өзімен-өзі оңаша қалғысы келіп. Үйіне келген Балым, бөлмесіне кірді де бетін басып өксіп жіберді. Қолына түскен заттарын оңды-солды лақтырып, ашуын шығарды. Әрі ойланып, бері ойланды да, ақыры ұялы телефонын алып, Сәрсеннің нөмірін ашып, ұзақ-сонар хабарлама жазуға кірісті. Бастан-аяқ не болып, не қойғанын, шын сүйем деп құшағын ашқан адамының сұмырай болғанын, енді бұл жерден кететінін, Сәрсенге сеніп тағдырын қор қылғанын, өмірде алғаш рет құлай, шын, беріле, жан-тәнімен сүйген ғашығының опасыз болып шыққанына жаны жылап жатқанын өкініштен өзегі күйе жазды. «...Сау бол, өмірде жалғыз сүйген сүйіктім. Енді сен мені іздемейтініңді білемін. Өйткені, сен өзіңнің сүйгеніңнің қасындасың, ал мен сенің ермегіңе айналған қуыршақ біреу екенмін. Соны кеш түсініп, алданғаныма өкінемін. Мейлі, бәрінен бұрын мен сені әлі сүйетінімді білемін, сондықтан сен туралы жамандық ойлай алмаймын. Бақытты болуыңа тілектеспін. Ертең сен келесің, ал мен кетемін. Сенің жаңа қызығың басталады, ал менің сені мәңгілік сағынатын сағынышты күндерім бас­талады. Аман бол, Сәрсен. Мені іздемей-ақ қой, иә іздемейтініңді де білемін ғой, қайтейін енді. Балым». Жіберу нүктесін басып қалды. Сосын ұялы телефонын өшірді де, заттарын жинауға кірісті. Ағасына қаладағы ата-анасын сағынғанын айтты. Әзірге мұнда болғысы келмейтінін жеткізді. Іштегі лапылдап қайнап жатқан мұңын әрең тежеді. Ешкімге ешнәрсе білдіртпеді. Ала таңнан тұрып, ауылдың шетіндегі жаңа автобус бекетіне қарай тартты. Бір-екі аттап, артына қарайды. Тағы да сөйтеді. Артынан біреу, ол «біреудің» кім екенін өзі жақсы біледі, атын атап шақырып қала ма деп алаңдайды. Бірақ ешкім шақырмайтынын тағы біледі. Соны білген сайын ұнжырғасы тіптен түседі. Кетеуі кеткен көңіл күйінің оңалар түрі көрінбейді. Тіптен беймаза ойлар еңсесін көтертпей, басып-жаншып барады. Сонда да артына бұрылып қарайды. Ұзақ тұрады. Сосын алға амалсыз басып, сөмкесін әрең жылжытқандай қозғалады. Қозғалған сайын жүрегі құрғыр қоса жылайды. Оны біреу қос қолдай ұстап, жібермей жатқандай жанына батады. Сосын артына бұрылады, қайта оралғысы келеді. Бірақ алдаған адамның алдына енді қайтып барғысы келмейді. Не үшін бармақ? Сүйгенінің өзге біреуді құшағына қысып, аймалап жатқанын көру үшін бе? «Жоқ, бітті бәрі, бітті» дейді өзіне-өзі күбірлеп. Ақыры кібіртіктеп бекетке де жетті. Енді тұрысы мынау, алыстан қарайған дене бұған таныс бейне секілді көрінеді. Соған бола жү­ре­гі кеудесіне сыймай алып, ұшқан. Сөйтсе, әлгі таныс бейне Сәлімгерейдің үй жағына бұрылып ба­ра­ды. Сәлима – Сәлімгерейдің қызы. Сәрсен осы Сәлім­герейді көшіруге барамын деді, сосын қалаға сапарнамаға кетемін деген. Мұны алдағандағы сапарнамасының сыры Сәлиманы алып келу болған екен. Бір нүктеге қадала қарай көзі жасаурап кетті ме, әлде көл боп аққан көз жасынан ба, айнала буалдыр тартты. Сөмкесінен орамалын алып, көзін, бет-аузын сүртті. Демін терең алып, ауыр күрсінді. Сосын қарайған бейнеге қайтадан көз жүгіртті. Енді анық көрді. Бәрін көрді. Келе жатқан ыстық бейне Сәрсен екен. Сол! Соның нақ өзі. Жүрек құр­ғыр қайтадан аттай тулап, кеудесіне сыймай бұл­қынды. Тіпті сол мезет бұл да бәрін ұмытып, еңіс­ке қарай жүгіре жөнелді. Бәрі бұрынғы қаз-қалпындағыдай. Сәрсен Балымды, Балым Сәрсенді асыға, қуана, сағына, ынтыға іздеп жүгіргендей бол­ды әуелі. Бірақ, амал не, жігіттің бұрылып бара жат­қаны, Сәлімгерейдің үйінен бір бойжеткеннің шық­қаны Балымның алдындағы қара жерді қақ айырып жібергендей кілт тоқтатты. Сәрсен ана қызды құшақтап бетінен сүйгендей болды. «Мынау Сәлима ғой» деп күбірледі Балым. Ол Сәлиманы танымайтын да еді, бірақ оны бұрыннан білетіндей және мына бойжеткен соның тура өзі деп ұқты. Сол-ақ екен тазқалпына енген Балым сең соққандай сылқ ете түсті. Көз алды қарауытып сала берді. Кенет қалың ұйқыдан оянғандай, санасын жапқан перде түрілді. Бір сәттік сезім шырмауына түсіп, жөнсіз қылған қарекетінің әрекетінен түңілді. Енді оған бәрібір еді. «Не деген ақымақтық» деп өзін-өзін жек көрді, атарға оғы болмады. Бәрін біле тұра мына әрекеті не? Ұят-ай! СМС жазып жіберіп, енді өзінің қалындығымен келе жатқан еркектің алдынан етегі желбіреп, құшағын аша жүгіргені несі? Масқара! Бұдан артыққа Балымның шамасы жетпеді, бойынан қуаты кетіп, аяқ-қолы бүгіле бастады. Қарабет болған осы-ау деп, іші удай ашыды. Бойдағы бар күш-қайратын жиып, орнынан тұрып автобусқа қарай жүгіргісі келді. Болмады. Енді қалған намысын қолдан бермей, көз жасын көрсетпей көзден жоғалғысы келіп ұмтылып бақты, бірақ былқ-сылқ еткен дене икемге көнбеді. Бірнеше күннен бергі іштей жеген жегі ойлар дегеніне жеткен екен, есін алды. Санасы тұманданып, көзі бұлдырап бара жатқанда байқағаны Сәрсен таяп қалыпты, қасында қалаша киінген Сәлима екеуі мұны аттап өтпекші болғандай көрінді де... қу дүние қараңғыланып сала берді... Қанша уақыт өткенін де, қанша ессіз құлап жатқанын да білмейді. Балым біртіндеп қайта ес жинады. Айналада жан жоқ, бекет басы да босап қалыпты. Тек мұның басын сүйеп, құшағына қысып отырған біреу ғана солқылдап жылағандай болады. Жаздың ең бір жарқын күні осы шығар. Үп еткен жел де жоқ. Көтерілген қызыл күн бар нұрын төгіп тұр. Анадай жерде көк шөптің үстінде тұрған өзінің қызыл түсті жол сөмкесі көрінеді. Біртіндеп өткен оқиғалар есіне түсе бастады. Жанын жеген кезік ауруы да басылған секілді. Сол сәт басын жұлып алып, атып тұрғысы келді. Бірақ мына құшақтың жайлылығы жанына жағып барады. Ыстық дем таныс дем секілді. Мына таныс үн, мына алақан, оның иесі бәрі, бәрі мұның мына жарық дүниедегі ең аяулысы да ардақтысы екен. Соны сезгенде бақыттың айдынына қайта сүңгіді. Бұдан айырылу ол үшін өліммен тең ғой. Ал мұның өлгісі келмейді. Осы аяулысының құшағында мәңгі болғысы келеді. Сосын өзінің тірлігінен сыр берді. – Сәрсен, жаным менің! – деді көзін жұмған күйі бар шаттығын жүзіне үйіріп. – Балым, жаным менің! Бұл неткенің? Мен үшін сен ғана керексің ғой, мен сені ғана таңдағанмын, Балым! – деді жігіт оны алқызыл ернінен аймалай өбіп. – Сен ұялы телефоныңды алмадың ғой, сосын жұрттың бәрі... – Білемін, телефонымды жоғалтып алғаным үшін кінәлімін, ал жұрт не десе о десін, өйткені, сен мендіксің, Балым! Александр ТАСБОЛАТОВ.