Экономика • 07 Қараша, 2021

Банк таратылғанымен, кредит жойылмайды

963 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тоғыз банк таратылады деген хабарлама таратуы мұң екен, Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan банктеріне қаржысын салып қойған салымшылар «депозитіміз не болады?» деп алаңдаушылық білдіре бастады. Ал осы банктерде несиесі бар кей азаматтың «кредитіміз автоматты түрде жабылады екен» деген пікірі желіде желдей есіп жүр. Шынында солай ма?

Банк таратылғанымен, кредит жойылмайды

Банктер таратылса, ең бірінші салымшылар алаңдайтыны анық. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясынан айырылған банк салымшылары бұл мәселеде қам жемесе де болатынын айтты. Бұл сөздің жаны бар.

Жалпы, елімізде теңгемен, доллармен сақталған депозиттердің сақталуына және төлем карточкалары мен банк шоттарындағы ақшаға «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ ) кепілдік береді, яғни банк таратылса да, банкрот болса да ол ақшаңыз ешқайда жоғалып, жойылып кетпейді. Тіпті капиталдандырылған пайыз­дар да соның ішіне кіреді. Тек жеке тұл­ғ­алардың металл шоттарында сақ­тал­ған қаражатқа, банк ұяшықтарында ор­на­лас­тырылған ақша мен құнды зат­тар­ға, депозиттік сертификаттарға ғана кепілдік берілмейді.

Агенттіктің хабарлауынша, ең жоғары кепілдік берілетін сома валютаға және де­позиттің түріне байланысты. Айта­лық, теңгемен жинақталған депозит­терге – 15 000 000 теңгеге дейін; жинақ депозиттерінен басқа, теңгемен салынған өзге депозиттерге – 10 000 000 теңгеге дейін; шетел валютасындағы депозиттерге 5 000 000 теңгеге дейін кепілдік бар. «Кепілдіктің әрбір жеке адамға емес, оның ақшасы сақталған әрбір банкке қолданылатынын ескерген жөн. Айталық егер сізде бір банкте бірнеше депозит бар делік. Соның ішінде шетел валютасында да салым болса, онда сол банк таратылған кезде барлық салым жинағы қоса есептеледі де депозиттің әрбір түріне берілетін кепілдік шегі ескеріле отырып, 15 000 000 теңгеден аспайтын өтемақы төленеді. Ал салымшының шетел валютасындағы депозиттерге төлемақы банкті лицензиядан айырған күнгі валюталардың нарықтық айырбас­тау бағамы қанша болды, сол бойынша есептеледі. Әгәрәки депозитте кепілдік берілген өтемақы сомасынан асатын қаржы қалса, онда кепілдік сомасынан артылған ақшаны банктің тарату комиссиясы өтейді. Бірақ бұл өтемақы мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап қана тағайындалады», делінген агенттік хабарламасында.

Айтпақшы, егер салымшының банкке қарыз ақшасы болса, онда кепіл­дік берілген өтемақы сомасына ол да әсер ететінін ескерген жөн. Мыса­лы, салымшының 10 000 000 теңге мөлшерін­дегі жинақ депозиті бар делік, ағымдағы шоттарында 500 000 теңге мөлшерінде ақша қалды,  оның сыртында 2 500 000 теңге мөлшерінде өтелмеген кредиті бар. Мұндай жағдайда қарызгердің бірінші кезекте банкке берешегі алынады, содан кейін ғана кепілдік берілген өтемақы сомасы есептеледі. Демек, өтемақы сомасы 8 000 000 теңгені құрайды деген сөз.

Таратылатын банктерде депозиті бар жеке тұлғалар кепілдік өтемін төлеу туралы ақпаратты «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ www.kdif.kz ресми сайтындағы «Тарату процесіндегі банктер/Төлемдер бойынша ағымдағы жағдай» бөлімінен көре алады.

Ал қызметі тоқтатылатын банктерде несиесі бар азаматтарға келсек, банк­тердің таратылуы оларды кредит төлеу жауап­кершілігінен құтқармайды. «Несие­гер­лер босаңсуға, я болмаса арқаны кеңге салып, кредит төлейтін күнін өткізіп алуға болмайды. Себебі банктің таратылуы кредиттік міндеттемелердің жойыл­ға­нын білдірмейді», дейді агенттік мамандары.

Банк таратылса, ондағы барлық мәміле мен келісімдерді аяғына жеткізетін – ондағы тарату комиссиясы. Комиссия банктің кредиттік портфелін үшінші тарапқа сату туралы шешім қабылдай­ды, яғни кредитті өтеу процесін басқа банк­терге, коллекторлық агенттіктерге, ипо­текалық компанияға береді немесе комиссияның өзі де лицензиясынан айырылған банктің кредиттік портфелін әрі қарай басқаруды жалғастыруы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, кредит бәз-баяғы қалпынша қала береді, несие жабылмайды: егер несиені уақытында салмасаңыз, өсімпұл есептеледі, бұл әдеттегідей несие тари­хыңызға әсер етеді, кредит кепілді болса, онда борышкердің кепіл мүлкі сот арқы­лы немесе сотқа дейінгі тәртіппен саты­лады деген сияқты шаралар сол күйі сақталады.

Агенттіктің хабарлауынша, борышкер елден де  кете алмайды. Ол сот орын­дау­шысының қаулысы бойынша шетелге шығуы шектелген азаматтардың тізіміне енуі мүмкін.

Сондықтан мамандар істі қиындатпай, қарызды уақтылы өтеп, айыппұлдар мен өсімпұлдарға ұрынбауға кеңес береді.