Спорт • 07 Қараша, 2021

Белградта бұйырғаны – бес жүлде

315 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бокстан Сербияның астанасы – Белградта өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптаға жуық уақытқа созылған бәсекелер барысында 88 мемлекеттен келген 500-ден аса боксшы бақ сынап, 13 салмақ дәрежесінің түрлі-түсті медальдарын сарапқа салды. Жарыс мәреге жақындаған сайын мықтылар мен осалдардың аражігі ажырап, тек 25 мемлекеттің боксшылары жеңіс тұғырына көтерілу мүмкіндігіне ие болды. 

Белградта бұйырғаны – бес жүлде

Командалық есепте – екінші орындамыз

Солардың арасынан оза шапқан 15 елдің өрендері ақтық сынға алқынбай жетті. Бір қуаныштысы, бас жүлде үшін тартысқа түскендар қатарында қазақтың да жігіттері болды. Балқан түбегінде өнер көрсеткен Қазақстанның 13 былғары қолғап шеберінің үшеуі жарты жолға жетпей сүрініп, қалғандары қарсыластарын қоғадай жапырып

Жартылай финалда 48 кг сал­мақтағы Теміртас Жүсіпов Ев­гений Кармильчукпен қол­ғап түйіс­тірды. Еуропа чемпио­натында қола медальды иеленген Беларусь боксшысының Бел­градтағы өнері өте жақсы әсер қалдырды. Аса жеңіл салмақ­та бақ сынап жүр­геніне қара­мастан үш кездесудің екеуін мер­зімінен бұрын аяқ­таған ол көпшілік назарын бір­ден өзіне аударды. Евгенийдің бойы та­пал болғанымен, денесі мы­ғым, соққысы жойқын. Бі­рақ бұл бәсекеде Теміртас дұ­рыс тактика қолдана білді. Қан­дасымыз бойы мен қолының ұзын­дығын тиімді пайдаланды. Аяқ­пен де өте жақсы қимылдады. Қар­сы­ласы жанталасқанымен қазақ бокс­шысының қарқынына ілесе алған жоқ. Бәсеке барысында бірде-бір оңтайлы соққысын дарыта алмаған Кармильчук әб­ден діңкеледі. Жүсіповтің же­ңі­сіне ешкімнің де күмәні бол­мады.

Бастапқы бәсекелерде қарсы­ластарын қоғадай жапырғанына куә болған көрермендер 54 кг  салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Махмұд Сабырханның стилін Украинаның мақтанышы Василий Ломаченкомен салыстырды. Ал кейбір көрермендер «Ғасырлар тоғысында атой салған Алаш­тың алтын асықтай ұлы Бек­зат Саттархановпен қайта қа­уыш­­қандай болдық» десіп те жат­­ты. Әрине, Сабырхан әлі де олар­дың деңгейіне жете қойған жоқ. Десек те рингтегі қимыл-қозғалысына, ептілігі мен шап­шаңдығына, батылдығы мен өжет­тігіне және техникалық арсе­на­лының молдығына қарап, бұл жігіттің өнеріне сүйсінбеу мүм­кін емес. Қазірдің өзінде-ақ дуалы ауыз мамандар «Бұл бокс­­шының болашағы зор» деп ай­тып жатыр. Жартылай фи­налда үндістандық Акаш Кумар­ды сабады. Қарсыласы да жас өреннің мықтылығын мойындады. Жек­пе-жек аяқталған бетте Акаш Мах­мұдты шын жүрек­тен же­ңісі­мен құттықтап, екеуі құ­шақ­­тас­қан күйі суретке де түсіп үлгерді.

51 кг салмақтағы Сәкен Бибо­сынов Танарат Саенгфетпен сайысқа түсті. Үш раунд бойы Таи­ландтың өкілін жетегінде ұстап, өзінің ырқына оңай көндірген Мырзағали Айтжановтың шәкірті ақыры діттеген мақсатына қол жеткізді. Осыған дейін 2019 жылғы әлем чемпионаты мен 2021 жылғы Олимпия ойындарының жартылай финалында жеңіліп, қола медальды қанағат тұтқан Сәкенге бұл жолы бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндік туды.

Иә, 57 кг салмақтағы Се­рік Теміржанов кубалық Ос­вей Кабаллеро Гарсияға қар­сы шық­қанда, қандасымыз Пана­мерика ойындарының жеңімпазын жеңетініне көпшіліктіктің кү­мәнмен қарағаны рас. Тіпті «тас-талқан болып ұтылып қалмаса екен» деп мазасызданғандар да болды. Бірақ біздің жігіт бұл жекпе-жекке бес қаруын асы­нып келген екен. Рингте Серік өзін сенімді ұстап, атақты бокс­шымен еш қай­мықпай айқасты. Тіпті бірінші раундтың соңғы се­кундтарында кубалықты нокдаунға да жіберді. Одан кейін де шабысынан жаңылмаған Теміржанов жеңіс тойын тойлады.

Өкінішке қарай, Абылайхан Жүсіпов жартылай финалдық межеден аса алмады. Сырт көзге қазақ жігіті Севонрет Оказавамен тең дәрежеде айқасқандай кө­рінді. Бірақ жапон жігіті сәл жылдамырақ қимылдап, Жү­сіповтің үнемі алдын орап отыр­ды. Оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал қарымта шабуылға жү­­гінген Оказава қаша жүріп ұрыс салды. Бұл тактика өз же­місін берді. Бәсеке аяқталған соң біздің бапкерлер қазылар алқа­сына наразылық білдірді. Бірақ төрешілердің бастапқыдағы ше­шімі өзгеріссіз қалды. Осылайша, Абылайхан әлем чемпионатында қатарынан үшінші рет қола медальды қанағат тұтты.

Сан миллион жанкүйер та­ғатсыздана күткен финалдық бәсекелер екі күнге созылды. Ше­шуші тұста төрт тұяғын тең басқан тұлпардай төрт боксшымыз жер тарпып тұрды. Сол секілді АҚШ-тың да төрт өрені ақтық сында күш сынасты. Куба мен Ресейдің үш және Жапонияның  екі саңлағы дәл сондай құрметке ие болды. Ал Таиланд, Франция, Өзбекстан, Бразилия, Әзербайжан, Армения, Түркия, Украина, Беларусь және Италиядан бір-бір былғары қолғап шебері әлемдік доданың алтыны үшін айқасу мүмкіндіктерін сақ­тап қалды. Өздеріңіз байқап отыр­ғандай, бас жүлде үшін тар­тыс 15 мемлекеттің өкілдері арасында ғана өрбіді.

 

Отыздан асқанда орда бұзды

Алғашқы болып рингке Темір­тас Жүсіпов көтерілді. Таиланд­тық боксшы Вуттичай Юрачайға ол адым аштырған жоқ. Үш раунд бойы дамылсыз қимылдаған жер­лесіміз қарсыласын әбден әбі­герге салды. Сөйтіп, 33 жасында әлем чемпионы атанды. Осыдан бір жарым ай бұрын ғана Теміртас Мәс­кеуде өткен әскерилер арасын­дағы әлем біріншілігінде бас жүлдені олжалаған еді. Міне, енді 

Бел­градта алдына жан сал­мады. Спорт­тық карьерасы аяқ­талар тұста осындай екі бірдей аса ірі жа­рыста жарқын жеңіске қол жет­кізген Жүсіповке алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Іле-шала Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шықты. Осыған дейін айтылған көптеген мақтау сөздерден кейін 20 жастағы қан­дасымыз алтын алады-ау деген ой қылаң берген. Сабырханның өзі де соған сенімді секілді көрінген. Бірақ сын сағатта жас өреннің жүй­кесі сыр берді. Финалда ол білгенінен жаңылды. Иә, Мах­мұдтың үнемі шабуыл өтінде жүргені рас. Алайда одан еш­теңе өндіре алмады. Қимыл-қоз­ғалысы баяулап, сілтеген соқ­қылары көп жағдайда ауа қар­мап қалды. Жас жігіттің «жа­нып кеткені» байқалып тұрды. Есесіне салқынқандылық сақ­таған Томоя Цубои әр соқ­қы­сын есеппен жұмсады. Ол си­рек шабуылдағанымен, өзіне қа­жетті ұпайларды қоржынына салды. Нәтижесінде, Цубоидың есімі Жапонияның боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде спорттық ше­жіреге алтын әріптермен жа­зылды. Ал жеңіс тұғырының ең биік сатысында марқайып тұруды мақсат тұтқан Махмұд Сабырхан күміс медальды мойнына ілгенде көзіне жас алды.

 

Токиода кеткен есесін Белградта қайтарды

Келесі күні тағы екі қазақ жігітінің өнерін тамашаладық. Сәкен Бибосынов өзіне тән мә­нер­де жұдырықтасып, америкалық Роско Хиллді еш қиналмай ұт­ты. Сөз орайы келгенде, То­кио Олимпиадасының қола жүлде­герінің жеребесі өте ауыр болға­нын айта кетуге тиіспіз. Бастапқы бә­секелерде ол Олимпиада чем­пио­ны, Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасанбой Дус­матов, құрлықтық деңгейдегі жарыстарда олжа салып жүрген үндістандық Депак Кумар, Рио Олимпиадасының күміс және Гамбургтегі әлем чемпионатының қола жүлдегері колум­биялық Юберхен Мартинес сын­ды саң­лақтарды сан соқтырды. Осын­дай дүлдүлдерді жолынан ығыс­тыр­ған Сәкен «Штарк Аре­нада» Қазақ елінің Әнұранын шыр­қатты.

Токиодағы сәтсіздіктен кейін Серік Теміржанов ел сенімін ақтау үшін Белградта барын салды. Барлық бәсекені бір деммен өт­кізген ол ақтық сынға дейін ал­қынбай жетті. Бірақ финалда қанша жанталасқанымен Азамат Мақажанов шәкіртінің Джамал Харвиге әлі жетпеді. АҚШ-тан келген 18 жастағы боксшы атойлап ұтпаса да, Серіктің үнемі алдын орап отырды. Әр раунд сайын ұпайын еселеп, нәтижесінде, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Теміржанов күміс медальды қанағат тұтты.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Сербияда өткен әлем чемпионатын 2 алтын, 2 күміс және 1 қола ме­дальмен қорытындылады. Жалпыкомандалық есепте жер­лес­­теріміз тек Куба боксшы­ла­рынан қалып қойды. Бостандық аралының өкілдері 3 алтын мен 2 қола жүлдені олжалады. Үшінші орында – АҚШ құрамасы. Америкалық боксшылар 2 алтын мен 2 күміске қол жеткізді. Бұл ретте Белградтағы бәсекенің қар­­саңында ғана бас бапкерлік қыз­метке тағайындалған Қайрат Сәтжановтың еңбегін айрықша атап өтуге болады. Білікті маман қыс­қа ғана мерзім аралығында бә­секеге қабілетті команда жа­сақ­тай білді. Ең бастысы, Қазақ елінің өрендері әлемдегі ең үздік командалардың алдыңғы легінен көрінді. Чемпионат аяқталған бетте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіс тұғырына кө­терілген боксшыларды құт­тықтап, оларға алдағы жарыстарда да ақ жол тіледі. Жарайсыңдар, жігіттер!