Әміре Қашаубаевтың зиратын жаңарту туралы бастама көтерген Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Айбек Бекбосынов.
«Біздің филармониямыз Әміре Қашаубаев атында болғандықтан әнші атамыздың зиратының қазіргі жағдайын көргім келді. Осы мақсатпен Алматыға арнайы ұшып келдім. Әміренің зираты Алматыдағы орталық зиратта орналасқан екен. Зиратын көріп, оны жөндеп, жаңарту қажет екеніне көзім жетті. Содан өзім танитын Семейдегі кәсіпкер жігіттерге хабарласып, зиратты жөндеу туралы өз ойымды айттым. Олар қолдау білдіріп, осылайша Әміре атамыздың зираты жаңартылды. Әрине айта кетейік, Әміре – ол тек Семей ғана емес, ол бар қазақтың Әміресі», деді облыстық филармонияның директоры.
Әйгілі әншінің жаңартылған зиратының басына Ұлықбек Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Роза Рымбаева Секен Тұрысбеков секілді белгілі әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлері жиналып, құран бағыштап, әйгілі әншінің аруағына тағзым етті. Айта кетейік, Алматының орталық зиратына Әліби Жангелдин, Иса Байзақов, Дина Нұрпейісова, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Ермұхан Бекмаханов, Ахмет Жұбанов, Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Қапан Мусин сынды белгілі тұлғалары жерленген. Еске салсақ, Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.
Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тағы басқалар тарапынан жоғары баға алған.
А.В. Затаевич дара таланттың «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В.Луначарский, Г.Любимовтер және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфуллин, И.Байзақов, Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, Қ.Жандарбековтер жоғары бағалаған. Әміре Қашаубаев жөнінде бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарық көрген.