Сұхбат • 08 Қараша, 2021

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор Мұстафа Шентоп: Қазақстанның жеткен жетістіктері біз үшін де мақтаныш

711 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор Мұстафа Шентоп:  Қазақстанның жеткен жетістіктері біз үшін де мақтаныш

– Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел екені тарихтан белгілі. Екі ел арасындағы қарым-қаты­нас бүгінде қандай деңгейде дамуда?

– Түркия мен Қазақстан арасында ұзақ тарихи, терең мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы берік достыққа негізделген саяси, дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар желісі қалыптасқан.

Түркия мен Қазақстанның аймақ­тық және халықаралық платформалардағы ын­тымақтастығы жоғары деңгейде. Еуразия географиясында бейбітшілік пен тыныш­тық орнату үшін екі елдің басшылығы­мен Түркітілдес елдердің саммиті құрылып, Түркі кеңесі мен ТүрікПА-ның құрылуын­да Түркия мен Қа­зақстан маңызды рөл ойнады. Түр­кітілдес республикалар ара­сын­дағы мә­де­ни қатынастарды реттейтін Түріксой ұйы­мы Түркі кеңесінің құра­мы­на кіреді. Қазақстанда сондай-ақ Халықара­лық Түр­кі академиясы орналасқан. Білім мен мә­дениет саласындағы ынтымақтас­тық – екі ел арасындағы қарым-қатынас­тың маңыз­ды бөлігі болып табылады. Бұл орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лықара­лық түрік-қазақ университеті өте маңызды функ­ция атқарады. Осы тұрғыдан алған­да, Түркістан географиясы үшін де, аймақ үшін де екі дос әрі мәңгілік бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық неғұр­лым мықты болса, түркі әлемі де соғұрлым күш­ті болады. Сондықтан мұны жүзеге асыру­да көп күш жұмсаған Президентіміз Режеп Тайип Ердоған мырзаға және түркі әле­мінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға алғыс айту керек.

Рухани көшбасшы саналатын Қожа Ахмет Ясауи екі ел халықтары құр­мет­­тейтін ортақ тұлға, оның ілімі қа­зақ және түрік әлемінің ортақ рухани құн­ды­­­лық­­тарының нышаны болып табылады. Ғасырлар бойы Ана­долыда өскен Юнус Эмре, Мәулана Джелаледдин Руми, Қажы Бекташ Уәли және Қажы Бай­рам Уәли сияқты басқа да рухани көш­­бас­шы­ларымыз Ясауидің мұра­гер­лері саналады.

Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындағаны – аса ма­ғы­налы әрі маңызды дүние, алайда бұл жерде әсірелейтін нәрсе жоқ. Шын мә­нінде, бұл біздің ортақ тарихымыз бен ба­уыр­ластығымыздың бізге жүктеген па­ры­зының орындалуы ғана.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілуде. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бір нәрсені түсіндіріп кеткім келеді. Иә, мүмкін 30 жыл туралы сөз қозғап отырған шығармыз, бірақ бұл ешкімді жаңылыстырмау керек. Бұл қысқа мерзімнің түбінде мыңдаған жыл­дық тарих пен мемлекеттік дәстүр жатыр. Біз, түркілер, мұны өте жақсы білеміз, се­бебі Түрік қағанатынан бастау алған (Көк түріктер) бұл біздің ортақ тарихымыз.

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері біздің бауырластыққа негізделген қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Біз экономикадан саудаға, мәдениеттен қорғаныс өнеркәсібіне дейін түрлі салаларда көп өлшемді ынтымақтастықты жүзеге асырудамыз.

Соңғы уақытта пандемия салдарынан жоғары деңгейдегі байланыстар­дың мәжбүрлі сиреп қалғаны байқалады. Алайда осы күзден бастап мұның орнын тез арада толтырамыз деп үміттенеміз. Мұның алғашқы қадамы – екіжақты сапар жүзеге асыру әрі Түркі әлемі ел­дері Парламенттерінің Спикерлері жиналатын ТүрікПА пленарлық отырысына қатысу мақсатында 26-29 қыр­күйекте Ата жұртымыз Қазақстанға бару болды. Осы орайда, 2021 жылғы 12 қарашада Ыс­тан­бұл қаласында өткізі­летін Түркі кеңесі лидерлерінің 8-ші сам­миті – Түркі әлемі көшбасшыларын бір шаңырақ астына жинау тұрғысынан үлкен маңызға ие.

– Өткен жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мә­жілісінің құрылғанына 100 жыл толды. Осы тұрғыда, Мәжілістің ел өмі­ріндегі рөлі туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, сіз айтқандай, өткен жылы Түр­кия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің 100 жыл­дығын атап өттік. Әрине, Түркияда заң шығарушы биліктің тәуелсіз пайда болу тарихы ертеректен, яғни сонау алғашқы Парламент (Меджилис-и Мебусан) кезе­ңінен бастау алады.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі – Түр­­кия­­­ның ең алғашқы мәжілісі және қаһар­­­­маны болып табылады. Ол Ұлт-азат­­­тық күресті жүргізген. Мұстафа Кемал Ататүрік ол кезде Түркия Ұлы Ұлт­­т­ық Мәжілісінің төрағасы ретінде Ұлт-азаттық күресімізге көшбасшылық ет­кен. Бұл жағдай түрік ұлтының ерік-жі­гері көрі­ніс тапқан Мәжілісіміздің бас­қа көптеген елдің мәжілістеріне қарағанда ерекше екенін айқындап тұр.

ТҰҰМ осыдан біраз уақыт бұрын, яғни 2016 жылы өзінің жеңімпаз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Фетуллахшы тер­рор ұйымының (FETO) мүшелері 15 шілдедегі төңкеріс әрекеті кезінде біздің Парламентке шабуыл жасауға тырысты. FETO опасыздары ТҰҰМ ғимараты­на ұшақтан үш бомба тастады. Сол түні бар­лық саяси партиялардан шыққан депутаттарымыз сол шабуылға қарамастан Парламентке келіп, опасыздық әрекетіне қарсы тұрды. Қаһарман халқымыз танк­терді жалаң қолдарымен тоқтату арқылы Отанымыз бен Парламентімізді осы опасыз террористік ұйымнан өз өмірлерін қия отырып қорғады.

Дәл 100 жыл бұрын қандай батыл күрес жүргізілсе, 15 шілдеде Фетул­лах­шы террор ұйымы ұйымының мүше­леріне қарсы дәл сондай күрес жүргізілді. Сатқындар мен зиянды қауымдастықтар 100 жыл бұ­рын елімізге «миссия мен қорғау» атын жамылып басып кіруді жоспар­лағандай, дәл сол оқиға 15 шілде­де қайталанды. Бұл ұйымның бір ғана мақ­саты бар екенін көріп отырмыз – өздері шоғырланған елдерді басып алу және өзде­ріне берілген тапсырмаларға сәйкес ұйым­дарының қызметін жү­зеге асыру. Түрік ұлты ретінде біз 15 шіл­деде осы ұйымды және оның құры­лымын Прези­дентіміздің еркімен және ұлтымыздың толық қолдауымен өз жерімізден жұлып алып тастадық. 100 жылдық тарихы бар Мә­жілісіміз қаһарман ретінде екі мәрте тарихтан өз орнын алып, әлемдік демократия тарихында теңдессіз құрметке ие болды. Бұл – өзімізден кейінгі ұрпаққа қал­дыратын ұлы мұраларымыздың бірі.

Осы орайда, бірқатар елде білім беру атын жамылып, қызметін жалғастырып келе жатқан бұл ұйымның әртүрлі мақ­сат­­тары бар екенін және өздері тұратын ел­дерге қауіп төндіретінін атап өткім келеді.

Сіздің сұрағыңыздың екінші бөлігі­не жауап ретінде ТҰҰМ өз тарихынан алатын қайнар күшімен елдің заң шы­ға­рушылық және бақылау қызметі тұрғысынан азаматтарымыздың өмірінде маңызды рөл атқаратынын жеткізгім келеді. Атап айтқанда, президенттік бас­қару жүйесі біздің Мәжілісіміздің өкі­леттігін әлдеқайда кеңейтіп, заң шы­ғаруды толығымен ТҰҰМ мен депу­тат­тарға жүктеді. 600 депутаты бар Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі азамат­тарымыздың өміріне қатысты барлық мәселені барынша егжей-тегжейлі қарастыру арқылы заң шығару билігін мұқият жүзеге асырып отыр.

Бұл тұрғыда біздің Мәжіліс – бар­лық азаматтардың мемлекеттік басқару­ға қатысуға деген ерік-жігерін біріктіре­тін, елімізде бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрудің кепілі болып табылатын ең негізгі институт.

– Қазақстан-Түркия парламентара­лық байланыстары туралы не айтар едіңіз, қан­дай баға берер едіңіз?

– Ұлттық Мәжілістер – тікелей сайлау жо­лы­мен халық өз еркін білдіру арқы­лы таң­далатын өкілдерден тұра­ды. Сон­дық­тан парламентаралық қаты­нас­тар елдер арасындағы саяси қарым-қаты­настар­дан бөлек, гуманитарлық байланыстарды ны­ғайту тұрғысынан да өте маңызды. Түрік-қазақ қатынастарына келер болсақ, онда тіпті Мәжілістердің міндеті одан әрі арта түседі.

Бұл тұрғыда, біз парламенттік дип­­­­ломатия арқылы түрік-қазақ қаты­нас­тарына үлес қосуды мақсат етіп отырмыз. Шын­ды­ғында, Қазақстанға келген мақса­тым­ның бірі де – осы. Бұл тақырып­та қазақ­стан­дық әріптестеріммен толық ке­лі­сетініміз­ді атап өткім келеді.

Әрине, парламентаралық қатынас­тардың да көпжақты өлшемі бар. Біз әр­түрлі халықаралық парламенттік платформаларда Қазақстан Мәжілісімен үнемі байланыстамыз және ынтымақ­тастық жүр­гізудеміз.

Біз түркі әлемі елдерінің Парламент бас­шыларын біріктіретін ТүрікПА-ның қызметіне үлкен мән береміз. 26-28 қыр­күйекте Түркістан қаласында Түрік­ПА кездесулерін өткіздік. Біз Пар­ламент ре­тінде түрік әлемінің ынтымақ­тасты­ғы­ның одан әрі дамуына қосатын үлесі­мізге үлкен ден қоямыз. Біздің пар­ламент­тер арасындағы қарым-қаты­нас қанша­лық­ты күшті болса, біздің халық­тардың жү­ректері соғұрлым бірге соғатын болады.

– Өздеріңіз білетіндей, Түркістан – Түр­кі әлемінің рухани астанасы. Екі жыл бұрын қалаға облыс орталығы мәр­­тебесі бе­рілді. Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімін түрік хал­қы қалай қабылдады?

– Түркия ретінде біз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астаналарының бірі деп жариялау туралы шешімді қолдадық және әрине, қуана құптадық.

Қожа Ахмет Ясауи – Түркия түрік­тері үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де баға жетпес тұлға. Ясауидың Йасы қала­сында жандырған рухани отының ұш­қындары мыңдаған шақырым қашық­тықта Анадолы мен Балқан елдерінде мыңдаған жылдар өтсе де жарқырап тұр. Біз биылғы жылды Ясауи дәстүрін жал­ғас­тырушы Юнус Эмре мен Қажы Бек­таш Уәли жылы ретінде атап өтуде­міз.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ерекше көңіл бөлуімен Түркістанның соңғы жылдары жеткен жетістіктеріне жа­қыннан куә болып отырмыз. Назар­баев мырза – Қазақстан үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де көкжиекті ашатын ұлы көшбасшы. Оның перспективала­ры, қағидалары, еңбекқорлығы мен табан­дылығы үлгі болып отыр. Әлемдегі бей­біт­шілік үшін жасаған қадамдары да өте маңызды. Ол кісінің Түркістанның түр­кі әлемі мен бүкіл адамзаттың мәдени орталығы болуы үшін жасаған істерін де мақтанышпен және ризашылықпен көріп отырмыз.

Түркістанды қайтадан тартымды ор­­талыққа айналдыруда түрік компа­ния­ларының да үлес қосып жатқанын мақтан тұтамыз. Өздеріңіз білетіндей, облысты Қазақстанның басқа аймақ­тары­мен әрі әлем елдерімен байланыс­тыратын Түркістан әуежайының құры­лысын түрік компаниясы жүргізген бо­ла­тын. Дәл осы компания әуежайдың әкім­­шілік жұмы­сын да өз мойнына алды. Сол сияқ­ты қалада­ғы басқа да туристік ны­­сан­дарда түрік кәсіпкерлерінің үлесі бар.

Маған да ТүрікПА отырысы аясында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бару, сондай-ақ Түркістанда­ғы жаңалықтарға өз көзіммен куә болу мүмкіндігі бұйырды. Алдағы уақытта, пандемияның бәсеңдеуімен Түркістанға Түркиядан көптеген туристің баратынына сенімдімін. Негізінен, тікелей рейстер ашылғалы бері Түркиядан Түр­кістанға келушілер санының артып келе жатқанын көріп отырмыз.

– Соңғы кездері күн тәртібінде қы­зу тал­қыланатын сұрақтардың бірі – Ауған­стан мәселесі. Түркияның бұл елге көз­қарасы қандай?

– Біз Ауғанстанмен тарихи тығыз дос­­­тық пен мәдени байланыстамыз. Біз­­дің еліміз Ауғанстанның дамуы мен өр­кендеуі үшін Республика та­ри­хын­­дағы гуманитарлық және тех­ни­­ка­лық қолдаудың ең ауқымды бағдарла­ма­­ларының бірін жүзеге асырды. Ауған­­стан­дағы соңғы оқиғалар аясында тұрақтылық пен бейбітшілікті тезірек орнату маңызды болып отыр.

Түркия Ауғанстанда ауқымды үкімет құруды ол бастан қолдап, барлық ауған­дардың сол үкіметке өздерін тиесілі се­зінуі керек екенін жеткізді. 2021 жылы 7 қыркүйекте жарияланған Уақытша үкімет халықаралық қоғамдастықтың жан-жақтылық жөніндегі үмітін толық ақтай алмады. Елдегі мекемелер мен ұйым­­дардың қызметін жал­ғас­тыру тұр­ғысынан уақытша болса да, үкіметтің жариялануымен басқару­дағы белгісіздікті жоюға тырысатыны түсінікті жағдай. Тұрақты басқару құрылымдарын құру кезінде ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін бүкіл елді қамтитын тәсілмен әрекет ету маңызды. Ауған халқының үмітіне сәйкес халық­аралық қоғамдастықтың үлесімен өткен кезеңде қол жеткізілген әлеуметтік құқықтар мен негізгі құқық­тарға қатысты бостандықтарды сақтау маңызды. Түркия ретінде біз бұл процеске қатысу саясатын қабылдадық. Осы орайда, біздің Кабулдағы елшілігіміз үзіліссіз ашық болды және байланыстарын үзген жоқ.

Қазіргі уақытта алдында тұр­ған те­рең гуманитарлық және эконо­ми­калық дағдарыспен тиімді күресу – Ауғанстан­ның басымдығы болып табы­лады. Бұл кезде халықаралық қауым­дастық ауған халқына қолдау көр­сетуі қажет. Уақыт­ша үкіметтің халық­аралық қолдауды қам­­тамасыз ету тұрғысынан өз әрекетін жан-жақты көзқараспен жүзеге асыруы да маңызды. Түрік Жарты Қызыл Айы Ауған­станда шұғыл гуманитарлық көмек көр­сету жұмыстарын жалғастыруда. Біздің ел бұ­рынғыдай үнемі ауған халқының жанында бола береді.

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы. 30 жылдағы даму деңге­йін қа­лай бағалар едіңіз?

– Біз Қазақстанның жетістіктерін өз жетістігіміз деп білеміз және қол же­т­кі­зілген даму деңгейімен мақтанамыз.

90-жылдардан бастап Қазақстан басшылығы, әсіресе Назарбаев мырза, өз көзқарасын ұсынып, оны жүзеге асыра білді. Елбасы Назарбаев мырзаның көреген жетекшілігімен Қазақстан саяси тұрақ­тылықта, өркендеу мен дамудағы жетіс­тіктері арқасында өз өңірінде және әлемде үлкен мәртебеге ие болды. Қазақ­станның жеткен жетістіктері біз үшін де мақтаныш. Түркі әлемінің ақсақалы Назарбаев мырза өзінің «Абай аманаты» атты мақаласында «барлық қазақ халқы еркін өмір сүретін мекен туралы арманын» жеке өзі жүзеге асырды. Бұл даму бағыты Президент Тоқаевтың басшылығымен жалғасып жатқанын көріп қуанудамыз. Президент Тоқаев саяси, экономикалық, модернизация, мемлекеттік басқару, кедейлік пен сыбайлас жемқорлыққа қатысты ұстанымымен елдің дамуына жаңа серпін бергісі келеді.

Аймақтық және жаһандық оқиғалар жедел өзгеріп жатқан кезеңді бастан өтке­ріп жатырмыз. Мұндай кезеңдерде берік көшбасшылықты, ұлттық бірлік пен бү­тіндікті, тұрақтылықты сақтау маңызды. Қазақстан бұл тұрғыда үлгі көрсететіні сөзсіз. Мұндай кезеңдер – бауырлас елдер ынтымақтастығының маңызы арта түсетін кезеңдер. Түркия мен Қазақстан алдағы уақытта да қос халықтың тілегімен екіжақты ынты­мақ­тастықты тереңдете береді деп сенемін.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»