«Альянс Банк» АҚ басқарма төрағасы Тимур ИСАТАЕВҚА банктегі ағымдағы ахуалға қатысты бірнеше сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.
– Тимур Ризабекұлы, қазіргі жағдайда банктегі ахуал туралы айтқанда оның тұрақтылығы алдыңғы кезекте тұрады емес пе. Сіздердегі осы тұрақтылықтың негіздері неде деп білесіз?
- Альянс Банк тұрақтылығының негіздерін оның Қазақстанның қаржы нарығындағы стратегиялық тұрғыдан қатысуының жиырма жылға жуық тарихы және мықты да әлеуетті басқару тобы құрайды. Банк Бас кеңсежай құрылымын қайта қарады. Бұл арқылы біз бизнес-үдерісті жылдамдату және оның филиалдар үшін, сайып келгенде, Банк клиенттері үшін қолжетімділігін арттыру мақсатын көздеп отырмыз. Келешекте өз жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру және жаңа сапалық деңгейге көтерілу үшін Альянс Банкте барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар деп айта аламыз.
– Алыпқашпа сөздер тудырған СМС хабарламалар жайында не айтасыз?
- Соңғы күндерде Қазақстанның, әсіресе, Алматы мен Астананың тұрғындары неше түрлі күдікті СМС хабарламалар мен WhatsApp Messenger хабарламаларын алуда. Әрине, оларды ниеті дұрыс, адал адамдар жібермегені белгілі. Дәлірек айтқанда, бұл хабарламаларда үш банктің: ЦентрКредит Банктің, Каспий Банктің және Альянс Банктің таяуда тақырға отыратындығы туралы айтылғаны қазір ешкімге құпия емес. Міне, осыған байланысты аталмыш үш банктің және Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының басшылары мен акционерлері бұл ақпараттың арандатушылық сипатын айыптай отырып атап көрсетеді. Әлдебіреулер Қазақстанның қаржы жүйесінде дүрбелең туғызу мақсатын көздегені байқалады. Осындай жағдайда біз, әлбетте, қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Жоғарыдағы үш банк бірігіп ақпараттық шабуылды тойтаруға кірісті, сонымен бірге, құқық қорғау органдарына шағымданды.
– Банктің бұдан былайғы іс-әрекеті, клиенттерге қатысты саясаты жайлы айта кетсеңіз? Өз міндеттемелеріңізді бұрынғысынша орындай бересіздер ме?
- Соңғы күндерде клиенттер тарапынан Банк қызметтеріне сұранымның өсуіне байланысты бөлімшелеріміздің жұмыс кестесі айтарлықтай ұзартылғанын айтуға тиіспін. Өйткені, қызмет көрсетудің жоғары сапасымен әрдайым клиенттердің көңілінен шығу біздің Банк үшін басты басымдық болып қала бермек. Альянс Банк штаттық тәртіпте жұмыс істеуін одан әрі жалғастыратынын атап көрсетуім қажет. Сондай-ақ, қазақстандықтардың - біздің клиенттеріміздің салымдары бойынша да, ағымдағы есепшоттар бойынша да барлық міндеттемелеріміз толықтай орындалмақ. Тағы бір айта кетерлік жай, клиенттеріміздің салымдарын мемлекет, яғни Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры қорғайды. Себебі, акциялардың 67 пайызына ие болып отырған мемлекет, бұрынғысынша, Альянс Банктің басты акционері болып қала береді. Бұл жай да Банк тұрақтылығын, жағдайдың байыптылығын сақтау орайындағы аса маңызды фактор екендігі күмәнсіз.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.