Оқиға • 08 Қараша, 2021

Алматы облысында браконьерден бір тонна балық тәркіленді

512 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр. Рейд кезінде бір тоннаға жуық заңсыз ауланған балықты тиеп алған көлікті ұстады. Жүргізушіде балық аулау және тасуға қатысты өзімен бірге ешқандай құжаттары  болмаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында браконьерден бір тонна балық тәркіленді

«Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері «Мерседес-Бенс Спринтер» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көліктің ішін тексеру кезінде жалпы салмағы бір тоннаға жуық түрлі балық табылды», деп хабарлады Алматы облысы ПД ЖПҚБ ТҚТ ЕТЖ аға инспекторы, полиция майоры Серік Байғозинов.

Алынған балық арнайы қабылдау орнына тапсырылды, ал іс бойынша материалдар одан әрі сотқа беру және заң шеңберінде тиісті шешім қабылдау үшін Балқаш-Алакөл облысаралық бассейн инспекциясына берілді.

«Жалпы есептеулер бойынша аталған көлік құралынан 14 кг көксерке, 21 кг-дан астам сазан балығы және 800 кг-ге жуық табан және өзге де балықтар табылған. Табиғи ресурстарға келтірілген зиян сомасы 523 мың 163 теңгені құрады. Ал 38 жастағы күдікті өз кезегінде кінәсін толық мойындады», деді майор Байғозинов.