Бұл белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Жаңбырлы түн» әнінің қайырмасы. Бәлки, қазір оқып қана қоймай, әуенімен қоса шырқап отырған шығарсыз. Мүмкін өмірдің әлдебір бекетінде қалып қойған махаббатыңыз еске түскен де болар. Онысы несі екен, ә?! Қолшатыр жайлы сөз қаузағанда, көз алдымызға тамшы мен тәтті бір елестер оралады. Бәлкім оның астарында айпара аңыз жатқандығынан болар. Бәлкім жастық шақтың жаңғырығы...
Қазақы танымға салсаңыз, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қолшатыр бұйрығы» дастанын ілікке алып, патша өкіметінің оспадарлығын әңгіме қылуға болатын да еді, бірақ біздің олай жасағымыз келіп отырған жоқ. Қолшатыр – махаббаттың қалқаны, төбеден қарағанда ғашықтардың тоғысар нүктесіндей эстетикалық дүние ғой. Оған үнді халқының қос аңызы куәлік ете алады. Осы бір сүйкімді заттың түпбастауында сол ертегі жатқандай.
Алғашқысы Джамадагни есімді садақшы туралы. Ол даңқты батыр, көз жетпейтін жерден дөп тигізетін мерген болған. Бұл қасиетін сүйген жары қатты бағаласа керек, атқан жебесінің соңынан қуалай жөнеледі екен. Бірде әйелі Ренука тағы бір жебені алып келуге аттанып, ұзақ уақыт кешігеді. Себебі оған күннің ыстығы өтіп, жүруге шамасы келмеген. Бұған ашуланған мерген жарқыраған күнге жебесін жаудырады. Күн батырдан кешірім сұрап, айыбына қолшатыр тарту етеді.
Екінші әпсана тұрмысқа шыға алмай жүрген Зита есімді қыз жайлы. Оның бетінде секпіл болған, оған қоса мұрынының ұшы үнемі қызарып жүреді екен. Қыз бала бұған қатты қысылса керек, үйінен ұзап шықпаған. Құдай Брахма бақытсыз әйелді аяп, оған күннен қорғайтын пальма жапырақтары мен құс қауырсындары бар тұтқаға бекітілген шатыр сыйлайды. Соның нәтижесінде Зитаның терісі жаңарып, өзінің сүйгенін табады. Екі аңыздың қысқаша мазмұны осындай. Бақсаңыз, үнді әдебиетінің ескі дастандары қолшатырды махаббаттың бастаушысы ретінде суреттейді.
Шүбә жоқ, қолшатырды адамзат күннің ыстық сәулесінен қорғану үшін ойлап тапқаны даусыз. Оның шығу тарихына әлі күнге дейін мысырлықтар, қытайлар, тіпті ассириялықтар таласады. Өркениеті ерте оянған ұлттардың әрқайсысында қолшатырға қатысты естеліктер бар. Мәселен, қытайдың «Чжоу Ли» кітабында (б.з.б. XI немесе VIII ғ.) күйме туралы айтылады. Сондағысы күйме үстінде үлкен шатыр орналастырылған екен. «Арбаның қолшатыры аспан сияқты дөңгелек. Қолшатырдағы доғалар – 28, құдды жұлдыздар сияқты» деп жазылған еңбекте. Шамасы, қытай халқы сол дәуірде бірінші рет бүктелетін қолшатыр ойлап тапқан сыңайлы. Оларды император Ван Мэн діни рәсімдерде де қолданғаны туралы айтылады.
Қолшатыр бірте-бірте аксессуардан символдық, тіпті мәртебелі адамдар ұстайтын құнды затқа айналды. Сол заманда адам неғұрлым құрметті болса, соғұрлым түрлі-түсті қолшатыр ұстап жүріпті. Бұл түсінікті жайт, себебі оны көтеріп жүретін қызметшілерінің санынан-ақ бағамдауға болады. Бирма билеушісі атақтарының арасына өзінің «Үлкен қолшатырдың иесі» екенін қосса, Сиам билеушісі өзін «24 қолшатырдың иесі» деп жариялаған. Қолшатырды алтын кестелермен және асыл тастармен безендірген. Ал кедейлер кішірек келген төбесі майланған қағазбен жүрген екен.
Батыс өркениеті Шығыс жаңалығын көне мәдениет жауһары есебінде бағалады. Грекия мен Римде қолшатырды негізінен әйелдер пайдаланды. Себебі олар аты аңызға айналған Зитаның күйін кешті. Күннің ыстығына күймей, аққұба болып қалу үшін қолшатырды қолынан тастамады. Антикалық қолшатырдың пішіні жалпақ конусқа ұқсайды, тұтқасы ортасында орналасқан. Ежелгі Рим ақыны Овидий Назон «Күнтізбе» атты поэмасында осы көріністерді баяндайды. Ең қызығы, ер адамдар қолшатырды тек әйел затына ғана тән аксессуар ретінде санаған. Грек ақыны Аристофан өзінің «Құстар» атты комедиялық шығармасында Прометейді мазақ етіп, оның аспан құдайы Зевстен қолшатырдың астына жасырынып қалғанын жазады.
Ұзақ уақыт бойы қоғам қолшатырды жаңбырмен емес, күнмен байланыстырды. Мұны оның атаулары да айшықтайды. Латынша қолшатыр umbra – көлеңке, ella – кішірейткіш жұрнақ, яғни «кіші көлеңке» деген мағына берсе, французша para – қалқан, sol – күн, демек «күн қалқаны» деген мазмұнға саяды. Ал орыс атауына келетін болсақ, оның шығу төркіні тіпті қызық. Zonnedek сөзін Нидерландтан Ресейге I Петр әкеліпті. Көптеген жаңа голланд сөзі сияқты, ол да теңіз терминологиясына қатысты. Кемелердің үстінде қолданылатын шатырды білдіреді. Кейін сөз айтылуына қарай қысқарып, «зонтик» атауына ие болыпты.
Рим империясы құлағаннан кейін, қолшатыр хикасы Еуропада асқақтады. Ортағасырлық адамдар ежелден күн мен жаңбырдан қалпақ киіп қорғануды әдетке айналдырған. Еуропалық қолшатырдың тарихы үзілгенімен Италияда жұрнағы қалды. Одан кейін аксессуарды Рим өркениетінің мұрагері католик шіркеуі қайта жандандырды. Католиктер қолшатыр туралы XIV ғасырда Қытай мен Үндістанға саяхат жасаған миссионер Джованни Мариньоллидің арқасында білген екен. Оған дәлел ретінде, 1414 жылы неміс данышпаны Ульрих фон Рихенталь өзінің жазбаларында таңғажайып көріністі сипаттайды. Атап айтқанда, Рим папасы XVIII Иоанның Констансқа сапары турасында. Ульрихті патшаның өзі емес, басына үлкен қызыл-сары қалпақты ұстап тұрған артындағы рыцарь қатты таңқалдырған.
Александр VI Борджиядан (1431-1503) бастап, қолшатыр әулие Петрдің билігінің символына айналды. Мәселен, Рим папасы мен император Фредерик Барбаросса арасындағы келіссөзде делдал ретінде қатысқан иттерге дейін қолшатыр астында тұрған. Кейін Наполеон бұл дәстүрді жойды.
Қолшатырдың хикаясы мұнымен бітпейді. Ол Еуропаға енгеннен кейін түрленіп, күннен ғана емес, жаңбырдан да қорғанатын құрал есебінде құны артты. Француз елінде ғашықтардың бір-біріне деген іңкәрлігін бір шатырдың астында білдіру дәстүрі қалыптасты. Романтикалық кештер қолшатырсыз мәнсіз де сәнсіз саналған. Бұл мөп-мөлдір махаббаттың бір бөлшегі іспетті көңілге қуаныш ұялата алды. Екі жастың сезімін ашық білдіруіне жол жасады. Содан да болар, «Жаңбырлы түн» әнін тыңдағанда, қос ғашықтың сырына қаныққандай болатынымыз.