Қазақстан • 08 Қараша, 2021

Масылға мал бітпейді

262 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмайсың деген еңсе көтертпейтін, запырандай ащы, сай сүйегіңді сырқырататын сарнаған сары уайым жиі айтылады. Байыптап қарасаңыз, жұмыс табылмайды емес, табылады. Керісінше, қазір жұмыс берушілер жұмыс істейтін адам таба алмай пұшайман болып отыр.

Масылға мал бітпейді

Табиғаты тамылжыған, топырағы құнарлы, нулы, сулы, әсірелеп айтқанда, жетек шаншысаң, арба өсіп шығады дейтіндей өңірдегі бір кезде сүттей ұйып отырған шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың іргесі неге сөгілуде? Әрине, жол қатынасы, ауыз су мәселесі ішінара кездесіп жататыны бар. Біздіңше, ең бас­ты себеп – халықтың жұмыстан қол үзіп қалуы. Бір кездегі әдемі еңбек дәстүрінің тіні сөгіліп, қожырағаннан кейін ілгері басқан қадам кері кетіп тұр.

– Егер жұмыс күші жеткілікті болса, зауыт өнімін екі есе көбейтуге мүмкіндік бар. Қолбайлау болып тұрғаны – жұмыс күшінің жетімсіздігі. Әйтпесе, қазір біздің өнімімізге сұраныс та көп қой. Зауыттың жұмысшыларына төрт мезгіл тегін тамақ береміз, төңіректегі ауылдардан қатынап істейтіндерді әр күн сайын 10 литр бензинмен қамтамасыз етеміз. Жалақы қаншалықты жұмыс істейтіндеріне байланысты, орташа есеппен 200 мың теңгеден айналады. Бүгінгі таңда 2,5 мыңға жуық адам тұратын елді мекеннен кішкентай зауытта жұмыс істейтін 60 адам таба алмай, жігеріміз құм болып отыр, – дейді Бозайғыр ауылындағы кірпіш зауытының директоры Шатлык Иминов.

Зауыт директорының айтуына қарағанда, уақытша істейтін адамдар еңбекақысын күн сайын талап етеді екен. Мәселен, таңертеңнен кеш­ке дейін жұмыс істесе, бірден есеп айырысу керек. Қолына ақша тигендер келесі күні келмей қалуы әбден мүмкін. Ал ауылдық жерде 200 мың теңге таза табыс тапса, тәп-тәуір нәпақа емес пе? Күніне төрт мез­гіл тамақ ішсе, көлігіне бензинін құйып алса, одан өзге қандай жақ­сы­лық тілейсің. Ауылда адам жоқ дейтіндей де емес, қол қусырып қарап отырғандар жетіп артылады. Енді осы көріністі ақыл тара­зысына салып қалай бағалауға болар еді?!

– Қазір мемлекет тарапынан ауыл­ға көп көңіл бөлінуде. Ауыл тұр­ғындары «Сыбаға», «Алтын асық» тәрізді бағдарламалары арқы­лы несие алып, төрт түлік малды көбейтуге, жеке кәсіптерін ашуға, оң жамбасына келетін мамандықты игеруге әбден болады ғой. Оңай жұмыс емес, бірақ қол қусырып қа­рап отырған адамға игілік үйіріле ме? Кейбіреулер мемлекет тарапынан берілетін әрқилы жәрдемақы­ға иек сүйеп алған. Әрине, көмек­тің көрсетілгені дұрыс. Дегенмен ертеңін ойлаған адам тырбанып тіршілік етер еді. Он екі мүшесі сау адамдардың саусағын қимылдатпай отыруы жақсылық емес. Қашанғы «алма піс, аузыма түс» деп жамбас­тап жата беруге болады. Егер ден­сау­лығында кінәрат болса бір сәрі... Біз осы замандастарымызды ма­сылдыққа тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Алдыңғы буынның әре­кетсізді­гін көрген кейінгі жас кімнен өнеге алмақ? – дейді еңбек ардагері Айдар Құспанов.

Осындай келеңсіз көріністің бірін Жақсы ауданынан жолықтырдық. Ауылда тұрған соң жалғыз егін ша­руа­шылығымен ғана емес, мал ша­руа­шылығымен де айналысқанды құп көретін шаруашылық басшы­лары баршылық. Мұндай ықылас­тың тиімді жағы өте көп. Қос саланы қатар алып жүрсе, ауыл адамда­рына қысы-жазы жұмыс болар еді. Жастардың механизатор ма­ман­ды­ғын меңгеруден ат-тонын ала қа­шудың бір себебі осында. Айта­лық, қандай білікті механизатор бол­­саң да, көктемгі егіс, күзгі орақ ке­зінде ғана жұмыс істеп, табыс та­басың. Қалған уақытта жұмыс таба алмай бос отырғандықтан, ауыл­шаруа­шы­лығы үшін осы ма­ман­дықтың қадірі қашып тұр. Ал «Вик­тор» шаруа қо­жалығының басшысы Вадим Витт сауыншы таба алмай сергелдеңге түсуде.

– Бағымдағы жергілікті тұқымды қара малды түгел сатып жібердім, – дейді шаруашылық басшысы, – асыл тұқымды мал ұтымды. Өзім егін шаруашылығымен айналыс­қан­дық­тан, мал азығын молынан қамдап алуға толық мүмкіндігім бар. Бірақ малшы мен сауыншы табылмай, жігерімді құм қылып тұр. Мен сауыншы табылса, айына 120 мың теңге еңбекақы төлер едім. Сауыншы таңертең, түсте, кешке төрт жарым-ақ сағат жұмыс істейді, түскі асы тегін, сиырлар аппаратпен сауылады. Бірақ соның өзінде де белсеніп шығатын адам жоқ. Бір түсініксізі, осы ауылда тұратын кейбір отбасылар менен қаймақ, ірімшік, сүт сатып алады.

Ұшы-қиырына көз жетпейтін ша­­бындығы мол, жайылымы жет­кі­лікті Жақсының жалпақ дала­сын­да тұрып мал бақпайтын ауыл тұр­­ғындарының тіршілігі еш­бір қи­сынға келмейтіні даусыз. Жал­пақ жұртты жалқаулық меңдеп кетті десек, ащылау. Әлде отбасын асы­рап, қаршадай балаларын қа­тар­дан қалдырмай же­тіл­дірудің жауап­кершілігі жоғалғаны ма?!

– Жалпақ жұртты еңбекке жұ­мыл­дыру өте өткір мәселе екені бел­гілі, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Кешегі Кеңес заманында елдің болашағына қатысты осы іске айрықша мән берілетін. Көкшетау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезімде ауданның еңбек озаттарын білім ошақтарына апарып, жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізетін едік. Еңбек озаттарының тағылымды әңгімесін тыңдаған жас толқын кім ақ адал еңбек етсе, жүзі жарқын болатынын, ел құрметіне бөленетінін саналарына құйып алатын. Қарапайым еңбек адамдарына да өлшеусіз құр­мет көрсетілді. Олардың еңбектен тотыққан, күн сүйген бейнелері ­құр­мет тақталарында тұрды, бас­пасөзде үзбей насихатталды, кеуде­леріне орден-медаль тақты. Сол кезде Қо­ныспай ауылының тұрғыны Үміт Әбілова екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, дән аялаған Социа­листік Еңбек Ері Сартай Жұ­ма­ғалиевтің атақ-даңқы жер жарып тұрды. Мұндай мысалдар өте көп-ақ. Мектеп оқушыларының көр­кем­өнерпаздар үйірмелері науқан­дық жұмыс кезінде мал базарында, қызыл қырманда, жұмыс қайнап жатқан егістік алқаптарда ағала­ры мен апаларының алдында өнер көрсетіп, еңбек тынысымен танысуға мүмкіндік алатын. Бұл да – тәрбиенің бір саласы. Бүгінгі таңда еңбек адамдарын құрметтеу кемшін. Мәселенің түп-төркінін бәлкім осы жерден іздеуіміз керек шығар. Ел еңсесін тіктейтін ерен еңбек дәстүрінің сол­ғын тартуы бері қойғанда болашақ үшін қауіпті. Қазіргі жастар аяқ астынан және жан қинамай мол қаражат тапқысы келеді. Әрине, бай болған жақсы шығар, бірақ маңдай теріңді төгіп, теңгені тиыннан құрағанға не жетсін?!

Таяуда ғана Бурабай ауданын­да болып қайттық. Ағайынды Әбді­рах­мановтар Атамекен ауылында тауарлы сүт фермасын ашып, үл­кен еңбектің ұйытқысы болып отыр. Асыл тұқымды симменталь сиырларынан тәулігіне 25 литр­ге дейін сүт сауып, табысқа кене­луде. Қарақан басы ғана емес, кіндік қа­ны тамған топырақтың ажарлануы­на хал-қадерінше қолұшын беруде. Ауыл көшелерін абаттандырып, білім ошағын қаржылай демеп, көп-көрім септігін тигізуде. Серік­тестік басшыларының айтула­рына қарағанда, жалғыз-ақ қолбайлау бар, бұл – жұмыс күшінің жетіспеушілі­гі. Тауарлы сүт фермасы етек-жеңі кең пішілген ауыл іргесінде қо­ныс­­танғанымен, механизатор мен сауын­шыға зәру. Тіпті осы екі ма­ман­­дық­тың иелері қасқалдақтың қа­нын­дай таптырмайды десе де болғандай.

– Мал дәрігері табылса, айына 500 мың теңге еңбекақы төлер едім, – дейді серіктестік басшысы Болат Әбдірахманов.

– Шын айтасыз ба? – дейміз біз, – ауыл түгіл қаладағы сирек мамандық иелерінің уысына түсе бермейтін айлық еңбекақының көлеміне шынымен таңырқап.

– Әрине, – дейді серіктестік басшысы, – біздің бағып отырған малымыз асыл тұқымды, қымбат мал. Егер сауыншы табылса айына 150 мың теңге еңбекақы төлер едім. Қазір төрт үй бос тұр. Келген адамға өзі қалаған үйді атына бірден жазып беремін.

Қоңыр күзде тілек білдірген бір адам табылыпты. Сауыншы та­былғанына жерден жеті қоян тап­қандай қуанышы қойнына сыймаған шаруашылық басшысы алдында уәде еткендей барлық жағдайы жасалған тұрғын үйді басы бүтін атына жазып берген екен. Бір аптадан кейін алдымнан жұмыс үркіп отырады деп уәде еткен сауыншысы айнып қа­лыпты.

– Үйді қайтарып алдыңыз ба? – деп сұраймыз біз.

– Жоқ, әйел адаммен бет жыртысып жүремін бе? – дейді ол.

Міне, осындай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Жақсы мысал емес, жаныңды жүдететін, жұртым үшін налитын, көлеңкесі көп көрініс. Қаншама нақты мысалды ақыл таразысына салып пайымдағаныңыз-­­
бен, сойылдай сұрақтың нақты жа­уабы ­табылмай тұр. Ендігі арада жел­кілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа еңбек атты құдіреттің мәні мен маз­мұнын шегелеп ұғындырмасақ, төрт құбы­ламыз теңесе қоймайды.

Халқы тығыз қоныстанған оңтүс­тіктен бастау алған көш басын сол­түстікке бұрған жұрт Солтүстік Қа­зақ­стан мен Павлодар облыстарына қоныс аударуда. «Елге ел қосылса құт» дегендей, жалғыз жұмыс күші ғана емес, тілі тұтқырланып, салт-дәстүрі селкеу тартып бара жатқан өңірдің рухани әлеміне жылы ағыс, жаңа леп қосылып, өңірдің өңі кі­ріп қалғандығын көріп отырмыз. Алдағы уақытта ауылдағы адам са­ны жыл өткен сайын азайып бара жат­қан Ақмола облысына да оңтүс­тіктен құйылған ұлттық ұстанымы мықты өзеннің арнасын бағыттар ма еді. Жер емшегін емген еңбеккер қауымның ісі де өнеге болсын деп...