Білім • 09 Қараша, 2021

Балаларды қолдаудың жарқын үлгісі

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nazarbaev ortalygy балаларды дамыту мекемесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған халықаралық турнирдің финалдық ойыны және марапаттау рәсімі өтті.

Балаларды қолдаудың жарқын үлгісі

«Кім білгіш?» ойыны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті.

Шараға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орын­басары Әлкей Марғұланұлы және Мем­лекеттік тілді дамыту қо­ры­ның ди­ректоры Азат Шауеев қатысты.

Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту, оқушылардың мәдени және бі­лім деңгейін көтеру, сондай-ақ мек­теп оқушылары арасында бос уақыт­ты тиімді ұйымдастыруға ықпал ету.

Айта кетейік, «Кім білгіш?» турнирі 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алдыңғы ойындардың қорытындысы бойынша турнирге еліміздің әр өңірінен 45 мыңға жуық жоғары сынып оқушылары қа­ты­сып, олардың 53-і «Жылдың ең ақыл­ды оқушысы» атағына ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқару­шы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы «Турнир­дегі жеңістеріңіз жеке дамудағы кезең­нің бірі. Сіздерге жарқын жеңіс­тер, өмірде білімді әрі табыс­ты болуға септігін тигізетін жаңа білім­ді меңгеруді тілеймін!», деді құттықтау сөзінде.

Турнир жазғы демалыс кезін­де екі кезеңде онлайн түрінде өтті. Жеңімпаз болған ойыншылар Нұр-Сұлтан қаласында өткен финалдық ойынға қатысты. Финалға ең көп ұпай жинаған 10 ойыншы шықты. Ойын барысында қатысушылар таңдалған тақырып бойынша сұрақтарға жауап беріп, білгірліктің жоғары деңгейін көрсетті. Іс-шара балаларға бәсекелестік рухын сезінуге және білімдерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Осылайша, қазақ тілді ойыншылар арасында:

1-орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №74 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Бақытжан Шекеров, 2-орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №74 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аяулым Кенжебекова, 3-орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Мақсат Тілектес ие болды.

Орыс тілді ойыншылар арасында:

1-орынды Екібастұз қаласы, Облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған көптілді ли­цейі­нің 10-сынып оқушысы Арғын Мысанов, 2-орынды Павлодар облы­сы, Ақсу қаласы, №4 орта мек­тебі­нің 10-сынып оқушысы Амина Бек­тасова, 3-орынды Ақтөбе қаласы, Әлімхан Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Анеля Изденова алды.

Финалға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығымен және «Жыл­дың үздік оқушысы» атағы­мен Түркістан облысы, Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қарақат Жүсіп, Шымкент қаласы, №37 Фурқат атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұржан Қоныс­бек, Түркістан облысы, М.Әуезов атындағы IT-мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұрайым Жол­тай, Түркістан қаласы, Н.Оң­дасынов атындағы Түркістан маман­дан­дырылған мектеп-интернаты­ның 11-сынып оқушысы Шұғыла Жарыл­қасын марапатталды.

Турнирдің жеңімпаздарына «2021 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук және смартфон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.