Қоғам • 09 Қараша, 2021

Алматы жастарының саяси мәдениеті қай деңгейде?

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында «Мәңгілік Қазақстан» қо­ғам­дық қоры Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қол­дауымен «Алматы қаласындағы жастардың саяси мәдениетінің қа­лып­­тасуына ықпал ететін факторлар» атты стратегиялық сессия өткізді.

Алматы жастарының саяси мәдениеті қай деңгейде?

Сессияның фасилитаторы, Фи­лос­офия, саясаттану және дінтану инс­титутының ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов сөз басында жастардың саясаттағы рөліне тоқталып, белсенді жастардың үлес сал­мағы Алматыда бас­қа­лар­мен салыстырғанда әлде­қайда жоғары екенін сөз етті.

Алғашқы болып сөз тізгіні тиген Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әміребаев саяси мәдениеттің ұлттық негіздері бар екенін қаперден шығармауға шақырды. «Саяси мәдениеттің іргесі ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Оны елемей саяси мәдениетті дамытамыз деу бос әурешілік болады» дейді ол.

Зерттеуші, ғалым Алмасбек Ша­ғырбаевтың ойынша, қазіргі таңда жастардың саяси көзқарасына әлеуметтік желі қатты әсер етіп жат­­қан жоқ. Ол жақта әртүрлі топ­тар­дың мүддесі тайталасып жат­қандықтан, жастар оларға еріп, қате саяси ұстанымға ұрынып жатады. Сол себепті жастар өз саяси мәдениетін әлеуметтік желідегі жа­уап­кершіліктен бастау керек екенін атап өтті.

Азаматтық белсенді, былтыр елімізде өткен Парламент сайлауында бақылаушы болған Асылтай Тасболат жастардың саяси мәдениеті еркіндіктің арқасында қалыптасады деп есептейді. «Бала өсе келе ата-анасынан тәуелсіз болып, жеке-дара ұстаным иесі атанатынын ескерсек, жастар да есейе келе мемлекеттің саясатынан бөлек өз бетінше саяси мәдениет қалыптастырады. Оларға мемлекет өз саясатын таңбай, еркін қалыптасуына жағдай жасауы керек. Саяси мәдениет мәжбүрлікпен қалыптаспайды, еркін таңдау идеялары арқылы қалыптасады» деп пікірін білдірді А.Тасболат.

Философия, саясаттану және дінтану институтының тағы бір ға­лымы Дамир Фазылжанның сөзіне құлақ түрсек, цифрландыру үрдістерінің жастарға ықпалы орасан. «Жастардың жаңа құрылғылар мен цифрлы бағдарламаларды оңай меңгеруі көңіл қуантатын жағдай, бірақ олар сонымен қатар тұтынушы. Қандай ақпарат алады, соны тұтынады. Нені тұтынады, со­ның ықпалына түседі» дейді ол.

Сессия соңында фасилитациялық тақта негізінде арнайы ұсыныстар мен шешу жолдары әзірленіп, ол құ­зырлы мекемелерге жолданатын болып келісілді.

 

АЛМАТЫ