22 Ақпан, 2014

Қазыналы өңір қадамдары

287 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_1733Өңір экономикасының ілгері қадам басып келе жатқанына мысал көп. Алайда, оны өңір басшысының аузынан есту бір бөлек. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің жылдық есепті баяндамасында кел­тір­ген деректерді естігенде бұған тағы да илана түстік. Қойнауы құт, жері бай өңір­дің бір жылда қол жеткізген табыстары, сондай-ақ, болашақ атқарылар шаруа­лар туралы айтылғанда алқалы жиынға қаты­су­шылардың имандай ұйығаны анық. Рас, бірталай деректер мен айғақты мысалдар келтірілді. Соның ешқайсысының да жоққа шығарылмағанына қарағанда облыста бір жылда бірқатар шаруалардың атқарылғаны аңғарылады. Өңір басшысы облыстың экономикалық дамуын ілгерілету жолдарын Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­ла­шақ» атты Жолдауымен сабақтастыра баян­дады. Мәңгілік Ел болу үшін әркімнің маңдай терлетіп еңбек етуі керектігін алға тарта сөйледі. Өткен жыл өңір үшін табысты болды. Өнеркәсіптің өсу қарқыны 102,5 пайыз құрады, бұл еліміздің орташа көрсет­кішінен жоғары. Өткен жылы облыс-­ та 1352,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Облыс экономикасына 0,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға көп. Облыс инвестиция тарту көлемі бойынша аймақтар арасында үшінші орынға шықты. Өңір басшысының айтуы бойынша, Индустрияландыру картасы аясында бүгінгі таңға дейін жалпы сомасы 301,8 миллиард теңге болатын 70 жоба пайдалануға берілді. Осы жобалардың жүзеге асырылу барысында 6,0 мың жұмыс орны ашылды. Өткен жылы жалпы сомасы 115,1 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды іске қосудың нәтижесінде 236,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Архимед Бегежанұлы индустриялан­дырудың екінші толқыны ретінде бірқатар жобаларды атап өтті. Оның ішінде, үстіміздегі жылы іске қосылатын жылдық қуаты 430,0 мың тонна рельс арқалықтары өнімдерін шығаратын, сондай-ақ, жылына 6 миллиард текше метр газ өңдейтін №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Жылдық қуаты 440,0 мың тонна жоғары көміртекті ферроқорытпа өндіретін зауыт та өңір экономикасына серпін береді деп күтілуде. Үстіміздегі жылы индустриялық аймақтың инженерлік-коммуникациялық құрылымдарының құрылысын бастау көзделуде. Оған 3,0 миллиард теңге қаралған. Индустриялық аймаққа жалпы инвестициялық сомасы 500 миллион АҚШ доллары болатын 15 өндіріс орналастырылады. Облыс әкімі өңірде шағын және орта бизнестің дамып отырғанына көңіл аударды. Қазіргі таңда осы салада 120,2 мың адам жұмыс істейді. Бұл 2012 жылға қарағанда 12,6 пайызға көп. Олар 431,4 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 115,6 миллиард теңге салық түсірді. Облыс әкімінің сөзінен аңғарылғандай, ауыл шаруашылығы саласында да іргерілеу бар. Аймақта гектар түсімділігі жоғары, бағасы қайтарымды дәнді дақылдарды өсіруге бағыт ұсталуда. Соның ішінде малазығындық және майлы дақылдарды өсіруге басымдық берілуде. Облыстағы мал шаруашылығын да­мы­тудың баянды бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2016 жылы 10 мың тонна, ал 2020 жылы 16 мың тонна етті экспортқа шығарудың мүмкіндігі бар. Баяндамашы облыс орталығының азық-түлік белдеуін құру және жылыжай ша­руашылығын дамытудың, сондай-ақ аймақтың көкөніс өнімдеріне деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету жайын да түсіндіріп өтті. Ақтөбе қаласы агломерациялық орта­лық болып табылады. Аймақ басшысының айтуынша, Ақтөбе агломерация аумағына 6 ауданның 70 елді мекені кіретін болады. Сондықтан мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы жалпы көлемі 461,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыста әлеуметтік мәселелерді шешуге де баса көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 95 жасөспірімге пәтер берілді. Облыста елді мекендерге көгілдір отынды жеткізу қарқынды жүргізілуде. 12 аудан орталығының 8-не газ құбырлары тартылды. Өңір басшысы басқа тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің жағдайына тоқталып өтті. 2013 жылы 5,3 миллиард теңге болатын 25 сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосу жұмыстары атқарылды. Архимед Бегежанұлы облыстағы автокөлік жолдарын күрделі жөндеу және қайта жарақтандыру мәселелерін де айналып өтпеді. Бұл бағытта да ілкімді істер атқарылып жатқанын жеткізді. Оған облыс аймағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің мерзімінде пайдалануға берілгенін нақты мысал ретінде келтірді. Әкім есебіне қатысқандар облыста білім және денсаулық саласындағы қол жеткен табыстарға көз жеткізді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі балалар мекемелерін және спорт мектептерін салуда алға басушылық бар екені көңілге тоқылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің есепті баяндамасының тезистері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Көп­шілік орындарда халықтың сауал- сұрақтарын қабылдауға арнайы жәшіктер де орнатылды. Өңір басшысы сөзінің соңында облыс тұрғындарынан түскен сауалдарға тұшымды жауап қайтарып, қай мәселенің қаншалықты шешілетінін нақтылап айтты. Облыс әкімінің блогына 30, арнайы қойылған жәшіктерге 35, есеп кезінде 19 сауал түскен. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындардан түскен сауалдардың бірқатарына сол бойда жауап беріп, қалғандарының да нақты жауабы болатынын жеткізді. Соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, әлеуметтік сала, шағын және орта бизнес өкілдері, ірі кәсіпорындар басшылары, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары басшылары, әр деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысқан жиында қазыналы өңірдің бүгіні және ертеңгі игерілер игіліктері жан-жақты айтылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,  «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.